АРДАҚТЫ АҒАЙЫН! ҚАДІРЛІ ЕРЕЙМЕНДІКТЕР!

Кеңестік идеология жетегінен арылған, еліміз егемендік алған шақтан бері Шығыс күнтізбесі бойынша тойлана бастаған, бүгінде қазыналы дәстүрімізге айналған төл жаңа жылымыз – Әз Наурыз қасиетті босағамызды аттады.
Күн мен түн теңелетін, ел ырысқа кенелетін, Табиғат-Ана оянатын, айнала жасыл желекке боянатын Ару көктем мейрамы бүкіл тіршілік атаулыға жаңа өмір, бой мен ой сергектігін сыйлайды. Әйгілі Самарқанның көк тасы жібіген күн ретінде ел есінде қалған қастерлі мейрам оңтүстік өңірімізде шат-шадыман тойға ұласқанда, тоң-мұзы әлі жібіп үлгермеген солтүстігіміз де кең пейілмен, көтеріңкі көңілмен, ынтымақ-бірлікпен игі істің қамына кіріседі.
Ежелден негізгі қам-қарекеті, үй тұрмысы төрт түлікпен, орайласқан қазекемнің де ауласы төлге, дастарханы құнарлы да нәрлі дәмге, ордасы әнге толады. Ақ ұғымын ежелден ерекше қасиеттеген халқым бұл түспен негізгі ризығы – сүт тағамын меңзейді. Көк түсті негізінен жайлауда алғаш өсіп-өнген, төлге әл, малға қоң беретін алғашқы жасыл азығы – шөппен орайластырады.
Диқан қауым да көктен иіп, жерден берсін деген ниетпен алғы күннен, дағдылы кәсібінен мол үміт күтеді.
Күнтізбелік Жаңа жылымыздың негізгі тағамы – құрамына жеті дәм кіретін Наурыз көжеміз ырыс-несібеміздің молшылығын, елдің тоқшылығын меңзейді. Ұлыс күні қазанымыздың ырысқа толғаны – келешекте дастарханымызға бақ-береке қонғаны.
Баршаңызға қазақша жыл қайыру кестесі бойынша келіп жеткен Доңыз жылында толымды табыс, береке-бірлік, кетпес дәулет, сарқылмас ырыс молшылығын тіледік. Өмірлеріңіз мәнді, тұрмыстарыңыз сәнді, ұл-қыздарыңыз ұлықты-қылықты, дендеріңіз сау, мал-жандарыңыз аман, мамыражай бейбіт тыныш заман болсын.
Раушан НҰРҒАЗИНОВА, газет редакторы.