ҰСТАЗДЫҚ – ҰЛАҒАТТЫ КӘСІП

Расында да солай. Мұғалім мәртебесі тиянақты біліміне қоса ішкі жан жылуымен, қамқор пейілімен, өз кәсібіне адалдығымен, ғұмырында қалдырған мәңгілік ізімен еселенеді.
Еркіншілік орта мектебінде Ұстаз атағына әбден лайық мамандар баршылық. Бұл жолғы әңгімем ағарту саласында 35 жыл еңбек етіп жүрген, математика пәнінің бірінші санатты маманы Айман Ғабдулмәжитқызы Шәкеноваға арналмақ. Сірә, бұл бір адамның өміріндегі асқар шыңы мен шыңырауы, қызығы мен қиындығы, жеңісі мен сәтсіздігі тең ұштасқан қилы кезең болар. Бала күнінде өз қуыршағына әріп пен сан үйреткен, мектепте сыныптастарын сүйемелдеген, өзін ересек мұғалима апай ретінде сезінген жерлесіміздің арманы жүзеге асты.
№1 орта мектебін тәмамдаған зерделі түлек Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының математика факультетіне оқуға түсті. Оқуын тәмамдаған дипломды жас маман Бүкілодақтық «Артек» пионер лагеріне конкурсқа құжатын өткізді. Міне, сәтімен жолы ашылды! Конкурстан өткен бойжеткен пионер жетекшісі лауазымына қабылданды. Лагерьде екі жыл қызмет атқарды да, туған еліне оралды, орта мектепке мамандығы бойынша жұмысқа алынды. Бүгінгі күнге дейін қызметін жалғастырып келеді. Ұзақ жыл тәрбие жұмысын ұйымдастырушысы болды.
Әріптестері Айман Ғабдулмәжитқызын талап қойғыш, ісіне адал, еңбексүйгіш жан ретінде бағалайды. Өзінің бүкіл еңбек жолында балаларға жан жылуы мен терең білімін дарытып келеді. Мәдениеттілігімен, терең парасат-пайымымен, кәсіби білігімен мәртебесі еселенуде.
Пән маманы сабағын түрлендіре жүргізеді. Математикалық диктант, тест, ребус, басқатырғыш, пән әлеміне саяхат үлгісін ұсынады. Сыныптан тыс шаралары да танымдық-тағылымдық мән-мағынасының тереңдігімен дараланады. Мұндай іс тек өз мамандығына жан-тәнімен шынайы берілген адамның ғана қолынан келеді.
Оқытқан шәкірттерінің көбі білім-білігіне қоса жұптаса, бірін-бірі алмастыра, шағын топта еңбек етуге, досын үйретуге бейімділігімен ерекшеленеді. Қазіргі таңда «Мұғалімнің тәжірибесіндегі зерттеу» тақырыбына қатысты жаңартылған бағдарламамен жұмыс атқаруда. Сонымен бірге 5 «Б» сыныбының жетекшісі. Кез келген сұрақпен апайына жолыққан ұл-қызға ұдайы құнды кеңес, оң бағыт-бағдар беріп жатады. Мектеп өміріндегі, өз шәкірттерінің арасындағы мәселе түйінін оң шешуге септеседі.
Мектеп бітіріп кеткен шәкірттерінің де ризашылық алғысы шексіз. Тіпті дағдылы қалыппен ақылдасатындар да баршылық. Отағасы Еркін Барлыбайұлымен бірге үш перзент тәрбиелеген. Бәрінің де өз орны, толымды табысы баршылық. Бүгінде анасынан қамқорлығын аямайды.
Айман Ғабдулмәжитқызын, мектептің бүкіл нәзік жанды өкілін 8 Наурыз мерекесімен шын ниетпен құттықтаймыз. Әрбір күнгі еңбекте толымды табыс, көтеріңкі көңіл-күй, оқушылар мен ата-аналардың сый-құрметін сезінуін тіледік.

Людмила МАРКОВА.
Суретті түсірген автор.