Ел құрметіне бөленген азамат

Еліміз Егемендік алып, тілімізге теңдік, рухымызға кеңдік тие бастағанда Елордамызда жаңа білім шаңырағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ашылды. Ол бұрынғы Ақмола педагогикалық институты мен инженерлік-құрылыс институтын біріктіруден туындады. Қазіргі еліміздегі ең таңдаулы, жастардың арманына айналған жоғары оқу орны.
Университетіміздің бірнеше құрылымдық ұйымдары бар. Соның бірі – кәсіподақ ұйымы. Сол ұйымның төрағасы Талғатбек Жанайдаров ағамыздың орнына жаңа басшы келеді дегенді естідік. Ағамыздың бұндай шешім өз еркімен қабылдағанын жасыратыны жоқ, бәрімізді елең еткізді. Қазақта жақсы сөз бар «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» – деген. Талғатбек ағамыз талай жылдан бері осы ұжымды абыроймен басқарып келді. Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет жасап, елдің құрметіне бөленген жан.
Қазақ қашанда тұлғаларын, зиялыларын бетке ұстап, ардақтаған халық. Күні кеше ескерусіз қалған, еленбей кеткен, өмірлерін халқы үшін құрбан еткен, ұлтым, алашым деп ұрандап өткен ата-бабаларымызды енді бас-аяғын жинап, көше, мектеп, ауыл, аудандарға есімдерін беріп қадірлеп жатырмыз. Бұның қайыры мол. Сол жолда ерінбей еңбек етіп жүрген азаматтарымыз қаншама. Соның бірі Талғатбек Жанайдарұлы.
Заман ағымынан ба, әлде қоғамдағы адамдардың психологиясы дүрбелең өзгеріске ұшырап кетіп бара ма, дәл мына уақытта, ең таптырмайтын, табыла бермейтін, жетістпейтін қасиеттің бірі – адамгершілік пен адалдық.
«Өткен күн, Кеше – тарих, келер күн Ертең – сыр, ал бүгінгі күн Үлкен – сый» – Қорқыт бабамыз айтқандай, бұл күнге жарқын істерімен ғана емес, кісілік қарапайымдылығымен, тектілігімен, өмірге, қоғамға көзқарасының тереңдігімен, сары алтындай сабырымен, азаматтық парасатымен халықтың жүрегінен орын алған азаматтың бірі.
2007 жылы 12 желтоқсан күні марқұм Ақселеу Сейдімбек ағамыз қойны гүлге толған, беті бал-бұл жанған, екі көзінің ұшқыны жалындап, бір топ қонақтарымен университеттің «Еуразия» ғылыми – зерттеу орталығына кіріп келген болатын. Сонда аға: «- Ойпырмай, мынау Талғат не деген қазақы жігіт. Менің туылған күнім, 65 жасқа толғанымды ұмытпай, ректормен ақылдасып, бүкіл ғылыми кеңестің мүшелерін, университеттің бетке ұстар азаматтарын жинап алып, маған құттықтау жасатқанына шексіз дән риза болдым. Бұл тосын сыйы маған керемет ұнады. Қай қазақ мақтағанды, көңіл бөлгенді жек көрсін. Көгеріп, ұрпағымен өсіп-өнетін азаматтар осындай үлкендердің батасын алғаннан болады. Болам деген елдің баласы осындай болады ғой шіркін. Көсегесі көгерсін!…» – деген сөздері әлі есімде.
Ал 2008 жылы университетте Ақселеу Сейдімбек «Қазақтың ауызша тарихы» атты кітабының тұсаукесерін жасаған. Сол кезде Талғатбек Жанайдарұлына өз кітабын сыйға тартып, жылы лебізін білдірген.
Енді Талғатбек ағамыздың өмір дерегінен сыр шертетін болсақ, доцент, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті кәсіподақ комитетінің төрағасы. 1969 жылы Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ политехникалық институтын бітірген. 1969 жылдан 1971 жылға дейін Жамбыл қаласында рота командирінің орынбасары болып әскери борышын атқарды. Ал 1971 жылдан бастап елімізге білікті мамандар дайындау саласында ұстаздық қызмет істей бастады. «Құрылыс механикасы» кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы, доценті болды. 1990 жылдан 1995 жыл аралығында құрылыс факультеті деканының орынбасары, кейін инженерлік-экономикалық факультеті деканының орынбасары қызметін атқарды.
Педагогикалық жұмыстарда әрқашан өзінің тәжірибесін жетілдіре отырып 47 жылдан астам қызмет атқарып келеді. Қаншама жоғарғы білім иелерін дайындады кәзіргі кезде олар өз үлестерін еліміздің көркейіп өсуіне жаратуда.Көптеген мақалалар, онын ішінде Ерейментау ауданының тыныс-тіршілігін, еңбек адамдарын әспеттеп, бүкіл елге паш етті.
