МӘРТЕБЕҢ АСҚАҚТАСЫН, «АТАМҰРА»!

Еркіншілік орта мектебіне жиылдық. Ауылдастар мен қонақтар көтеріңкі көңіл-күймен, ізгі ниетпен өзара төс түйістіре,  біртіндеп ішке еніп жатыр. Бұл Елбасы жария еткен Алғыс айту күні болатын.
Өткен ғасыр бедерінде Сағынайдың асы өткен, Құлагердің табанының ізі қалған, кеңес дәуірінде маңдайалды шаруашылықтың бірі болған қастерлі өлке қойнауынан талай құпияны тануға әбден болады. Сол кезеңде Ерейментау автокөлік кәсіпорнының автоколоннасы жұмыс істеді. Еркіншілік элеваторы, теміржол стансасы, жанармай базасы әлі күнге дейін жұмыс істеуде. Еліміз Тәуелсіздік алған тұста алыс шет елден қоныс аударған қандастарымыз қатарымызды толықтырды. Бүгінде олардың бәрі ұрпағы өсіп-өнген, кәсібін дөңгелеткен, ақарлы-шақарлы шаңырақ иесіне айналды. 
Межелі уақытта білім ордасында өтетін «Атамұра» музейінің тұсаукесерін тамашаладық. Еңбек ардагері Жамал апа Хамзина мен аудан әкімінің орынбасары Абай Әлжанов дәстүр бойынша жаңа мекеменің лентасын қиды.
Сәнімен безендірілген киіз үй, қыздың жиған жүгіндей жайғастырылған тұрмыстық бұйымдар, ат әбзелдері, музыкалық аспаптар, зергерлік бұйымдары, өткен ғасырдың күміс ақшасы, майдангер аталардың,  еліне еңбегі сіңген аға-апалардың ғұмырбаян деректері – бәрі-бәрі замана дәуірінен мол сыр шертеді. Шағын экскурсия көңілден шықты, айтылған әңгіме баршаның жүрегіне жылы тиді, көңілде айтарлықтай әсер қалдырды. 
Жиналыс залына шақырылдық. «Әнім сенсің, жырым сенсің, туған ел!» мерекелік концертінің прологын Мұрат Тимур жетекшілік ететін ер балалар хоры ашып берді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өлеңіне жазылған Бекболат Тілеуханның «Елім менің» әнін, айтыс ақыны Дәулет Ерланның тарихи тұлғаларды шумағына негіз еткен суырыпсалма арнауын баршасы жылы қабыл алды. Жеке дауыста, жұптаса шырқалған көпке танымал әуендерге, «Гүлдер» тобының биіне, халық қаһарманы Роза Бағланованың репертуарындағы екі тілде қатар орындалған «Ах Самара городок» әніне  көрермен қауым ықыласпен құлақ түрді. Өнер қайнарының ауылда екенін тағы бір мәрте паш етті.
Шаршы топтағы меймандар: Төлеген  Әбдин, Сара Дүйсембаева, Ғалия Сырымбетова, Манап Әдірешев «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығымен, Елбасының директивалық құжаттарымен үйлесім тапқан бүгінгі рәсімді жоғары бағалады.  Ұлағатты ұстаз Теміртас Ахметов, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сайлау Жылқыбаев әңгімені сабақтай келе, өздерінің авторлық кітаптарын тарту етті.
Өнегелі де мәнді игі іске демеушілік көрсеткен ауыл азаматтары, аудан әкімдігі, аудандық білім бөлімі, тарихи-өлкетану музейі  екенін естідік. Мектеп директоры Бақыт Исатаева бір топ кәсіпкер жерлестерге:  Қанат Көшербаевқа, Мекей Жәнібекке, Сабырбай Қожақовқа, Жаңабай Хамзинге, Абылайхан Сырымбетовке ризашылық ниетпен аудан әкімінің Алғыс хатын ұсынды.
Музейдің келешекте ауыл баласына ел мен жер тарихынан мол мағлұмат беретін, келешек жастардың туған жерге сүйіспеншілік, патриоттық-ізгілік негізін қалайтын  шежірелі-тағылымды, мәдени-білім ордасына айналары хақ.
Бұл күні аудандық білімі бөлімінің басшысы Совет Нұрғазиннің жетекшілігімен жалғасатын семинар-педкеңеске жиналған он төрт мектептің директоры игі шараны бірге тамашалады.
Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