ҚОС БАТЫР ТҮРКІ МӘДЕНИЕТІНІҢ ЕСКЕРТКІШІ

«Қазақтардың және Еуразияның басқа да халықтарының тарихында Алтайдың алар орны ерекше. Осынау асқар таулар ғасырлар бойы Қазақстан жерінің тәжі ғана емес, күллі түркі әлемінің бесігі саналды. Дәл осы өңірде біздің дәуіріміздің І мыңжылдығының орта шенінде Түркі дүниесі пайда болып, Ұлы дала төсінде жаңа кезең басталды. Түркі дәуірі Қазақстанда жазба ескерткіштермен қатар көптеген археологиялық ескерткіш қалдырды. Мұндай ескерткіштердің бірі Қазақстан аумағында табылған мәдени тас мүсіндер болып табылады.
(Н. Назарбаев. “Ұлы даланың жеті қыры”)
Кіріспе. Киелі қазақ жерінде сан түрлі құпияға толы жерлер өте көп. Әрқайсысының өзіндік сыры бар. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында атап өтілген түркі әлеміне жататын ескерткіштер елімізде өте көп. Олардың ішіндегі қазақтың сары даласының күзетшісі, нағыз иесі деп атанып кеткен ұлы балбал тастар. Талайды тамсандырған, шеберлікпен жасалған балбалдар қазіргі таңда көптің қызығушылығын туындатуда. Балбал түркі тілінде соғу, қағу деген мағынаны білдіреді. Яғни тасқа соғу, қашау арқылы адам бейнесін бедерлеген. Қазақ даласындағы балбалтастар тарихын зерттеп, сырына үңілген академик Әлкей Марғұланның деректері бойынша, ертеректе Қарқаралы, Баянауыл жерлерінде жалпы саны 300-350-ден астам бағаналардан тұратын балбал тізбектері кездескен. Бұндай аса үлкен тізбектер өлген адамның қадір-қасиетінің, беделінің тым зор болғанын білдіреді, көбіне балбал тізбегі мұнан әлдеқайда аз болады. Санғасырлық құпияны сақтаған балбал тастардың біз білмейтін сырларын бүгінде ғалымдарымыз анықтап отыр. Мәселен адам балбал тасты ұстаған кезде оның ішкі энергиясы артатындығы ғылыми тұрғыда дәлелденді. Сондықтан ұлы далада аруақтарға арналып жасалған балбал тасқа табынушылар, зиярат етіп барушылар өте көп болған. Сондай түркі мәдени кешендерінің бірі де бірегейі киелі Торғай жеріндегі Қарағайлы ауылының маңынан табылған VII-VIII ғасырларға жататын балбал тастар.
Алғаш рет Торғай ауылындағы түрік мәдени ескерткіштерін Әлкей Марғұлан өз еңбектерінде атап өткен, бірақ жұмыс аяқсыз қалған. Тек 2009 жылы Президент мәдени орталығының қызметкері, белгілі зергер Берік Әлібай іссапармен жүрген кезде байқап қалады. Кейін сол балбалды суретке түсіріп танымал археолог Айман Досымбаеваға көрсетеді. Сөйтіп 2009 жылы президент экспедициясын бастаған Айман Досымбаева жалпы Қарағайлы жеріндегі балбал тастарды ашты. Бірнеше жылға созылған археологиялық қазба жұмысы кезінде Қос батыр, Қарағайлы 1, Қарағайлы 2 түріктік мәдени кешендері табылды.
