ДЕНІМІЗ САУ БОЛСЫН ДЕСЕҢІЗ…

Ақпараттық технология біздің өмірімізде елеулі орын алды. Мәліметтің басым бөлігін әртүрлі сайттан аламыз. Әрине, сапасы мен дұрыстығы – басқа мәселе. Ақпаратты талдай отырып, «Челлендж» сөзіне назар аудардым. Мән-мағынасы әлемнің әр түкпіріндегі ел өкілдерінің айналаны тазарту мақсатымен орайласады. Түпкілікті нәтижесі салыстырмалы фотосуретпен пысықталады.
Челлендж сөзінің мағынасына келейік. Ағылшын сөзін орыс тіліне тікелей аударғанда «шақыру» ұғымын береді. Ол күнделікті ағылшын тілінде «қандайда бір бәсекелестік, үнқатысу әлде қабылдау амалын атқару» мағынасында қолданылмайды. Біздің ұғымымыздағысы – интернет-ролик жанры. Анығырақ айтқанда: блогер оқиғаны бейнекамераға түсіреді де, желіге жолдайды. Ізінше осы тапсырманы өзінің танысына әлде пайдаланушылардың үлкен тобына қайталауды ұсынады. Бүгінгі таңда ластанған өзен жағасын, саябақ алаңын, қала-ауыл көшелерін тазартуға арналған челлендж әлеуметтік желілер арқылы бір елден келесі елге таратылуда. Тек өткен аптада ғана Орал қаласында кең ауқымды іс ұйымдастырылды. Қала тұрғындарының күшімен Жайық өзенінің жағасында қыс ішінде өлген 108 тонна балық жиылып алынды. Оралдықтардың бұл үндеуін Астананың қайырымдылық клубы қабыл алды. Олар күн жылынғанда Елорда мен жақын аумақтағы түрлі мөлтекаудан маңын жиыстыруға үн қосады. Айта кететін, бізге де белгілі болған жайт, әрбір адам жыл ішінде 300 келіден астам әлде 1,5 текше метр қоқыс шығарады. Ал егер Сіз көппәтерлі үйде тұратыныңызды ескерсеңіз, онда бір үйден қанша қоқыс шығады екен. Бұл, ел көлемін есептемегенде, бір үй тұрғындарының талдамалы есебі. Іс жүзінде республикада жаңағы қалдықтың тек 30 пайызы ғана қайта өңделеді. Егер айналаны рұқсат етілмеген алаң жайласа, тұрмыстық қоқыс кесте бойынша әкетілмесе, онда қала аумағының қандай күйге енетінін көзге елестетудің өзі қиын.
Ал сіз қоқыстың жерде қанша жыл жататынын білесіз бе? Оны ыдырату үшін қанша уақыт қажет? Мысалы, қағаз 2 жылдай уақытта, қаңылтыр ыдыс 100 жылда, шыны кемінде 1000 жылда ыдырайды. Пластикке -200-1000 жылға дейін уақыт қажет. Алаңдағы қоқыс мидай араласып кеткен, тығыз престеліп қалған. Мұндай жағдайда, оттегі жетіспесе ыдырау қарқыны бәсеңдейді.
Үкімет биыл әртүрлі қоқысты бөлек жинастыру туралы шешім қабылдады. Ерейментауда да люминесцентті шамды, батареяны жеке салатын күлгін түсті контейнер қойылғанын көбі аңғарған болар. Қалай ойлайсыз? Бұл істің мәнісі неде? Мән-жайды түсіндіруге пластиктің, люминесцентті шамның, батареяның зиянды қасиеті туралы интернет-сайтының деректерін пайдаландық. Сонымен, жинақы люминесцентті шамның құрамында 3-6, жолақты шамда -20-50 миллиграмм сынап баршылық. Шам бірінші сыныпты қауіптілік («төтенше қауіпті») қалдығына жатады. Өйткені, егер ол сына қалса, онда сынабы сыртқы ортаға түседі. Сынап пен оның қосылыстары жүйке жүйесін, бауырды, бүйректі, асқазан-ішек жүйесін, тыныс жолдарын зақымдайды. Мұндай шамды (әсіресе дене қызуын өлшегішті) лақтырып тастамаңыздар, қауіпсіз орынға өткізіңіздер. Батареяның, аккумулятордың, өзге химиялық ток көздерінің құрамында ауыр металл, соның ішінде айрықша қатерлі сынап пен кадмий болады. Қоршаған ортаға түскен олар топырақ пен суды былғайды, мол уытты қосылысқа айналады. Қалада пластик ыдыс жинайтын контейнер орнатыла бастады. Пластик – бірегей материал: берік, жеңіл, икемді, арзан. Алғашқысы небары 100 жыл бұрын пайда болған. Ал бүгін әлемде өндірілетін пластик 150 миллион тоннаға жуықтайды. Пішінінің тегістігі арқылы ауа мен суда қаншама қашықтыққа таралады. Пластик бұйым жаңылысып жеп қоятын көптеген хайуанаттардың өліміне сеп болуда. Отқа тигенде ауаға зиянды иіс бөлінеді. Ыдырағанда да топырақ пен суды ластайды, тіпті тағамымызға да араласуы әбден мүмкін. Қазір, тұрмыстық қатты қалдықты өңдейтін желі іске қосылған ірі қалалардан бөлек, органикалық қалдық, пластик, электротехника, химиялық зат, өзге бұйым бір орынға аралас үйіле береді. Жаңағы қоспа шірігенде, атмосфералық ылғалдың ықпалымен фильтрат – қалдық ыдыраған өніммен қанығатын сұйықтық шығады. Ол топыраққа сіңеді де, жерасты суын улы затпен, ауыр металл қосылысымен ластай береді.
Бұдан бөлек, аумағы атшаптырым алаңдағы органикалық қалдық ыдырағанда парникті газ – метан түзіледі. Ол жинақтала келе, атмосферада парник тиімділігін арттыратын негізгі газдың бірі. Қала мен аудан тұрғындарынан сұрарымыз: қалдық жиналымына арналған челленджге үн қосыңыздар, суреттеріңізді әлеуметтік желіге жолдаңыздар, ол ортақ үйімізді аялағанымыздың, өзіміздің және келешек ұрпағымыздың денсаулығын ойлағанымыздың нышаны болсын. Ең қызықты суретті жерлестеріміздің аты-жөнімен газетке жариялайтын мүмкіндігіміз бар.
Раушан БАРЖАҚСЫ.