КҮЗЕТ ҚЫЗМЕТІНДЕГІ САРБАЗ

Ауғанстанда интернационалдық парызын адал өткерген тағы бір жауынгеріміз – кешегі кеңес армиясының запастағы сержанты Болатхан Смаханұлы Рамазанов.
Жаратылысынан әңгімеге сараң жанның сауалнама дерегі де қарапайым, жауабы да қысқа болып шықты. Ауыл еңбеккерінің отбасында дүниеге келген. Усанбай сегізжылдық мектебін бітірген. Онжылдықты Ерейментауда №3 орта мектепте тәмамдаған. Туған жерінде қысқа уақыт еңбекке араласқан. Өздігінен мамандық алуға ықылас танытқан. 1980 жылы автомектеп қабырғасында қысқамерзімдік курсты аяқтаған. Көлік жүргізушісі куәлігін алып шыққан.
Күзгі шақырылыммен әскер қатарына алынғанда Ерейменнен өзімен бірге жеті жігіт жолға шығыпты. Иә, тепсе темір үзетін, комиссия тексерісінен әскери қызметке жарамдылық анықтамасын қолына алған өрімдей азаматтарға алда не күтіп тұрғаны беймәлім еді. Алыс шет елден де маза кеткен уақыт. Түркмен КСР-ының астанасы Ашхабадқа жеткізілген, іле 2 желтоқсанда әскери ант қабылдаған болашақ сарбаздарды жан-жаққа тарата бастаған сәт. Бұл жерде жаңадан келгендерді қызметке бөлгенде азаматтық мамандығы ескерілетіні заңдылық. Бірыңғай жүргізушілер енген топ екі ротаны толықтырыпты. Желтоқсанның соңында бәрі Термез арқылы Ауғанстанға жол тартқан. Мұрат Салықовқа Файзабад өңірі, Болатханға целиноградтық отандастарымен бірге Саманген провинциясы бұйырыпты.
Климаты да, менталитеті де, тұрмыс салты да өзгеше елдегі мерзімді қызмет осылай басталды. Тіпті екі елдің жыларалық айырмашылығы да бастапқыда жас жігітті қайран қалдырғаны рас. Мысалы, жерлестеріміз әскерге алынған уақыт кеңес елінде 1980 жыл болса, Ауғанстан Республикасында ол 1859 жылмен теңеледі екен.
Бронетранспортер әскери көлігін иеленген Болатханға жүк көлігі колоннасын жол бойымен аман өткерумен қатар, реті келгенде қорғаныс мақсатында қарсылас жақпен қолма-қол айқасатын сәт кезіккен. Негізінен көбінесе әскери гарнизон шоғырланған аумақтағы жанар-жағармай құбырын, жергілікті халықтың тыныштығын қорғаудың орайы келген. Топтың құрамына өзімен бірге пулеметші, атқыш – жалпы төрт сарбаз енеді. Барлаушылар арқылы айналаны күдікті жанның торуылдап жүргені туралы хабар түскенде, әсіресе түнгілікте, взводты дабылмен көтереді де, тиісті әскери операцияны орындауға кіріседі. Міне, қызметінің мәнісі осылайша тұтас бөлімшенің тосын оқиғадан амандығын сақтауға негізделгенін түсіндік. Жаратылысынан қанға сіңген қайсарлық пен ержүректікке қоса, барлау қызметінде дұрыс ойластырылған тактика, дұшпан ізін дөп баса білу реті қызмет бабында молынан септесті. Өз парызын адал атқарған жанның омырауындағы «От благодарного афганского народа» медалі, өзге мерейтойлық марапаттар әскер өмірінің құнды шежіресімен пара-пар.