1.1. Қос батыр ғұрыптық мәдени кешені
Қос батыр ескерткіштері 2009 жылы жүргізілген барлау жұмыстарының нәтижесінде ашылды. Құнды жәдігер Торғай ауылының оңтүстігінен 5-7 шақырым қашықтықтағы Қарағайлы ауылының маңынан, Құмай өзенінің сол жағалауындағы 1,5-6 шақырым радиусты алып жатқан ауданда орналасқан. Қос батыр кешені оңтүстіктен солтүстікке бағытталған тікбұрышты пішіндегі қатар орналасқан екі ғұрыптық қоршаудан тұрады. Қоршау қабырғалары қырынан қойылған жалпақ тас плиталарымен тұрғызылған. Қоршаудың шығыс қабырғасына қырынан тұрғызылған тас плитаның сол жақ жоғары бұрышына екі таңба салынған. Мүсіннің бет-әлпеті анық түрде өңделген. Қастарының нобайын байқататын сызықтар пішіні тік болып келген мұрынмен жалғасқан. Мұрнының танауы әлсіз көрінеді. Қалың мұртының ұштары жоғары қайырылған, аузының пішіні сопақ сызықша арқылы берілген. Мүсіннің сол құлағының сырғалығына тамшы түріндегі сырға салынған. Ер адам кеудесі тұсында жартылай бүгілген оң қолымен ыдыс ұстаса, сол қолымен белінен төмен жүзді қару ұстаған. Сол қолында көрсетілген қару балдағының пішіні тікбұрышты болып келген. Адам алақанымен қарудың сабынан ұстаған және қару балдағының тікбұрышты пішіні жұмулы алақаннан төмен көрсетілген. Қарудың тік әрі ұзын жүзі мүсіннің сол жоқ бүйіріне дейін созылған. Екінші балбал тас сұп-сұр гранит тасынан сомдалған. Биіктігі 1,9м, ені 0,32м х 0,2м. Бейнелеу стилі жөнінен тас мүсін дөңгелек мүсіндер қатарына жатады. Мүсіннің басы кеуде бөлігінен ішкері бастырыла түсірілген ойық сызықшаларымен бөлінген. Бұл мүсін мойнының нобайын байқатады. Ер адам мүсіні дәстүрлі түрік стилінде бедерленген. Тасқа қашалған адамның бет-әлпетінде сопақ тамшы түріндегі дөңес көздері, қасы, кең танаулы тік мұрыны, ұштары жоғары ширатылған мұрты мен аузының нышанын байқататын сызықшалар нақышпен өңделген. Мүсіннің маңдайына диаметрі шамамен 3 см болатын дөңгелек таңба салынған. Тасқа қашалған ер адамның кеуде тұсында оң қолымен ұстаған кубок тәрізді ыдыс бедерленсе, жартылай бүгілген сол қолында кішкене қанжары бейнеленген. Қанжардың балдағы алақанынан жоғары көрсетілген, яғни мүсін алақанымен қанжардың мойнынан қыса ұстаған.
1.2. Қарағайлы-1 түріктік мәдени кешені
Ескерткіш Қарағайлы ауылының оңтүстігінен 2 км қашықтықта орналасқан. Мүсін тас қабырғалары әрең көрінетін ғұрыптық қоршаудың жанынан табылды. Қоршау қабырғаларының бірі алғашқыда көлденеңінен мүсінмен қатарлас жатты. Құрылыстың қалған екі плитасы тігінен қырынан қойылған, бұлардың әр жерін шым басқан. Дегенмен ескерткіш шығыс және батыс бағыттан анық көрініп тұрды. Тас мүсін қоршаудың жанына тігінен тұрғызылып орналастырылды. Мүсіннің жалпы сақталған көлемі 1,55м х 0,43м х0,2м. Тонау мақсатында жүргізілген қазба жұмысы кезінде мүсіннің төменгі бөлігі табылған. Төменгі бөлігімен қоса есептегенде мүсіннің көлемі 2 метр. Қарағайлы-1 ескерткішіндегі мүсін ер адамға арналған, оны сомдауға ашық сұр түсті көлемді гранит тасы пайдаланылған. Дәстүрлі түрік стилінде бейнеленген. Мүсіннің бет-әлпеті терең барельф әдісімен безендірілген. Нақышпен орындалған, қосылған жалпақ қастары, сопақ-тамшы тәріздес көздері, тік әрі үлкен танаулы мұрын, қалың мұрты мен аузы және шығыңқы маңдай ер адамның бет-пішінінің сипатына ер адамға тән ерекше ажар, сипат беріп тұр. Мүсін оң қолымен кеуде тұсында ыдыс, сол қолымен белінен төмен қарудың сабынан ұстаған. Қарудың сабы және белдікке арналған ілгектері байқалады.
1.3. Қарағайлы-2 түріктік мәдени кешені.
Ескерткіш Қарағайлы ауылының оңтүстік-батысынан 2 шақырым қашықтықта, Жыланды тауларының етегінде орналасқан. Қарағайлы-2 кешені құрамына енетін түріктік ғұрыптық ескерткіш қатар орналасқан екі ғұрыптық қоршау мен оның сыртында құлап жатқан екі тас мүсіннен тұрады. Тас мүсіндер бастапқыда қоршаулардың шығысына тігінен орнатылған. Барлау-іздестіру барысында 1-мүсін 1-қоршаудың шығыс қабырғасында беткі жағымен жер жапсарлап жатқан күйі, ал 2-мүсін 2-ші қоршаудың солтүстік жағына жалғанған. Ұзақ уақыт басқан шымның салдарынан ұзындығы 1,7 м, ені 0,2 м болатын 1-қоршаудың шығыс қабырғасы әрең көрінеді. Сонымен бірге бұл ғұрыптық қоршаудың оңтүстігіндегі қабырғасынан ұзындығы 0,6 м плита байқалады. Қоршаудың шығыс қабырғасының сыртына тұрғызылатын 1-мүсін қою қызыл түсті гранит тасынан сомдалған. Көлемі 1,72 м х 0,45м х 0,35 метр. Мүсін тек бет-әлпеті ғана суреттелген мүсіндер тобына жатады. Бәдізші төртқырлы монолиттің екі қыры түйіскен жеріне барельф әдісін шебер қолдана отырып, мүсіннің қасын, мұрнын, үшкір иегін әдемі түсірген. Бүйір қабырғаларына бейнеленген құлақтары да нақышпен өңделген.
