ДАЙЫНДЫҚ ЫРҒАҒЫ ҚАРҚЫНДЫ

Қазақстанның солтүстік өңірлерінде қыс әлі өз күщінде сақталса да, күндіз біртіндеп көктемнің лебі сезіледі. Жылынған күннің әсерімен қар ери бастады. Бұл диқан қауымға көктемгі-дала жұмысына кірісетін уақыттың жақындағанын ескерткеннің нышаны.
Ауылмен аттас «АФ Новомарковка-2010», «Новомарковка-2002» серіктестігі егіншілік саласын дамытуға маманданған. Негізінен бидай баптағанды жөн көреді. Белгілі жер алаңына зығырдың, көпжылдық шөптің тұқымын себеді. Былтыр парға соқа түсірген. Шаруашылықты Әділхан Әскенұлы Сейітжанов басқарады.
Іргелі шаруашылықтың бас агрономы Марат Биғариновпен әңгімеміз бүкіл қам-қарекеті кезекті науқанды сәтімен өткеруге бағытталған алдағы көктемгі-дала жұмысының жоспарына арналды.
Сапалы тұқым – болашақ өнім негізі. Осы қағиданы ескерген шаруашылық былтырғы күзде өз ресурсынан уақтылы тұқым құйып алды. Қосымша элиталы «Шортандинская-2012» сортын алдыруды ниет етеді. Қоймадағы қор механикалық өңделімнен өтуі тиіс, арамшөптен тазартылады. Микробиологиялық препараттармен органикалық тұрғыда бапталады. Бұл технологиялық щаралар сапаны жақсартуға, дақылдың біркелкі өсіп-жетілуіне, зиянкестен сақтауға, түптеп келгенде – сапалы астық өсіруге негіз болады.
Жанар-жағармай маусымдық жұмыс жаппай қолға алынғанда жеткізіле бастайды. Бұл істе іркіліс болмайды.
Тәуекелді егіншілік аймағында егіндегі ылғал қорының да астықтың шығымдылығына тигізер өзіндік ықпалы баршылық. Осы орайда сәуірдің соңында, мамырдың басында, болашақ табысқа жол ашатын, ылғал жабуға арналған іс жоспарланады.
Әрмен қарай К-700, «Блогер» маркалы қуатты трактор іске қосылады да, культиватор арқылы егісалды өңдеу жалғасады. Тырмалауға МТЗ-80 тракторы жіберіледі.
Өткен жылғы орақ жұмысының нәтижесі жалпы жаман болған жоқ. Дәнді дақылдардың гектар өнімділігі 10 центнерден айналды. Озат комбайншылар Қайыргелді Қаналимов, Григорий Павленко еңбекте қол жеткізген табысы үшін аудан деңгейінде ілтипатқа ілікті.
***
Қазіргі таңда машина-трактор шеберханасында жылжымалы техника мен еңбек құралы жөнделуде. Өз ісінің шеберлері, ұзақ жыл еңбек еткен механизаторлар, ретттеушілер ортақ шаруаға бірлесе кіріскен. Иван Косяк, Жасұлан Ысқақов, Андрей Гольцман түрлі маркалы-модификациялы трактордың тетігін жөндейді. Владимир Михов, Виктор Каримулин, Аманжол Рахматулин, Амангелді Әбдірайымов дайындалған тырма тісін ізінше агрегатқа бекітуде. Дәнекерлеуші Жанат Боранбаевтың, автоэлектрші Виталий Шулиннің, КУН маркалы жүк тиегішінің, жанармай көлігінің иелері Мейрамбек Жәкішевтың, Вячеслав Лютцтің өз міндеті баршылық. Инженер Федор Наливайко, шебер-реттеуші Сергей Стасюк, механик Юрий Матюлько, бригадир Аманбай Амангелдинов – бәрі-бәрі белсенділік, саналылық, адал мақсат ниетімен әріптестерін игі іске жұмылдыруда.
Еңбексүйгіш, ұйымшыл ұжым алдағы көктемгі егісті бастауға сақадай-сай даяр.

Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.
Суретті түсірген автор.