ТАБЫСЫҢЫЗ ЕСЕЛЕНЕ БЕРСІН!

Әйел қауымы бүгінгі қоғамда экономиканың түрлі салаларында елеулі орын алады. Қай салада еңбек етсе де, қоғамға, өз ортасына, тұтас өңірге пайдасын тигізуге тырысады. Олар ұрпақ тәрбиелейді, халықтың денсаулығын қадағалайды, қоғамдық тәртіпті сақтайды, қаржылық тұрақтылыққа септеседі. Соңғы сөз тіркесінің түпкі мәні қандай? Мәнісі математикалық дәлдікті, жүктелген тапсырманың жедел орындалымын негіздейтін есеп-қисап саласы мамандарының қажырлы да іркіліссіз қызметін қамтиды. Мемлекеттік кіріс жүйесінің тәжірибелі қызметкері Ұлпан Нұртасқызы Бектұрсынова жеке және заңды тұлғалар тарапынан алынатын салықтың уақтылы түсіміне өз үлесін қосып келеді.
Ақмола қаржы-экономикалық колледжін «Салық ісі» мамандығы бойынша тәмамдаған түлек Ерейментау ауданы бойынша мемлекеттік кіріс басқармасына ақпараттық технологиялар бөлімінің маманы ретінде жұмысқа алынды. Бұл 2005 жылы болатын. Талапты жас маман зерделілігі мен тәжірибесін байқата жүріп, мекеме басшылығының сенімін абыроймен ақтады. Өз білімін жетілдіруге де ықылас танытты. Салық кодексіне, өзге директивалық құжаттарға енгізілген жаңалықтарға қалыпты назар аударды. Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінде «Қаржы» мамандығына оқи жүріп, бастапқы білім қорын толықтырды, құжатты сапалы ресімдеуге септесетін тәжірибесін байытты, шеберлігін шыңдады. Уақыт өтіп жатты. Салалас басқарма басшылығы салық әкімгерлігі, салық тіркелімі, салық есептілігін қабылдап-өңдеу бөлімінің бас маманы лауазымын сеніп тапсырды. Ал алдыңғы жылдан осы күнге дейін ұйымдық-құқықтық жұмыс және мәжбүрлі өндіру бөлімін басқаруда. Жалпы еңбек өтілі -13 жыл. Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кіріс департаментінің, аудан әкімінің Құрмет грамотасы – қарапайым еңбекің лайықты бағасы.
Ұлпан бос уақытта №2 орта мектеп-лицейінің 3 сыныбында оқитын, анасын құрметпен мақтан тұтатын ұлының тәрбиесімен айналысады. Оған қоса көркем әдебиетке, спортқа әуес. Өзіндік ізденісі, зерделілік қасиеті «Көкше» академиясында «Заңгерлік» мамандығы бойынша екінші мәрте жоғары білім алуға негіз болды. Қаржыгер кәсібін бала жасынан таңдаған, арман-мақсатына қол жеткізген Веренка орта мектебінің кешегі түлегінің еңбек жолы осындай.
Қоштасар сәтте ұйымшыл ұжым құрған басшы Жанат Түбековке газет арқылы алғыс жолдады, әріптестерін, ауданның бүкіл салық төлеушілерін, әсіресе нәзік жанды тұлғаларды алдағы мерекемен қызу құттықтады, бизнесінің сәтімен өркендеуін, бақ пен амандық тіледі.
Жазып алған Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.