Білім беру саласында кәсіподақ қызметкерлері мүшелерімен біріге отырып қоғамдық жұмыспен тығыз айналысты. Қай істің болсын өнуінде үш шарты бар: ең әуелі – ниет, одан соң – күш, одан соң – тәртіп. Осы шарттарды бірдей орындап келе жатқан ағамыз ерелі еңбегі үшін, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстан Республикасының кәсіподақ Федерациясының Құрмет грамотасымен марапатталған. «Қазақстан Республикасы Білімі мен ғылымының құрметті қызметкері», Қазақстан Республикасы кәсіподақ Федерациясының «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» белгілерімен марапатталып, «Ардақты тұлға» құрмет кітабына енгізілген. «Л.Н.Гумилев атындағы» және «Күлтегін» медальдарымен, «1916ж. Ұлт-азаттық көтерлісіне 100 жыл» медалімен марапатталған. Биылғы жылы «Еңбек ардагері» медалінін иесі болды. Тартыспен түскен, бейнетпен келген жақсылық қана – шын мәнінде қымбат табыс.
Қазақ халқының:
Қазақта мықты ата бар Қанжығалы,
Атағы алты Алашқа жаңғырады,-деген Қанжығалының бел баласы, шежірелі Ерейментау елінің тумасы, Көшке бабамның ерлігін асқақтатып жүрген ағамызға риясыз алғысымды білдіремін, – дейді немересі Қайырбек Кемеңгер.
«Жақсының жақсылығын айт, шарапаты төгілсін» – деген қазақта қанатты сөз бар. Мырзатай Жолдасбеков ректор болып тұрған кезде университетке талай ғалымдарды, ақындарды, мәдениет саласындағы, ғылым саласындағы майталмандарды жұмысқа тартып, университеттің деңгейін көтерді. Отырар кітапханасы, жазу тарихы музейін күндіз-түні тоқтамай отырып, қаншама деректермен, жәдігерлердің ең қажеттісін сұрыптап, оны ашты. Университетке келген оқытушылар мен ғалымдарға Мырзатай ағамыз үй беріп, құжаттарын реттеп, ішіне күрделі жөндеу жүргізіп, тұрғын үй жасап берді.Осының бәрінің басы – қасында кәсіподақ ұйымның төрағасы Талғатбек Жанайдарұлы бірге жүретін. Ағамыздың атқарған қыруар шаруаларын саусақпен санай берсек, шегі болмас еді.
Қорғалжын қорығына арнайы экспедиция ұйымдастырып, ондағы көнекөз қариялардан жазба деректер, кеңес үкіметі кезінде қолданысқа беріле қоймайтын құнды кітаптарды жинақтады. Қазір олар университеттің кітапхана қорында, ізденушілер мен оқырмандарға, студенттер мен оқытушылардың қолданысында. Осы шараларды атқаруда көлікті, қажетті құралдарды, бірге баратын адамдардың жағдайын жасап, оларды қажеттілігімен қамтамасыз ететін Талғатбек ағамыздың басты міндеті болатын. Күні кеше ғана өмірден Серғалиев Мырзатай, Сейдімбеков Ақселеу ағаларымызды соңғы сапарға аттанарда жасаған қызметі ұлан-ғайыр. Сонау Жаңаарқаға бірнеше шақырым жерге Ақселеу ағамызды еліне жерлеуге Талғатбек ағамыз өзі барлық жағдайды жасап, атқарды.
Астананың белді тұрғыны болғанымен Талғатбек Жанайдарұлы Ереймен еліне бармаса көңілі құлазитын кісі. Киелі топырақты басып, тау-тоғайының жұпар иісін бір жұтса – көңілі шалқып сала береді. Рухы жоғары бабаларының өткенде жасаған ерлік істері ол үшін ерекше мақтаныш. Шәкірттеріне айтқан шынайы әңгімелерін өмір бойы балалары мен немерелерінің бойына сіңіруден жалыққан емес.
Бұл туралы Ақмола өңірінің және Астана қаласының газеттеріне де тұжымды біраз мақалаларын жариялады. Ол Астана қаласының бас университеті Л. Гумилев атындағы оқу ордасының конференция залында, белгіленген тақырып бойынша, талай ғылыми жобалар жөнінен дәйекті сөз, дәлелді пікір айтқан ғалым.
