ҮМІТ ТҮБІ – ЖАҚСЫЛЫҚ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ақпанның соңында ел Үкіметінің жаңа құрамын таныстырды. Ең мәртебелі де жауапты – Білім және ғылым министрі лауазымына бірегей нәзік жанды тұлға Күләш Шәмшидинова ұсынылды. Бұл замандастарымыздың кәсіптік білігіне, мемлекеттік қызметтің кез келген саласында тапсырылған іске адалниетті көзқарасына нық сенім жүктелгенінің анық айғағы.
Ауданымызда үш келіншек – Сәуле Сұлтанова, Шәку Қожанова, Алмагүл Мұстафина округ әкімінің аса жауапты міндетін атқарып келеді. Олардың әрқайсысы өзіндік ұстанымымен, ауыл халқының тұрмыс-тіршілігіне етене жақындығымен, жерлестерінің әл-ауқатын жақсартуды көздейтін ізгі ниетімен дараланады. 8 Наурыз – әйелдер мерекесі күні қарсаңында мемлекеттік қызметкер, Өлеңті ауылының әкімі Алмагүл Жақсылыққызы Мұстафина жайында әңгімелеуді жөн көрдік.
Түрлі кеңесте, халық алдындағы есепті кездесуде, аудандық, облыстық мәндегі мәдени-көпшілік шараларда жаңағы замандасымызға назарымыз ауғаны анық. Орта бойлы жас келіншектің елгезектік ниеті, байсалды, салмақты сөзі, биязы мінезі бірден көңіл аудартады. Өзіндік ой-пікірі, пайым-ұстанымы бар екенін аңғартады. Алмагүл Жақсылыққызы Ереймен өңірінің тумасы. Екі мәрте жоғары білім алған. Әуелде тауар айырушы-ұйымдастырушы, ізінше инженер-сарапшы мамандығын меңгерген. Еңбек қызметін «Горный» кеңшарының экономисі лауазымынан бастаған. Тұрмыс құрған, бүгінде отағасымен бірге үш перзент тәрбиелеуде. 2003 жылдан Өлеңті ауылдық округінің аумағында қызмет жолының бүкіл баспалдағын өткеріп келеді. Жетекші маман, маман-бухгалтер, бас маман лауазымын иеленді. Сол себепті өңірдегі қызмет спецификасы оған анық белгілі. Өз тәлімгері, округтің бұрынғы әкімі Балтабай Төлетайұлы Хосыбаевтан мол тәжірибе үйренді. Ауылдық округтің әкімі халықпен тұрақты жұмыс істейді, сондықтан көпшілікті толғандыратын өзекті мәселеден ұдайы хабардар. Көшеге шам орнатуға, халықты жұмыспен қамтуға, ауыл клубын қалпына келтіруге, станса мен ауыл арасындағы жолды тегістеуге, Ойнақ көлі аумағында бөгет орнатуға, мал азығы даярланатын суармалы шабындық жабдықтауға лайықталған мәселе кезек күтеді. Көпбалалы, шағын ауқатты отбасыларға, мүгедектерге, жалғызілікті қарияларға елеулі көңіл бөлінеді. Округ әкімі командасының әлеуетті екенін нық сеніммен айта аламыз. Бұл топқа әкімдік қызметкерлері мен жастардан бөлек, құнды кеңес, демеушілік көмек беретін жергілікті қауымдастық, шағын-орта бизнес өкілдері кіреді. Еріктілердің арасында келіншектер көп. Белсенді өмірлік ұстанымы, қол ұшын беруді, ауыл тұрмысын жақсартуды көздеген ниеті үшін оларға алғысын арнады. Атап айтқанда өлеңтілік сыйлы ниеттестер: Нүрзия Айтқұлова, Сәуле Әзиева, Майра Дүйсембаева, Надежда Узденова, Олеся Каримулина. Бүгінде дүние салған Ғазиза Жәниеваны да құрметпен еске түсірді. Олар өз туған жерінің нағыз патриоттары. Биыл жарияланған Жастар жылы шеңберінде жоспарлы жұмыс басталып та кетті. «Қыс-2019» фестивалінің эстафетасы қабыл алынды, жергілікті жерде өткізілді. Шаңғы жарысы мен коньки тебу спортынан жарыс ұйымдастырылды. Жеңімпаздар ауыл әкімінің грамотасын иеленді. Бастама иесі – спорт әдіскері Татьяна Узденова. Аудандық халық шығармашылығы байқау-конкурсы аясында концерт, қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесі әзірленді. Ауыл өнерпаздарының репертуарынан іріктелген екі нөмір облыстық «Ақмола жұлдыздары» халық шығармашылығы байқауының бағдарламасына енгізілді. Олар: «Әжелер» ансамблі, Батай Амандық пен Аминат Омарованың өнерпаз жастар отбасы.
Көрікті де парасатты, іскер де елгезек әйелдерді алдағы көктем мерекесі қарсаңында 8 Наурыз Халықаралық әйелдер күнімен құттықтауды ұйғарды. Оларға тек ізгі ой-ниет тілейді. Өйткені өмір, денсаулық, тағдыр – бәрі-бәрі ой-ниетке тікелей байланысты ұғым. Жақсылық сенімі күнделікті өзекті мәселенің оң шешілуіне септеседі.

Раушан НҰРҒАЗИНОВА.