МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ЖЕТІСТІГІМІЗ

№2 орта мектеп-лицейдің 11 «Б» сынып оқушысы Камила Шиптенко өз ұстазы Гүлден Жапабаеваның жетекшілігімен дарынды балалардың республикалық конкурсына қатысты. Ұйымдастырушы – Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі жанындағы «Science Stars» британ кеңесі. Конкурсқа Қазақстан мектептерінен жалпы 200-ден астам оқушы өтінім жолдаған. Біздің жерлесіміз үздік ондық қатарына ілікті, бірінші орын алды.
***
Алғыс айту күні ауданымызда алғаш рет «Бала Арманы» ортақ атауымен қайырымдылық балы ұйымдастырылды. Бастама иесі – әкімдіктің ішкі саясат бөлімімен бірлескен аудандық іскер әйелдер кеңесі. Негізгі мақсат өмірлік қиын жағдайға кезіккен отбасыларға қаржылай көмек көрсетуге арналды. Ер бала Ислам Хасеновқа ота жасатуға Түркияға баруға демеушілік көмек көрсетілді. Өрттен зардап шеккен Анжела Землянойдың отбасына біраз қаржы бөлінді. Өзге ақша әрмен қарай сауығу мақсатында Әлинұр Хабибулинге ұсынылды. Қайырымды жандардың бәріне ризашылығымыз шексіз!
****
Қыстың соңғы күні Үмбетей жырау атындағы аудандық мәдениет үйінде Жастар жылына арналған шаралар шеңберінде әртүрлі халық шығармашылық ұжымдары бақ сынаған «Ақмола жұлдыздары» Гала-концерті өтті. Бағдарлама репертуары шығармашылық өнердің түрлі жанрымен байытылды. Қолданбалы өнер шеберлерінің дайын өнім көрмесі айрықша орын алды. Өткізілген аудандық байқаудың нәтижесі жария етілді. Бозтал ауылының, «Жұлдызай» балабақшасының, №1 орта мектептің, №8 АТК-нің өнер иелері 3 құрметті орынды иеленді. Бестоғай ауылдық округі, №1 негізгі мектеп, №3 орта мектеп, №4 орта мектеп екінші құрметті орынға шықты. Күншалған ауылдық округі, «Сказка» балабақшасы, Бөгенбай атындағы қазақ орта мектебі бірінші орын алды. Еркіншілік ауылдық округіне, «Болашақ» балабақшасына, №2 орта мектеп-лицейге Бас жүлде бұйырды. Құттықтаймыз!
Қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесі бойынша жүлделі орын келесідей тәртіппен үлестірілді: 3 орын – «Жұлдызай» балабақшасы, Күншалған ауылдық округі, №2 орта мектеп-лицей; 2 орын – «Сказка» балабақшасы, Еркіншілік ауылдық округі, №4 орта меткеп; 1 орын – «Болашақ» балабақшасы, Торғай ауылдық округі, Бөгенбай атындағы қазақ орта мектебі.
****

8 Наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Үмбетей жырау атындағы аудандық мәдениет үйінде аяулы аналарға, әжелерге арналған тартымды да қызықты, көңілді де әсерлі концерт өтті. Бұл жолы қаладағы Балалар шығармашылық үйі шәкірттерінің өнерін тамашаладық. Ата-аналар қауымдастығы, түрлі топтағы балалар мен мекеме ұжымы кішкентайлар мен үлкендердің қаншалықты дарынды екеніне көз жеткізді. Жаңа би қойылымы, сәнді костюм, танымал ұжымдар мен тырнақалды өнер иелері көрерменнің көзайымына айналды. Ересек бишілер тобы жуырда ғана Қарағанды қаласында өткен «Happy Land-2009» конкурсының Бас жүлдесін ұтып алған болатын. Мекеменің ұстаздары мен шығармашылық ұжымын қол жеткізген табысымен құттықтаймыз.
Дайындаған Раушан БАРЖАҚСЫ.