ҚАМШЫ ӨРУ ДЕ – ШЕБЕРЛІК

«Әке көрген оқ жонар…» демекші, әкенің, үлкендердің игі ісін өнеге еткен, санасына тоқып өскен ер баланың келешегі баянды болатыны әмбеге аян.
Ауыл баласының да түрлі өнерге икемділігін, ықылас-ниетін, талап-талпынысын анық аңғарып жүрміз. Әсіресе жабағы үйретіп, тай жаратқан, ат спорты ойынына қызығушылық танытқан інілерімізді көргенде көңіліміз тояды. Ажылық жасөспірімдер мен жастардың талай дүбірлі жарыста алдыңғы қатардан орын алғанына да көпшілігіміз куәгерміз. Осының бәрі атбегілер мен тәлімгерлердің еңбегінің жемісі.
Ажы негізгі мектебінің оқушылары Мұхаметали Қайролла мен Абдуали Қайролланың (суретте) қамшы өру әдісіне бейімділігін аңғардық, іштей сүйсіндік. Міне балалардың тырнақалды бұйымы да әп-сәтте даяр болды.Сырттай бақыласаңыз – шеберлік негізінің барына көзіңіз жетеді. Ат әбзелдерінің қолданыс ретін жақсы білетін жасөспірімдердің жаңағы өнерінің әлі де ұшталатынына, теңдес жолдасына да жан-жақты насихаттайтынына сеніміміз кәміл.
Ақпараттық технология қарыштап дамыған, жаһандану белең алған кезеңде өскелең жастың ата кәсіпке ден қойғанының өзі зор ғанибет. Сонымен ұлттық өнеріміздің даму негізі, қайнар көзі ауылда ефкенін байқатып отыр. Оны жалғастыратын жастардың табылғанына екі шәкіртіміз анық айғақ. Қолдаушы-демеуші табылса – шағын шеберхана ашқызуға, іске икемді жасөспірімдерді бір арнаға топтастыруға әбден болады. Бұл – келешектің ісі деген ой түйдік.
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры», «Рухани жаңғыру» бағдарының баяндылығы төл өнерді қайта түлетуге, баршаға мирас етуге, ұлттық бұйымдарымызды әлемдік дәрежеде әспеттеуге негізделіп отыр. Оны қолға алатын – бүгінгі талапты жастарымыз.

Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.