ЕЛ ЖАСТАРЫНЫҢ СЕНІМІ

Өткен аптада Үмбетей жырау атындағы аудандық мәдениет үйінде кітапхана қызметкерлерінің аудандық семинары ұйымдастырылды.
Елбасының «ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ» бағдарламалық құжаты аясындағы «Ел жастарының тарихы» тақырыбы бұл жолғы әңгіме өзегіне айналды. Шара пердесі құжаттың негізгі тарауларына арналған аса бай, иллюстрациялық кітап көрмесімен ашылды. Жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері Динара Сәдуақасова мен Ләззат Сырымбетова көзбен көргенімізді қызықты әңгімемен толықтырды. Қала мен ауылдан экскурсияға жиналған әріптестер түрлі сала қамтылған мол ақпаратқа қанықты. Атап айтқанда мәдениетті дамытудың негізгі бағыттары, темір бұйымы өндірісі, егін, мал өсірілімі, республикамыздың ежелгі киелі орындары әңгіме өзегіне айналды.
Әдет-ғұрып залында жас оқырман ағылшын тілінде танымдық тұсаукесер тақырыбын ұсынды. Шаршы топтағы қала мектептерінің мұғалімдері мен оқушылары, музей қызметкерлері солтүстік Қазақстан аумағындағы Батай мәдениетінің тіршілігі туралы бейнефильмді қызыға тамашалады. Мектеп оқушылары бұл жерде Қазақстан төңірегінде, Ереймен көлемінде жылқы шаруашылығының өркендеуі, қолданбалы өнердің дамуы, табиғи байлығы, брендтік өсімдік дақылдары – алма мен қызғалдақ, Ұлы жібек жолының дамуы, түрлі елдермен сауда-саттық жайындағы ақпарымен бөлісті. Балалар кітапханасының қызметкері Надежда Серова бағдарламалық құжат туралы алынған ақпарды қорытты. Өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі терең мәнін атап өтті. Жастарды өз елінің шынайы патриоты болу үшін туған жердің тарихы мен мәдениеті туралы көбірек оқуға шақырды. Тақырып аясында пікір бөліскен аудандық музейдің қызметкері Манап Әдірешев туған өлке шежіресіне өлшеусіз үлес қосқан адамдардың есімін атады. Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін!» өлеңін оқып берген Әнел Алдмжұманованы жеке даралауымыздың жөні баршылық. Жас ақындар Әйгерім Амангелді, Жұмағұл Назира төл шығармасын оқыды. Студент Маржан Бекарыстанова қобызда ойнау шеберлігімен баршаның көңілінен шықты.
Ауданның орталықтандырылған кітапханасының меңгерушісі Ұрқия Қанафина Елбасының мақаласын көпшілікке танымал етуге арналған жұмысқа қысқаша талдама жүргізді. Мектеп педагогтарына, кітапханашыларына, оқушыларға ғылыми-зерттеу ізденісі, қызықты қойылымы үшін алғыс айтты. Семинарға қатысушыларға белсенді жұмысы үшін Грамота, естелік сыйлық ұсынды.
Семинардың келесі бөлімінде жаңашыл әдістеме эстафетасы табыс етілді.
Раушан БАРЖАҚСЫ.
Суретті түсірген автор.