ҚҰНДЫЛЫҒЫ АСА ҚЫМБАТ ДЕРЕККӨЗ

Редакция хатқоржынына Олжабай батыр ауылынан хат түсті. Авторы Әміржан Мәуин туған жердің тарихы туралы мәліметті кезінде жазу машинкасына түсірген екен. Бұл жазбаны қолында сақтап келген мәдениет қызметкері, педагог Антонина Петровна Яковенко мектептің музейіне табыс етіпті. Іске ұқыпты жерлесіміздің арқасында ортақ тарихымыздың құнды парағы ұрпақтан-ұрпаққа ауысқан, өлке тарихын толықтыруда. Ауыл кітапханашысы Жанымхан Күләтай құжаттың сканерленген нұсқасын бізге жолдап отыр. Автордың жазу стилі мен орфографиясын сәл түзеттік. Осыдан 40 жыл бұрын жазылған, колхоздың, бертінгі «Қазақстан» совхозының қалыптасу тарихының алғысөзіне қол жеткіздік. Өткен кезең ішінде мемлекет өмірінде көп нәрсе өзгерді, кеңшар-ұжымшар құрдымға кетті. Биыл Қазақстанда тың және тыңайған жердің игерілгеніне 65 жыл толады. Көптеген тарихи оқиға кейіпкерлері де арамызда жоқ. Ал Әміржан Мәуин өткенді ескеріп, бағалау үшін бізге жаңағы жолдауын қалдырған екен.
ҚҰРАСТЫРУШЫДАН
Менің өмірім 1931 жылдан бері Благодаттың өмірімен етене жақын. Аудандық колхоз-совхоз одағы жанындағы колхоз есепшілерінің курсанты бола жүріп, 1931 жылы Сталин атындағы (қазіргі Жарық ауылы) колхоздың есепшісі болдым. 1934 жылдың қазанында колхозшылар тобымен астық дестесін маялауға қатыстым. 1935 жылы тағы да Еркінщілік МТС-ы ұйымдастырған колхоз есепшілерінің курсына жіберілдім.
1938 жылы Еремен ауылдық советінің (ескі Алғабас) хатшысы лауазымынан ауаткомның ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауыстырылдым. 1942 жылдың тамызына дейін жұмыс істедім. Қызметте жүргенде «Парижская коммуна» колхозының тарихына, шаруашылық өміріне молынан қанықтым.Колхозшылармен жақын арластым. Нәтижесінде шаруашылықтың ұйымдастырылым реті, даму жолы туралы тереңірек мәлімет алдым.
1957 жылдың тамызының соңында аупартком мені колхоздың партбюро хатшысы қызметіне жіберді. Колхозда жұмыс істеген төрт жылдың ішінде осы күнге дейін шаруашылықтың қалыптасуы, дамуы жайында дерек жинап алуға тырыстым. Благодат ауылы құрылғанға дейінгі өткен 22 жылдық шежіресі менің қолымда толыға берді. Бұл ісіме колхозшылар, жетекші қызметкерлер жәрдемдесті. Олардың арасында бүгінде марқұм жолдастарым: Я.Т.Зайцев, Д.В.Шевченко, Л.Х.Бурлаченко, В.С.Гниненко, Д.Ф.Панченко, колхоз бен ауданның бұрынғы бухгалтерлері Е.Н.Ольхова, Г.Д.Бойко тағы басқалары бар еді. Сол 1957 жылы колхоздың архивінен 1940 жылғы және 1950-1957 жыл аралығындағы бүкіл жылдық есебін тауып алдым (бұл есеп құжаты бүгінде совхоздың архивінде сақтаулы). Жаңағы есеп дерегі негізінде колхоздың «Қазақстан» совхозына айналдырылғанға дейінгі уақыттағы өсім көрсеткіш есебі дәптерін құрастырып шықтым. Бұл мәліметтер колхоз бен совхоз өмірінің библиографиялық (шежірелік) өмірін қамтиды.
Осы айтылғандарға қоса колхоздың бұрынғы мал дәрігері әрі партия ұйымының хатшысы Я.Т.Зайцевтың естелігі баршылық. Ол кісі де Благодаттың қоныс ауыстырушылары орныққан, «Парижская коммуна» колхозы құрылған уақытынан 1934 жылға дейінгі аралықтағы өмірін суреттеген шежіреші-тарихшы еді. 1935-1954 жылдар аралығында аудандық жер бөлімінің веттехнигі, 1954 жылдан колхоз совхозға айналдырылғанға дейін мал дәрігері қызметін атқардым.
