СУ ТАСҚЫНЫНА ҚЫРАҒЫЛЫҚ ҚАЖЕТ

Қыстың ызғары әлі өз күшінде болса да, су тасқыны қырағылықты қажет етеді. Алғы болжам қатер нышанын сездірмесе де, босаңсуға негіз жоқ.
Арнаулы қызмет мекемелері, болжамды елең етпей-ақ, ұдайы өз дайындығын пысықтайды. Іс барысын назарда ұстап отырады. Ауданымыздағы әзірлік ыңғайы қалай? Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Ерлан Оралұлы Айдрахманов бұл сауалымызға келесідей анықтама берді.
-Даярлығымыз толыққанды деңгейде. Қазір нағыз қарбалас кезең. Әсіресе біздің салаға тиесілі міндет жүгі ауыр. Қолдағы күш-әлеует мүмкіндігі тексерілуде. Қауіпсізікті қамтамасыз етуге лайықталған материалдық-техникалық әлеует резерві жасақталып жатыр.
Біздің бөлімнің қызметкерлері көктемгі кезеңдегі жалпы ахуалды зерттеу мақсатында әкімдік мамандарымен бірге елде мекендерге рейдке шықты, республикалық, облыстық мәндегі автокөлік жолын тексерді. Нәтижесінде қар күрт ери қалса, облыстық мәндегі Ерейментау-Аршалы жолының он тоғызыншы шақырымында су толу, көпірді шаю ықтималдығы анықталды. Еркіншілік-Қаратал жолының он екінші шақырымында да жайсыз көрініс бой көрсетті.
ТЖБ мен № 10 ӨСБ-нің жеке құрамы ауылдық округтерге сапарға шықты, сақшылармен бірге үй-үйді аралады. Тұрғындарға нұсқау ережесін түсіндірді, қарғын су баса қалған сәттегі амал жайында жаднама парағын үлестірді. Білім, мәдениет мекемесінің басшылары мен қызметкерлерінің нұсқау сабағы жүргізілді. Халық көшіріле қалса – қабылдап-орналастыруға дайындық ыңғайы тексерілді.
Үстіміздегі жылдың ақпанында жүргізілген талдама негізінде, ауданның тасқын қатерлі учаскелерінің паспорты қайта жобаланды, бекітілді. Аталмыш құжат дерегі бойынша өңірімізде жалпы 631 объекті, 2616 тұрғын қоныстанған 11 елді мекен қауіп үстінде тұр.
Биылғы тосын жағдайдың алдын алу мақсатында, аудан әкімінің орынбасары Әнуарбек Айтпаевпен екеуіміз өзен арнасындағы қатерлі орындарды аралап көрдік. Нәтижесінде мұз құрсауы мен бөгелісінің алдын алу негізінде мұзды жұмсартуға лайықталған жарылыс жасатуға Ақмола облысының салалас департаментіне өтінім әзірлеп, жөнелттік. Мұзын жарғызуды керек ететін айдын алаңы жалпы 1000 шаршы метр болып шықты. Олар: Қарасу өзені, Еркіншілік, Сілеті, Новомарковка ауылдары.
-Синоптиктердің болжамы бойынша көктем ерте түсуі ықтимал. Тасқынның ауа райымен байланысы бар ма?
-Сөз жоқ. Ауа температурасы маңызды рөл атқарады. Оған қоса жауын-шашынның, өзен бассейніндегі қар деңгейінің ықпалын, көлдегі мұз қабатының қалыңдығын ескеріңіз. Елді мекендердің толық қауіпсіздігіне лайықталған шаралар жаңағы негізде жоспарланады.
-Тасқын кезеңінде қандай күш-әлеует іске жұмылдырылады? Дайындық жұмысы қаншалықты тиімді болмақ?
-Жалпы негізінен өз күшімізге сенеміз. Әлеуетіміз жеткілікті. Тиісті шаралар уақтылы қолға алынады. Нәтижесі де айтарлықтай. Биыл ауданның бюджетінен тиісті санаты бойынша керекті қаржы қарастырылды. Төтенше жағдайдың алдын алу және жою бағдарламасы негізінде кезек күттірмейтін шығын, төтенше шығын резерві құрылды. Қазіргі таңда ортақ мақсат аясында 500 тонна инертті материал даярланды, Қазір ол тасқын қатері туындайтын өңірге тікелей жеткізілетін болады. Қолда 3000 дана қап, 6,1 тонна сұйық отын баршылық. Төтенше сәтте 31 техника (осы санатта 3 су сорғыш), 3 қайық, 6 мотопомпа, шұғыл жұмылдырушы топтан 90 адам қатарға қосылады. Ақпан айындағы «Көктем-2019» республикалық командалық штаб жаттығуы аясында ауданымыздың салалас отряды тактикалық-арнаулы жаттығуға жиналды.
Аудан әкімдігінің қаулысымен Ерейментау ауданы бойынша 2019 жылға қарғын суды апатсыз өткізуге арналған шаралар жоспары жобаланды, бекітілді.
Өңірімізде көктем мезгілінде аудан орталығы мен 3 елді мекенмен: Бестоғай, Ажы, Елтай ауылымен көлік қатынасы үзілуі ықтимал. Ол үшін жылда тасқын басталарда жаңағы ауылдарға тиісті азық-түлігі, дәрі-дәрмегі ертерек жеткізіледі, дерті созылмалы жандар мен жүкті келіншектер аудан орталығына уақтылы әкетіледі.
Аудан аумағында 4 гидротехникалық қондырғы баршылық. Сілеті су қоймасы мен Шымбұлақ плотинасының жағдайын, су деңгейін «Казводхоз» РМК-ның мамандары толық бақылауда ұстайды. Екі гидротехникалық құрылғының суы жоспарлы негізде ағызылды.

Қазіргі таңда Сілеті су қоймасының толтырылым деңгейі 60 пайыз, Бәймен плотинасы – 40-45 пайыз. Өзге екі плотинадағы су ағызылымын реттеуге келмейді. Шымбұлақ плотинасының суы сифоны арқылы толтырылымына қарай ағызылады, қазіргі таңдағы деңгейі – 60-65 пайыз. Өлеңті плотинасы бетон бөгеті арқылы ағызылады, қазіргі судың деңгейі 85 пайыз.
-Ерлан Оралұлы, тасқын қаупінің жақындауына орай, тұрғындарға қандай ұсыныс-кеңес берер едіңіз?
-Салалас бөлім бүгінгі күні тұрғындарға бірінші кезекте жеке үй мен өзге объектісінің төңірегіндегі қарын күреуді ұсынады. Инертті материал: күл, құм, қап қамдап алған дұрыс. Су жүретін арна мен арық белгіленуі, ол уақтылы тазартылуы шарт. Кар күрейтін, тоң оятын күрек, сүймен даяр болсын.
Үйі әлде кеңсес аласа өңірде, тоғанға тікелей жақын орналасқан тұрғындар, оған қоса өткен жылдары үйін су басқан жандар өз ауласынан су ағызатын жабдық алдырғандары, кез келген жағдайда көшуге даяр болғандары дұрыс.
Төтенше жағдай туындағанда, назар аударарлық барлық сауалдар бойынша 101; 2-21-10; 79-950 телефоны арқылы Ерейментау ауданының төтенше жағдайлар бөліміне, 2-38-45; 2-13-33 телефоны арқылы аудан әкімдігіне әлде 112 телефоны арқылы хабарласуларыңызға болады.

Әңгімелескен Людмила МАРКОВА.