БАРШАМЫЗДЫ ТАБЫСТЫРҒАН ҚАУЫШУ

Халқымыз бүгінгі мейрамды қасиетті Ислам діні қабылданғанға дейін атап өткен, түпкі астарынан діни сипат іздеуге ешқандай негіз жоқ.
Ел аузында көрісу, амал, қауышу атанған салтымыз белгілі уақыт аралығында климаты қатаң қысқы ауа райының жағдайына, қатынас жолының шалғайлығына байланысты өзара жолығыса алмаған жандардың – туыс-жақынның аман-сау жүздесуінің нышаны.Қазақстанның тек күнбатыс өңірінде ғана бұл дәстүр осы күнге дейін сақталып келген. Оны алдағы Наурыз мейрамының беташары ретінде бағалайды. Күн жылынып, жер аяғы кеңіген шақта жайлауға шыққанда жолшыбай жүздескен жандар қуана төс түйістірген, бұрынғы өкпе-назын кешірген. Жаңа жылдың көктемінде тағы да аман-сау жолыққанына шүкірлік ниетпен шексіз қуанған.
Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев ауданымызда жаңағы дәстүрлі мерекені қайта жаңғыртты. Көпшілікпен жаңа кездескеніне қуанышты пейілмен осыдан бірнеше жыл бұрын елге дәм-тұзын ұсынған болатын. Халық қалаулысының игі бастамасын ел жігіттері ықыласпен құп алды. Жуырда «Жібек жолы» тойханасының көркем безендірілген кең залына жиылған қонақтарды қарсы алды. Бәрі де жайма-шуақ көктемге жеткеніне қуаныш сезімімен, амандасып-құшақтасып жатты.
Жиылған меймандарға әуелі мейрамның қасиетті жеті дәмнен әзірленген бас тағамымыз –Наурыз көже ұсынылды. Тойды жүргізуші Зухрат Хамзин мерекенің өңірімізге оралу тарихына, түпкі мәніне, халық санасында жаңғыру ретіне тоқталды. «Тәңірім баршамызды, туыс-жұрағатымызды оттан-судан, тіл-көзден, бәле-жаладан сақтасын, мал-жанымызды аман етсін» ұғымы ежелден бұлжымас қағидамызға, елмен мәңгілік бірге жасасатын бойтұмарымызға айналып келеді.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Әбдин көпшілікке ақ батасын арнады. Ұлттық киімдегі сыйлы қос әжеміз баршаға шашу шашты. Өңірімізге танымал өнер иелері: Медет Жетпісов, Нұрболат, Алдияр Алдасүгіров, Гүлдана Боранбаева, «Салтанат» бишілер ұжымы, өзге шеберлеріміз ортамызды әсем ән-күйге бөледі, тартымды бимен көмкерді. Кәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты Нұртас Маңдаев пен оның зайыбы Маржанның немересі Арсеннің келешегі жарқын, жолы ақ, өмірі бақты да баянды болсын деген ниетпен тұсауы кесілді. Бұл рәсімді Парламент Мәжілісінің депутаты жүргізді. Мереке ән-бимен жалғасты. Әскербек Бәйділдин мен Ербол Дүйсенов терең мазмұнды, тартымды да қызғылықты төл шығармасын оқып берді. Шаршы топтағы көңіл-күй, шат күлкі, көпшіліктің ризашылық өң-жүзі – бәрі-бәрі жаңа жылымыздың пердесін сәтімен ашуға септесті. Ел өміріндегі ең мәнді көрісу мейрамына көпшілікті жұмылдырған бастама иелері мен ұйымдастырушыларға ризашылық алғысы арналды. Олар – мәртебелі де беделді жерлестеріміз Жылқыбай Абақаев, Нұртас Маңдаев,Әнуарбек Айтпаев, Совет Нұрғазин, Руслан Хамзин. Салтанат соңында жаңағы азаматтардың әрқайсысы құттықтау лебізін денсаулық, амандық, ынтымақ-бірлік, баянды бақ, Отанға тыныштық тілегімен тәмамдады. Келесі жылы да аман-сау жүздесуге тілектестік ниет білдіріп жатты. Игі бастаманы өзге кәсіпкерлердің, халық қалаулыларының, мемлекеттік қызметкерлердің қолдайтынына үміт білдірді. Көктемгі күн мен теңелетін шақта, Ұлыс мейрамы қарсаңында қолға алынған шара ел ойлағандай деңгейде ұйымдастырылды, қонақтардың көңілінен шықты.
Раушан БАРЖАҚСЫ.
Суретті түсірген автор.