БАҒА ЖЕТПЕС ҚАСИЕТТІ ТАҒАМЫМ…

Баға жетпес қасиетті тағамым,
Таңдап берген ұрпағына халалын.
Бала кезде нәріне мол қанықтық,
Балбармақты, кеңпейілді ананың.
Мал төлдесе – Уыз жеген жас шағым,
Таңдайыма ақ тамызған бақ таңым.
Көбік жалап Құрт қайнаған қазаннан,
Сүт піскенде қырып жеген қаспағын.
Балқаймағым – ерекше бір тағамым,
Риза еткен жолаушысын, қонағын.
Қоштасарда бата берген келінге:
« Таңдайыңнан ақ кетпесін, қарағым!»
Ана-әже кең пейілді, береген,
Бала десе пәк көңілі кеңейген.
Қызғаныштан таяқ алып қумайтын,
Ауласында құрт ұрласақ өреден.
Сүрлеп сақтап сары майды қарынға,
Дәм татырған көрші – тұтас ауылға.
Тіл үйірер дәмі қандай ерекше,
Жаңа уақыт айналдырды сағымға.
Жал мен жая, шұжық, қазы-қартасы,
Нәрлі сорпа езілген құрт малтасы.
Қазандықты мол ырыспен толтырған,
Қазыналы әжелердің арқасы.
Ыстық наны пісірген қи-тезекке,
Қамыр илеп анам түскен әлекке.
Сары маймен Мыжымасын жеу үшін,
Барлық бала тұрушы едік кезекке.
Майға піскен Құймақ қандай қастерлі,
Қасиетті жұмаға да дөп келді.
Шелпегі мен ақ бауырсақ сәнімен,
Дастарханға ырыс келді, бақ келді.
.Әспеттеген қысқы соғым Шекесін,
Қонағына сақтап әрбір мүшесін.
Қарттарымның батасымен көркейіп,
Дастарханның Алла берген есесін.
Дертке дауа саумал сүтім, қымызым,
Сусын, көлік, тамақ болған түлігім.
Ен жайлауда биелерім көк шөп жеп,
Ішетұғын судың тұщы-тұнығын.
Біздің жақта түйе, әттең, өспейді,
Батысы мен оңтүстікке беттейді.
Қасиетті қымыраны, шұбаты,
Солтүстікке, шығыс жаққа жетпейді.
Тәбет ашар қуаты мол жап-жақсы,
Ерітілген сары майдың тортасы.
Шербеті мен шоколады байырғы,
Дәмді-нәрлі сары ірімшік қоспасы Ұмытылмас айраным мен шалабым,
Ащы көже құты ғой ақ сабаның.
Күн ыстықта қандыратын шөліңді,
Қадір-құнын бағаласаң – жарадың. .
Наурыз көже – қасиетті тағамым,
Ұлықтай біл Ұлыс күні, қарағым!
Елге тілеп тоқшылық пен молшылық,
Жеті санын әспеттеген қазағым.
Кілегеймен күрең шайын демдеген,
Кең пейілмен дастарханды әрлеген.
Самауырын бабыменен қайнатып,
Барлық дертін ығыстырған терменен.
Апа-әже бар тағамын сайлаған,
Ұрпағының денсаулығын ойлаған.
«Е» әрпі мен тентек суды жолатпай,
Қолда бармен жап-жақсы той тойлаған.
Әр тағамда бар ерекше қасиет,
Құндамасаң – басым түсер кепиет.
Келер ұрпақ, қадірін біл ризықтың,
Бұл бәріңе ескеретін өсиет.

Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.