2-ғұрыптық қоршау тігінен қойылған тас плиталардан тұрғызылған тікбұрышты жобадағы құрылыс орны.
Ғұрыптық қоршаудың төрт қабырғасы да анық байқалады. Қоршау шығыстан батысқа 2,3, солтүстіктен оңтүстікке қарай 2,1 метрге созылып жатыр. Ғұрыптық қоршаудың шығыс қабырғасынан табылған тас мүсін ашық қызыл түсті гранит тасынан сомдалған. Мүсіннің көлемі 1,70м х 0,4м х0,2 метр. Мүсінді бедерлеуге бет-пішінінен тек көздері мен мұрны ғана көрсетілген. Бұл мүсін де бет-әлпеті ғана бедерленген мүсіндер тобына жатады. Түріктік қоршаулардың оңтүстік-шығыс бөлігінен 30 метр жерде тас пен топырақтың аралас үйіндісінен тұратын, диаметрі 7 м, биіктігі 0,4 м қорған орналасқан. Ескерткіштердің барлығының құжаты жасалды, мүсіндер бастапқы орнына қойылды.
Қорытынды. Торғай өңіріндегі түркі мәдениеті кешендері Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына жатады.
Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қос батыр, Қарағайлы түркі мәдени кешендері Қазақстанның қасиетті жерлері тізіміне енген. Аудандық білім бөлімі мамандарының бастамасымен құрылған ашық аспан астындағы қасиетті нысандар мұражайына Қос батыр да кірді. Оның көшірмесін мектебіміздің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Шолпан Қызырова жасап шықты.

Түпнұсқасынан айнытпай көшіріліп алынған балбал тас қазіргі таңда Бөгенбай батыр атындағы мектептің ауласында орналасқан.
Жалпы Торғай даласынан табылған түркі мәдени ескерткіштері «Құмай түркі мәдени-этнографиялық кешені» атанды. Дәл осы атаумен 2011 жылы Айман Досымбаеваның бастауымен дала семинары өтті. Сонымен қатар 2012 жылы «Құмай түркі мәдени кешені» Еуразия Ұлттық Универиситетінде ауқымды тұсаукесер бағдарламасы ұсынылды. Кейін Құмай түріктік мәдени кешеніне Қазақстан телеарнасының басқарма төрағасы, саясаттанушы Ерлан Қарин және танымал археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор Виктор Зайберт балбалтастар жайлы «Орханнан Каспийге дейін» деректі фильмін түсірді. Толықтыра айтқанда Балбал тастар көненің көзі, ата-баба аманаты, қазіргі ұрпаққа тарихи сабақтастықты қалыптастырып, санғасырлық тарихтан сыр шертеді. Сондықтан балбалдарды қадір тұту, қалпына келтіріп, оларды ардақтау өткенімізге құрмет, болашағымызға сенім.
«Өткеніңе топырақ шашсаң, болашағың саған тас атады», деп Елбасымыз айтқандай, өткенімізді сыйлап, болашаққа деген сеніммен тек алға жылжып, өсіп-өне берейік, ағайын.
Бақыт ТАҢАТАР, Торғай орта мектебінің оқушысы.

Пайдаланылған әдебиеттер
Досымбаева А.М, Нұсқабай А Құмай түріктік археологиялық-этнографиялық кешені. – Астана, 2012
Досымбаева А. Батыс түрік қаганаты. Қазақ даласының мұрасы. – Алматы, 2007
Кубарев В. Д. Изваяния древних тюрков Алтая и Казахстана / Мәдени мұра.
Самашев З. Древнетюрские каменные изваяния Евразийской степи. Алматы,
«Ақмола» Энциклопедиясы . -Алматы. 1995
***
Редакциядан. Автордың ғылыми мақаласы қаламыздың Төлеу Шаханов атындағы №3 орта мектебінде өткен аудандық конкурста «Тарих толқынында» бағыты бойынша бірінші жүлделі орынды иеленді.