ТҮЛЕК ТІЛЕГІ – АРМАН АСУЫ

Кез келген мектеп түлегінің алдында үлкен арман – тілек бар. Әр мектеп бітіруші өз болашағына алаңдаулы. Оған үлкен себеп те бар. ҰБТ тапсыруға санаулы уақыт қалды. Жыл сайын сыннан өткізетін ҰБТ мектеп түлектерін де, олардың ата – аналарын да, тіпті он бір жыл білім берген ұстаздарын да алаңдататыны сөзсіз. Әр мектеп бітірушінің алдында «Қандай мамандық таңдаймын, болашақта мен қандай мамандық иесі боламын?» деген сауалдар мазалауда.
Олар болашақта өз ісін сүйетін, мемлекетті дамытатын маман болатынына сенімді ме? Менің ойымша, бұл сауалға кез келгеніміз жауап бере алмаймыз. Қазіргі кезде тек мемлекет тарапынан бөлінетін грантқа қызығушылықтың артуда. Бұл тегін оқу үшін өзі қаламайтын оқуға түсетін баланың жайы. Қазіргі кезде арнаулы гранттар техникалық мамандыққа көптеп бөлінуде. Әрине, бұл құптарлық іс. Бірақ, уақыт өте келе , техникалық мамандық иелеріне сұраныс кемісе ше? Осы орайда, менің көкейімді «барлық мамандықтарға грант қаражаты бірдей бөліну керек» деген ой мазалауда. Грантқа түсемін деп 4 жыл уақытын босқа, өзінің жүрегі қаламайтын мамандықты игеруге жұмсаған баладан мемлекетке не пайда? Керісінше, шығын емес пе? Сондықтан, болашақта әр түлектің өзі ұнататын қалауымен мамандықты таңдағаны дұрыс деп есептеймін.
Болашақта біздің тәуелсіз мемлекетімізді кім дамытпақ? Әрине, тек өз мамандығын сүйетін, оны жетік меңгерген маман иесі ғана өз елінің дамуына үлесін қосады.
Осыған байланысты мемлекет басшылары грант бөлу мәселесіне көп көңіл бөлсе екен. Өз мамандығын жүрек қалауымен таңдайтын түлектерге пайдалы шешімдер шығарылса екен. Сонда ғана, Қазақстанымыздың болашағының дамуына кепілдік беретін маман иелері көптеп шықпақ.
Елбасы жариялаған биылғы Жастар жылында осы ұсыныс – тілегіміз сәтімен жүзеге асып жатса – көптеген замандастарымыздың бақ жұлдызы жарқырай жанар еді
Аяулым СЕКЕНОВА,
Өлеңті орта мектебінің 11- сынып оқушысы