ДАРЫНЫМЕН ДАРАЛАНДЫ БАРШАСЫ

Көктемді қанатына қондырып, жан жылуын көкірегіне ұялатқан Әйел-Аналардың дәстүрлі 8 наурыз Халықаралық мерекесі де келіп жетті. Біздің Бозтал орта мектебінде Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасы аясында осы мереке қарсаңында балаларды мейірімділікке, аналардың өлшеусіз еңбегін бағалай білуге, сіңлілеріміздің бойында ізгілік, инабаттылық, биязылық сияқты қазақ қызына тән жақсы қасиетті қалыптастыру мақсатында «Ару қыздар мен аяулы аналар» сайысы ұйымдастырылды. Бағдарлама жоспарына «Отбасы – мықты мемлекет», «Асыл қазынам – салт-дәстүрім», «Сіз қайтер едіңіз?», «Мерекелік тағам», «Өнерім – өмірім» тақырыбы енгізілді. 2 сыныптан Бәден Айша анасы Оралбай Саражанмен, 3 сыныптан Қабденова Жанар әпкесі Сатжанова Саниямен, 5 сыныптан Бақыт Айдана анасы Күлшатпен, 6 сыныптан Байбекова Мәдина әпкесі Қыздарбекова Қалипамен, 7-сыныптан Серік Айбота анасы Күматпен, 8 сыныптан Лайық Әлия анасы Әлткей Майрагүлмен шаршы топта бақ сынады. Серік Айботаның таныстыруы жаңа стильде көрсетілді. Қабденова Жанардың әпкесі Саниямен бірге салған «Асыл әжем» әні де, сахналық киімі де өте тартымды болды. Бақыт Айдананың анасы Күлшаттың қолөнері әділ қазылар алқасының көңілінен шықты, өте жоғары бағаланды. Нәтижесінде Бәден Айша анасы Саражанмен, Серік Айбота анасы Күматпен бірінші орынға көтерілді. Қабденова Жанар әпкесі Саниямен, Бақыт Айдана анасы Күлшатпен екінші орынды бөлісті. Байбекова Мадина әпкесі Қалипамен, Лайық Әлия анасы Майрагүлмен үшінші тұғырдан орын алды.
Сынып жетекшілері: Көкқанат Жадыраға, Жұлдыз Қаңтарбаеваға, Дина Қопабаеваға, Тасболат Аяулымға, Айгүл Шайхудиноваға, Әлия Қожахметоваға дайындық ісіне сіңірген еңбегі үшін алғысымды айтамын. Аралық үзілістерде жеке дауыстағы әнге кезек берілді.
5-6-4 сыныпта оқитын шәкірттеріміз: Аружан Маханбетова, Ернұр Оспанов, Ержан Аманжол, Ерсін Сардарбеков табиғи дарынымен, әншілік нақышымен, осы өнерге әуестігімен бәрімізді қайран қалдырды. Сахнадан әуелеген «Мереке», «Қазақстан», «Қазақ қызы» әндері көрермендердің ықыласына бөленді.
Мәдени-танымдық, тәрбиелік-тағылымдық шараны тамашалаған ата-аналар мен ауыл тұрғындары ұйымдастыру алқасына өз ризашылығын білдіріп жатты. Барша ереймендік ақ жаулықты аналар мен әжелерді, қыз-келіншектерді, әпке-сіңлілерді, білім саласында қажырлы еңбек етіп жүрген әріптестерімді 8 Наурыз Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтаймын. Деніне саулық, отбасына аманшылық, еңбектеріне толымды табыс тіледім.

Райхан САҚТАҒАНОВА,
директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Бозтал ауылы.