Ерейменнен шыққан діни ғұламалар турасында  айтқан сөзі көпшіліктің көңіліне қонымды болды. Сәдуақас Ғылмани (Сәкен қалпе) еңбегінің бірнеше кітап болып шығуына бастама жасаған кісі. Ауданның тарихын, мәдени саладағы жетістіктерін көрсетуде де алатын орны ерекше. Мысалы, Жантай батырға ескерткіш қоюға орай өткен алқалы жиында тарихи тақырыпқа терең талдау жасаған осы Талғатбек ағамыз еді.
Рухты бабаларындай ол жалтақтық мінезді өзіне үнемі жат санайды. Ұлы ойшыл ғалым Әл-Фараби бабамыздың: «Тәрбиесіз берілген білімнің қоғамға кеселі зор» деген сөзін өмірлік ұстанымына айналдырды. Ұстаздықтың ұзақ жолында бұл қағиданы ол бірде-бір бұзған емес. Өнегелі жанның салиқалы әрі тәрбиелік мәні зор сөздері шәкірттерінің бағын ашты. Олардың ішінде таңдаулы мемлекет қайраткерлері, ғылым жолын мықтап қолға алғандар аз емес.
Әлемнің барлық елдерінде қазіргі уақытта нарық қыспағы қысып тұрған заман. Әрине, бұл кешегі Ұлы отан соғысына қатысып, ардагер болған азаматтарға, тылда аянбай еңбек еткен тыл ардагерлеріне әсерін тигізбеу керек. Әрқашан, қарттарға көңіл көбірек бөлінуі қажет екенін бәріміз де білеміз. Кәсіподақ ұйымының соларды бір сәт болса естен шығармай, елеусіз қалдырмайтыны белгілі. Борошенко Люция Яновна, профессор, Қаз ССР-дің жоғарғы мектебінің еңбегі сіңген қызметкері, ҚазССР-дің халыққа білім беру ісінің үздігі өзіне жасаған қамқорлығы үшін баспасөз бетіне былай деп алғысын білдірген: «Я до глубины души тронута тем вниманием, заботой, проявленной мне Талгатом Жанайдаровичем. Большое спасибо им за то, что они помнят обо мне. Эти люди с большим добрым сердцем. Когда есть такие люди, хочется жить, я очень благодарна, что они сохранили в своих сердцах самые дорогие человеческие ценности – долг, человеколюбие, доброту. Земной им поклон».Ал А. Айкенованың, әскери кафедрада 9 мамырда ардагерлерге арнап әскери-далалық тағам беріп, құрмет жасағаны үшін жазған алғыс хаты. Г.Р. Фазылова философия кафедрасының доценті т.б., міне осындай алғыстар мен ризашылық білдірген азаматтардың саны жалғасып кете береді, бәрі де осы ұжымға деген шексіз алғыс білдіреді. Бұндай мысалдар санай берсек қаншама.
Күні кеше ғана өмірден озған мықты ғалым ағаларымыздың бірі – Наубат Қалиевтің ота жасап, ауруханаға түскенде, алғашқылардың бірі болып Кенже Қақатайұлы Жұмағұлов, Сақ Қайрат Өмірбайұлымен бірге ауруханаға барып, халін сұрап барған болатын. Өмірден озарда Талғатбек ағамызды шақырып, соңғы аманатын да тапсырған болатын. Айта берсек бұндай жақсылықтардың шегі шексіз. Адамға қаншалықты жақсылық жасасаң, Алладан оның қайырымы мол болады, дейтін үлкендер.
Білімі мен қайратын, сүйіспеншілігін өзінің туып-өскен өлкесіне арнаған кісі. 1916 жылғы Ұлт азаттық көтерілісте қол бастаған, арын жанынан жоғары қойған Жанайдар батырдың кенже ұлы Астананың Еуразия университетінің белді ұстазы. Көтерілістің 100жыл толуына байланысты,Талғатбек Жанайдарұлына «Ерейментау ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Бұл арқылы біз жаңа өмірдің білімі мен мәдениетіне тынымсыз үлес қосып жүрген азаматтың, әсіресе батырлар әулеті ұрпақтарының алдында өз парызымызды өтедік деп ойлаймын. Жақсылардың жалғасы біздің ортамызда жүргені зор мақтаныш емес пе!
Ендеше, Талғатбек Жанайдарұлы қашанда елдің алғысына бөленген азамат ретінде көпке жасаған жақсылығы әрбір азаматтың санасында тұрады. Көпшілік ағамыздаң ұжымның қадірлі да сыйлы кеңесшісі болып қалуды талап етті. Олай болса университетіміздің барлық жақсы, игі істерінде, мерекелік шерулерде құрметті ағалардың бірі болатынына сеніміміз мол. Келе жатқан Ұлыс күні – Әз Наурызда ағамыздың отбасына береке, өзіне денсаулық, немерелерінің рахатын көрсін демекпіз.
Әріптестер тобы. Астана қаласы