ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК – ӘРБІР ОТБАСЫНА

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Астанада жуырда өткен кеңесте әлеуметтік саясат мәселесі қаралды. Әңгіменің мәнісі қазақстандықтардың әл-ауқатын оңалтуға, тұрмысын жақсартуға лайықталған шараларды өз деңгейінде жүзеге асыруға арналды.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Марина Сердцева директивалық құжат талаптарынан туындайтын тапсырманы орындауға арналған шаралар аясында ақпар ұсынды. Ауданымызда қоныстанған отбасыларға жәрдемақы тағайындалымына, төлеміне қатысты мән-жайды түсіндіріп берді.
-Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанынан бастап жоспарланған атаулы әлеуметтік көмекке қандай санаттағы жандар үміттене алады?
– Жаңағы әлеуметтік жәрдем ел аумағында тұрақты қоныстанған, орташажандық табысы кедейшілік шегінен төмен азаматтарға, азаматтығы жоқ тұлғаларға, босқындарға, репатрианттарға тиесілі.
– Бекітілген төлем шамасы, ағымдағы бюджет жылымен үйлесімді көрсеткіштер бойынша, қалай белгіленбек?
-Кедейшілік шегі 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап 20789 теңге болмақ. Ол 29698 теңгеге бекітілген күнкөріс шегінің 70 пайызына тең. Осылайша, ақтық төлем қосындысы 20789 теңге болады.
Егер отбасының орташажандық табысы бекітілген сомадан аспай қалса, онда ол әрбір балаға он сегіз жасқа толғанша жәрдемақы алуға құқылы. Отбасының өзге өкілдерінің айырмасы орташажандық табыс пен кедейшілік шегінің аралық қосындысы арқылы белгілі болады..
Мысал ретінде бір отбасын алайық. Бір ананың қолындағы үш баланың біреуі 18 жасқа дейінгі студент. Бірлескен кірісі -82000 теңге. Төрт жанға арналған орташажандық табыс – 20500 теңге. Бұл ананың атаулы көмек алатын құқығы баршылық.
Үш балаға арналатын жалпы төлем шамасы келесідей тәртіпке сәйкестеледі: 20789 х 3 = 62367. Анаға тиесілі АӘК шамасы орташажандық табыс пен кедейшілік шегінің аралық айырмасына негізделеді. Нақты есебі былай шығады: 20789 – 20500 = 289. Нәтижесінде жаңағы отбасына жалпы 62656 теңге тиесілі болады.
– Төлемді жаңа жүйемен есептегенде алдыңғысына қарағанда қандайда бір айырмашылық бар ма?
– АӘК ертеректе небары 1156 теңге төленіп келді, яғни ол 289х4=1156 есебіне негізделді. Қазіргі таңда 61500 теңгеге көтерілді. Сонымен жаңа жүйенің бірталай артықшылығы аңғарылды. Ана ұлы әлде қызы жеті жасқа толғанша сәби күтімімен демалыс алатын құқықты иеленеді.
-Бұдан бөлек, АӘК төлемі қандай санаттағы жандарға қарастырылған?
– Отбасындағы ешбір адамның жұмысқа кіруге мүмкіндігі болмаса, шартты көмек қарастырылады. Оған отбасы өкілдерінің мүгедектігі, зейнеткерлік жасы, стационарлық емі негіздеме болады. Мұндай жандарға 3 айлық мерзімге жәрдемақы тағайындалымы қарастырылған. Дегенмен, тұрақтылықты әлде мерзім ұзартылым мақсатын көздемейді. Сондықтан отбасының еңбекке қабілетті адамы қайта біліктіліктен өтуі, қоғамдық жұмысқа баруы, әлеуметтік жұмысқа, жастар тәжірибесіне сұрануы, шағын несиеге өтінім түсіруі шарт.
-Жәрдемақы тағайындатуға лайықты өтініш қарастырылғанда бірлескен табысқа не кіреді?
-АӘК- нің өзі саналмайтын, бүкіл кіріс: тұрғын үй көмегі, нәресте туғанда берілетін, жерлеу рәсіміне, табиғи апатқа лайықталған жәрдемақы, оқудағы студентке арналған қаржылық-материалдық көмек есепке алынады. Студенттердің шәкіртақысы, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлерінің, мүгедек баланың жәрдемақысы 1 сәуірден бастап ортақ есепке енгізілмейді.
– Ауладағы жеке шаруашылықта өндірілген, отбасының тамағына жұмсалатын өнім ортақ табысқа енгізіле ме?
– АӘК төлеміне қатысты мәселе қарастырылған сәттен бастап қосалқы шаруашылықтың өзіндік есебі енгізілмек. Анығын айтқанда, ауладағы тікелей өндірістік шығынына, жалпы, таза кірісіне лайықталған нормативтік қаттама жүргізіледі. Осылайша ол қайтадан мұқият есептеледі. Бұл жерде бір шартты бастың орташа шығын деңгейі асып түсті. Оған қоса оның орташа өнімділік көрсеткіші өзгертілді. Мысалы, етті бір ірі қараның кірісі 50898, 74 теңге болып есептелді. Бұрын ол 61357,20 теңге еді.
-Жергілікті жерде бұл мәселе бойынша қайда жолығуымыз қажет? Отбасының табысы есептелгенде тағы қандай қаражат есепке алынады?
-Ауыл халқы өз өңіріндегі әкімдігіне, қалалықтар «Жұмыспен қамту орталығы» мемлекеттік мекемесіне жолығуы шарт.
АӘК төлміне отбасының табысы туралы анықтама ұсынғанда ата-ананың жалақысы, асыраушысынан айрылғандарға тиесілі, жасына байланысты арнаулы мемлекеттік көмек, сондай-ақ алимент (егер төленіп жатса) туралы дерек қоса берілуі міндетті. Алдында алиментке арыз түсірмегендер оны тиісті орындарға өткізуі шарт. Осы мәселемен жолыққандар, сот орындаушысының қолы қойылған, жауапкердің төлемейтін себебі көрсетілген анықтамасын қосы ұсынуы тиіс. Өздігінен кәсіп атқаратындардың минималды жалақымен үйлесімді кірісі де отбасылық бюджетке қосылған үлес ретінде бағаланады. Істің мәнісі еңбекке қабілетті азаматтардың бәрін пайдалы кәсіпке бейімдеуге негізделеді. Жәрдемақы есептеліміне қатысты туындаған барлық сауалдар бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің №5 кабинетіне 2-19-64; 2-11-73; «Жұмыспен қамту орталығы» мемлекеттік мекемесіне 2-41-08 телефоны арқылы хабарласа алады; ауылдық жерде округ әкімдігінің ассистентіне жолығады.
Қорытынды. Таяу уақытта құжаттардың электронды нұсқада қаралым мәселесі ойластырылуда. Дегенмен әзірше құжат қағаз үлгісінде қабылдана береді. Барлық өзгеріс жайында халыққа қосымша хабарланады. Әріптестеріміз бүгінгі таңда осы мәселе аясында құзыретті органдар бекітетін жаңа заңнама актілерін күтіп отыр.
-Ақпарат ұсынғаныңызға рахмет.
Жазып алған Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.