ФЕРМАНЫҢ ЫРҒАҚТЫ ЖҰМЫСЫ

Біз Новомарковка ауылына келген күні, елді мекендегі «Хамзе» шаруа қожалығының тауарлы-сүт фермасы жоспарлы режимі бойынша жұмысын жүргізіп жатты. Бүгінгі күні сиыр бұзаулай бастаған. Жемазық қоры жеткілікті. Кадр әлеуеті де мықты, құзыретті. Бұл аграрлық сала кәсіпорнының басты қағидасы.
Бапты күтімдегі симментал тұқымдас шет елдік сиыр өз орнына жайғастырылған. Елочка аталатын алаңшада бәрі тиісті рацион бойынша азықтандырылады. Қи-көңі залдың бойымен орнатылған транспортермен шығарылып тұрады. Қыста малды байлап күтетін оттық қарастырылған. Жеке ыдысқа ішетін суы құйылған.
Қазір 130 бас ірі қара қолда ұсталуда. Сиыр күніне екі мезгіл – таңғы сағат 5.30-да, кешкі сағат 18.30-да сауылады. Сауыншылар Райхангүл Қасенова, Анна Шлидт, Виктория Кубышева өз міндетіне саналылықпен қарайды, бүкіл істі адал атқарады. Сауылған сүтті Павлодар қаласының «Фудмастер» фирмасы, Торғай ауылындағы «Сыроделкино» өндірістік желісі жүйелі түрде сатып алады. Аудан орталығының сауда орындарына жеткізіледі, ауылдың балабақшасына беріледі. Малшылар Қонысбай Амангелдинов, Ахметжан Шәйімов, Рафаил Муфтахудинов, Виталий Комаров, бұзау күтушілер Виталий Рейн, Амангелді Ақботин, Владимир Басов бекітілген түлікке ұқыпты қарайды, зоотехникалық норма шеңберінде азықтандырылым режимін ескеріп отырады. Төлдің ширап-өсуі, сүт мөлшері берілетін азықтың жұғымы мен құнарына, әртүрлілігіне тікелей байланысты екенін бәрі жақсы біледі.
Механизаторлар Илья Морозовский, Михаил Гаврутиков, Иван Пискунов, Жанат Барманов тиісті ауысым негізінде фермаға жемазық жеткізіп береді. Слесарь-дәнекерлеуші Абай Нұрғазин транспортер мен конвейердің – барлық механизмдердің қалыпты жұмысына жауапты. Өйткені санитарлық тазалық игі істің негізгі қағидасы. Шаруа қожалығының негізгі өнімі болып табылатын сүттің сапасы да, ұжымның еңбек жағдайы да оған тікелей тәуелді. Бүкіл жұмыс Виктор Ворониннің, инженер Қайырбек Биекеновтың басшылығымен шебер ұйымдастырылған.
Ұйымшыл, шағын ұжым сүт өндірісін еселеуді, бұзау санын көбейтуді, бүкіл малды жазғы күтім алаңына шығарылғанша шығынсыз аман өсіруді ниет етеді. Біз де ауылдастарымыздың қолға алған міндетін табысты атқаратынына сенімдіміз, оған ортақ мақсат, ізгі ниет сәтімен септесіп келеді.
***
Фермада күтімге алынған сауын және қысыр сиырға құрамажем даярлайтын жемазық цехының жұмыс ырғағы қызықтырды. Ол – Германияда құрастырылған «BUSCHHOFF» бірегей қондырғысы. Толық қуаттылығы сағатына 5 тонна өнім даярлауға арналған. Қазіргі уақыттағы тәуліктік сұраныс – 2 тонна.
Шикізат әуелі, технологояға сәйкес, бункерге түсіріледі. Ізінше компьютерлік бағдарлама бойынша тиісті рецебімен азық әзірленеді. Әрмен қарай межелі шамадағы дайын өнім шығарыла бастайды. Бүкіл жұмыс барысы компьютерлендірілген. Негізгі технологиясын алыс шет елдегі жеткізуші фирма бақылауда ұстайды. Бұл аграрлық саладағы сандық технология енгізілімінің алғашқы қарлығашымен пара-пар.
Бас энергетик Виталий Петрович Головко, электрлендіру саласында он бес жыл еңбек еткен, жұмыс жүйесі мен өнім шығарылым технологиясын жетік меңгерген білікті маман.
Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.
Суретті түсірген автор.