ІЛКІМДІЛІК – ІС ТЕТІГІ

Ауыл шаруашылығы өндірісінің тәжірибелі басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Ержан Биекеновтың жетекшілігіндегі «Хамзе», «Жалғас Агро» шаруа қожалығының төңірегінде егіс бригадасының бригадирі Виктор Михайлович Воронин бізді жылы қарсы алды.
Әңгіме барысында мал азығын дайындайтын ұжымның жалпы егістік алаңы, дақыл ассортименті, техникалық жарақтандырылымы, кадр әлеуеті назарымызды аудартты.
Шаруашылық симментал тұқымды сүтті мал күтіміне маманданған. Осы орайда механизаторларға тауарлы-сүт фермасын жеткілікті шамада азықпен жабдықтауға тапсырма жүктелген. «Сиырдың сүті – тілінде» деген танымал қағидаға сәйкес, жұғымды шөптен өзге қоспа азықтың мол үйілімі жердің ұқыпты күтіміне, еңбек құралының уақтылы әзірлігіне тікелей байланысты.
Егістік алаңының жалпы аумағы – 10000 гектар. Алқаптың басым бөлігі бидайға арналған. Бұдан бөлек, сүрлемдік жүгері, эспарцет, судан шөбі, малазықтық арпа егіледі. Жазда-күзде жиылатын бүкіл түсім маяға уақтылы жеткізіледі. Сапасы мен азықтық құнарының сақталымына жіті мән беріледі.
Қазіргі таңда биылғы жылдың егініне, жалпы алаңы 400 гектарды қамтитын, бидайдың, арпаның, судан шөбінің, жүгерінің тұқымы даярланған. Бұл дақылдар суармалы танапқа себілмек. Негізгі мәселе түйіні алқаптағы ылғалдың аздығымен орайласады. Дегенмен дұрыс ойластырылған агротехникалық технологияның нәтижесінде соңғы төрт жылдың ішінде гектар өнімділігі 10 центнерден асып отыр.
Машина-трактор алаңында К-700 маркалы сегіз трактор, Т-4 маркалы төрт трактор, «Вектор» маркалы астық жинайтын алты комбайн, егін себетін құралдар баршылық. Қазіргі таңда еңбек құралы көктемгі егіс науқанына бейімделіп, реттелуде.
Ұжымда өз кәсібін, техника тілін жетік меңгерген байырғы ауылдастар тұрақты еңбек етеді. Олардың әрқайсысының өз бедел-мәртебесі баршылық. Бәрі де шаруашылықтың мақтанышы, ортақ іске, тірек елді мекені мен тұтас аудан экономикасының өркендеуіне жаны ашитын жерлестер. Атап айтар болсақ: Михаил Макшанцев, Рамиль Комлев, Иван Русакович, Иван Пискунов, Өмірсерік Айтжанов, Қанат Сейітқазинов, Илья Морозовский, Абай Нұрғазин.
Алқаптың егісалды өңделімі-егіс науқаны- мал азығы әзірленімі – егін орағы- сүдігер жыртылымы. Мақаламызда есімдері аталған ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің жыл он екі ай бойы жалғасатын жұмыс тізбегі осындай.
***
Менің кейіпкерім Виктор Ворониннің агроөнеркәсіп саласындағы жалпы еңбек өтілі 40 жыл. Ерейментау аудандық мамандандырылған шаруашылық бірлестігінің бұрынғы директоры, соғыс және еңбек ардагері, марқұм Алексей Камышныйдың жетекшілігі кезеңінде жерлесіміз ауыл шаруашылығы өнімінің қалыпты өндірісіне өлшеусіз үлес қосты. Биыл отыз бесінші егіс көктемін қарсы алмақ ниетте. Сондықтан ауылдасымызға ғұмырында талай мәрте жаяу жүріп өткен Новомарковканың әрбір шоқы- төбесі, ой-шұңқыры, егістік-шабындығы бес саусағындай жақсы таныс. Өткен кезең ішінде ауа райымен, өзге жағдаймен орайласқан талай қиындық-сынақ, жағымды жаңалық есте қалды. Алайда, ақыл-парасат пен тәжірибенің арқасында бүкіл қиындықты сәтімен еңсере білді. Сондықтан күн жылынған шақта кешегі диқан үйреншікті дағдысымен егінжайға бет алады. Бұл саналы ғұмырын өткерген, өз қолтаңбасын қалдырған туған жер топырағына сүйіспеншіліктің нышаны.
Виктор Михайловичтің тиісті ауыл шаруашылығы білімі баршылық. Кезінде зайыбы Александра Воронинамен бірге Қостанай механикалық-технология техникумын ойдағыдай тәмамдап алды. Дәл осы негіз кешегі жас маманға өмірден абыроймен орнын табуға, ауылдастарының құрметіне бөленуіне септесті. Осыдан үш жыл бұрын ауылдасымыз адал еңбегі үшін тәуелсіз Қазақстанның «ЕРЕН ЕҢБЕГІ ҮШІН» марапатына ұсынылды. Бұл ауыл шаруашылығы еңбеккерінің мемлекет алдындағы қызметінің лайықты бағасы.
Ерлі-зайыпты Ворониндердің отбасында екі бала, үщ немере өсті. Ата мен әже Степногорскіде білім алып жатқан, көркем гимнастикадан спорт шеберлігіне үміткер немересі Алина Воронинаның табысын қуаныш сезімімен айрықша мақтан тұтады.
Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.
Суретті түсірген автор.