Жерлесіміз 1982 жылдың қарашасында запасқа босатылды. Бала жастан дертке дауа, жанға шипа іздестіруге мақсат қойған жігіт медицина саласына бет бұрды. 1983 жылы Целиноград қалалық медицина училищесінің стоматология бөлімшесіне оқуға түсті. 1986 жылы жолдамамен туған жеріне оралған орта буын маман Өлеңті амбулаториясында бес жыл халыққа қызмет көрсетті. Бүгінгі күні аудандық орталық ауруханада барша қауымның денінің саулығына септесетін отыз тісінің амандығын сақтауға, түрлі дертіне дауа табуға ден қойып келеді. Болатханның қолынан уақтылы ем алған барша қауым құрметпен қадір тұтады. Білікті маман бастапқы бетте игі кәсіпке бағыт берген, тәлім-тәжірибе көрсеткен, халық алтын қолды хирург атандырған ұстаздары Жәкен Қанаевты, Александр Кирюшинді ілтипатпен атайды.
Болатхан Рамазанов – ұлағатты отағасы, өнегелі әке. Аялап өсірген екі қызы темір жол саласының жоғары және арнаулы орта білімді маманы, атасына жиен сыйлаған, өрісін кеңейткен ұлағатты ана. Қарапайым, елгезек, иманжүзді білікті дәрігердің, кешегі интернационалист-жауынгердің әлі де халқына берері, шығар асу-белесі алда.
Жастық шақта оқ-дәрінің исін, соғыс ауыртпалығын сезінген жігіт ағасы жастар арасындағы жалпы идеология мен патриоттық тәрбие негізінің мектеп қабырғасынан қаланғанын жөн көреді. Жаһандану лебі де дәл осындай ұйғарымға келуді меңзейді.
****
Қайыр Жолдасбекұлы Бөкешев 1979 жылдың күзінде Ерейментаудан әскерге шақырылды. Сарбаз бірден Отар стансасындағы зенитті-зымыран әскері құрамында механик-жүргізуші курсына қабылданды. Өзімен бірге Целиноград қаласынан бір жауынгер қызметтес болған. Бес жарым айлық дайындық мерзімінен кейін Самарқанд арқылы Ауғанстанның Баграм провинциясына жіберілген. Қысқамерзімдік қосымша жаттығудан өткен әскерлерді қызметке бөлгенде жерлесімізге Кабул қаласы бұйырды.
Айналасы биік таумен көмкерілген алыс шет ел астанасының өзін, халықаралық әуежайын қорғайтын әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерінде борышын өткерді. Осылайша шет елдік ұшақты анықтауға, аспан кеңістігіндегі қозғалыс бағытын бақылауға, күдіктісін әшкерелеуге, жолын кесуге тапсырма берілген. Арнаулы локатор мен бақылау бекетіндегі экран арқылы айналадағы тіршіліктің бәрі алақандағыдай анық көрінеді. Талапқа бағынбағанын қағып түсіруге тура келетін сәттер кезігіп жүрді,- деп әңгімесін қысқаша аяқтады кейіпкерім.
Екі айдан кейін Ашхабад қаласындағы Бикрава төңірегінде қызметін жалғастырған Қайыр Бөкешев құпия бөлімге түскенін бертін білген екен. Оған нендей кәсіп атқарғаны, ұшақ пен өзге әскери техниканың маркасы, түр-түсі, қолданыс мақсаты мен сипаты жайында бес жылға дейін ешқандай әңгіме айтпауға қолхат жазып бергені анық дәлел. Бұл да кеңес дәуіріндегі ерекше саясаттың, қорғаныс амалының бір қыры, оңтайлы тәсілі.
Замандасымыз бүгінде үйлі-баранды отағасы. Ғұмырлық жары Алтын Қадырқызымен бірге қызын қияға қондырған, ерке жиендерімен өрісі кеңейген ата-әже. Астанада жолаушы тасымалы қызметіне бағытталған жеке кәсіпшілігі баршылық. Келешекте туған жерінде, сәтін салса, өз шаруашылығын дамытуды мақсат етеді.

Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.
Суретті түсірген автор.