РИЗАМЫЗ ТӨЗІМІНЕ, ЕҢБЕГІНЕ

Жалғызілікті, мүгедек, егде жандарды қамқорлық ниетпен аялайтын әйелдерге 8 Наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ризашылық сезімімізді білдіргіміз келеді.
Жаңағы ақ ниетті келіншектердің жалпы еңбек өтілі – 1-12 жыл аралығында. Бәрі де жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде жұмыс істеп жүр. Осы кәсіпті қолға алған нәзік жандылар қамқорлық пен назарға, қайырымдылық пен ізгілікке мұқтаж жандарды өз қарамағына алған. Олармен жақын сырласып-сөйлесе де біледі, бір мезгіл ой бөлісуді, көмек қолын созуды кәсіби парызына айналдырған. Әлеуметтік қызметкерлер өз адамдарының талап-талғамын, бабы мен күтім ретін жақсы біледі. Әрқайсысының мінез-құлқы әркелкі болатыны табиғи заңдылық. Өйткені қартайған шақта денсаулық та сыр береді, туыс-жақынның қарым-қатынасына толғанады, жалғыздық мұңына беріледі. Дегенмен, ашығын айтар болсақ: сіздердің бұл кәсіптеріңіз кездейсоқтық емес. Өйткені күн сайын егде-бөгде жанға өз еркімен қамқор болу, жүрек жылуын сыйлау әркімнің қолынан келе бермейтін іс. Сіздерге жаңағы қасиет ана сүтімен дарыған әрі үлкендердің алғыс-батасынан мол нәр аласыздар. Ерейменде, Күншалғанда, Ақмырзада жұмыс істеп жүрген жылы жүзді, елгезек жандар: Айнаш Мусина, Людмила Смык, Евгения Лесная, Айман Ералинова, бәріңізге денсаулық пен ұзақ ғұмыр, амандық, туыс-жақындарыңыздың жан жылулығын тілейміз. Әрбір күнгі сауапты, адал қызметтеріңіз абыройлы, игі қадамдарыңыз сәтті болсын.

Жасмин БАҒДАТ