СҮТ ІШСЕҢІЗ – АҒЗАҢЫЗ НЫҒАЯР

Жуырда әлеуметтік желі парақшасынан жергілікті жерде өндірілген, «Ерейментауское» атауын иеленген, қалташаға құйылған сүтті байқадық. Айтпақшы, ортақ игілікке сүт өндіретін жандар туралы мақала жазуымызға осы оқиға септесе кетті.
Ақмола облысында былтыр Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері күні мерекеленгенде өңір әкімі Мәлік Мырзалин ауданымыздағы Ержен Биекенов басқаратын «Хамзе» шаруа қожалығының жалғыз сауыншысына Алғыс хат ұсынды. Әңгімеміз Новомарковка ауылының тумасы, көрікті де қажырлы, іске тиянақты келіншек, екі баланың мейірімді анасы, бүкіл саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы саласына арнаған Райхангүл Абатайқызы Қасенова жайында болып отыр. Арнаулы орта білімді меңгерген жерлесіміз сүт фермасында бұзау күтті. Егіншілік саласында да бағын сынады. 2017 жылдан бері осы шаруашылықта сауыншы. Әрине, бұл мамандық заманауи компьютерлік жүйеге негізделмек. Түптеп келгенде ол экологиялық таза өнім алуды негіздейтін сауын технологиясын, қабылдау жүйесіне берілісін, сапасын реттеп отырады. Дәмді сүт шаруашылықтың ұйымшыл ұжымының жұмыс нәтижесі. Сапа жағына ауданымызбен бірге Елорда тұрғындары да молынан қанық. Райхангүл Абатайқызы сауын мөлшерін арттырғаны, кәсіптік міндетіне адал ниетті көзқарасы үшін ауыл мен аудан әкімінің грамотасын иеленген. Көктем мерекесі сізге көтеріңкі көңіл-күй, отбасыңызға амандық, толымды табыс тарту етсін.
Раушан НҰРҒАЗИНОВА.