Олардың бәріне колхоз басшыларымен, байырғы тұрғындармен, алғашқы колхозшылармен әңгімемді кірістірдім. Бұл да Благодат ауылының, Париж коммунасы атындағы колхоздың шежіресін қалыптастыруға негіз болды.
1973 жылдың желтоқсанында өз жазба еңбегіммен Благодат еңбеккерлерінің (Благодаттың 75 жылдығында) мерекелік жиналысында баяндама оқыдым, бұл мәлімет алдағы кезеңде де бірнеше мәрте байытылды.
1978 жылдың көктемінде совхоз директоры А.А.Забирко менен ауыл мен совхоздың шежіресін естелікке қалдыруымды өтінді. Алайда мен оған жолдастарым көмектессе, қолдан келетінін айттым. 1978 жылғы қарашаның басында Ө.Қ.Мұсабаев жолдас та осындай ой ұсынды. Жаңағы өтінішке орай қаңтардан бастап өз естелігімді жазбамен толықтырдым.Бұл мақсатта тағы да халық арасына шықтым, мәлімет жинастырдым. Негізінен С.М.Рябинин, М.М.Пахомова, Г.А.Чухнов. А.И.Коломиец, К.Г.Бойко, С.П.Посохов, А.И.Батрак жолдастарға жүгіндім. Ерментаудың аудандық АХАЖ бюросына жолықтым, Благодаттың құрылу тарихына қатысты дерек алуды мақсат еттім. Тауарлы-сүт фермасын 10 жылдан артық уақыт басқарған Мария Карповна Бойкоға да жолықтым. Ол арқылы немерелес бауыры Ю.Д.Даниловты тауып алдым. Жерлесім Благодаттың алғашқы тұрғыны, 1942 жылға дейін ауылдық Кеңестің, колхоздың басқарма төрағасы болып шықты. Кеңестендіру дәуірінде, 20 жылдары ауыл белсендісі болған ол бүгінде Донецк облысының Новоазовск қаласындағы Энгельс көшесінің №70 үйінде тұрады. Ол кісі осында бес айлық нәресте күнінде келген екен. Қазір 60 жаста, сонда тұратын бауыры Николайдың жасы 67-де. Григорий жазғандай, ағасы да Благодаттың құрылуы, тарихы туралы қандайда бір дерек қосыпты. Ол кісіден екі хат алдым.
Осылайша дерек жиналымы тәмам болды. Жуыр арада шежіре совхоз басшылығының, партия ұйымының, колхоз ардагерлерінің талқысына ұсынылады, әрмен қарай шежіренің түпкілікті нұсқасы жазылады.
Дерек жиналымы, қорытылымы, мәтін құрастырылымы көп еңбекті керек етті. Жаңсақтығы да, шала-шарпы мәліметі де, аз емес, сондықтан өз олқылығы бары рас. Әйтседе ол ауылдың құрылуын, даму барысын айшықтайтын негізгі құжат болары анық. Ең дәлме-дәл мәлімет қатарына Благодаттың 1930 жылдан бергі даму кезеңі болып табылады. Оған колхоз кадрлары, өндіріс озаттары, материалдық игілік әперген диқандар, мал өсірушілер, мамандар енгізілді. Шежіреде келтірілген деректер еш күмән туғызбайды, Өйткені бәрі-бәрі жылдық есептен алынып отыр.
Тың және тыңайған жерді игеруге арналған тарау совхоз ұжымының 25 жыл ішіндегі қажырлы еңбегін, совхоз экономикасын дамытуға, нығайтуға қосқан сүбелі үлесін толық айшықтайды.
Қандай жетістігі-олқылығы болса да, бұл шежіре Благодаттың сексен жылдық тарихын айшықтайтын тарихи құжат, совхозға, бүкіл ұжымға арналған менің естелік-жаднамам болып қала береді.
Әміржан МӘУИН,
еңбек ардагері, шекара әскерінің офицері,
дербес зейнеткер.
1979 жылдың 5 наурызы. Благодат ауылы.