АТА-АНА ҮМІТІН АБЫРОЙМЕН АҚТАҒАН

Өңірімізде дүниеге келген жандардың, түрлі сала өкілдерінің ғұмырнамасы – бәріміздің мақтанышымыз. Өйткені олар Ерейментау ауданының тумасы. Бұл жолы сіздердің назарларыңызға 9 наурызда мерейлі 70 жастың белесіне көтерілген жерлесіміз Амангелді Құдабаев туралы «Индустриальная Караганда» газетінің тілшісі Гүлнәр Ысқақованың жазған мақаласын ұсынып отырмыз.
-Бірегей қос тұлға – Евней Арыстанұлы Бөкетов пен Зейнолла Молдахметов кейіпкеріміздің өмірінде елеулі рөл атқарған. Мінез-құлқы мен темпераменті жағынан бір-бірін өзара толықтырған, қайталанбас әріптес, қос арыс әр жылдары Қарағанды мемлекеттік университетіне басшылық етті. Амангелді Құдабаев өз ғұмырында ақылдың кеніне балаған, ғылымға жан-тәнімен берілген, дәл жаңағы зерделі жандарға жолыққанын қайталанбас бақыт, тәңірдің сыйы ретінде санайды.
– Менің атақонысым, алғаш мектеп есігін ашқан өңірім – қазіргі Ақмола облысының Ереймен тауларының баурайындағы Благодат ауылы. Елді мекенде тәртіпке бейімделген, еңбек десе ішкен асын жерге қоятын неміс ұлтының өкілі көп болатын. Отандастарымыз ыңғайлы үй салды, көшелері айнадай жарқырап тұратын. Бізді, әулетіміздегі алты ер баланы, ата-анамыз кішкене күнімізден еңбекке бейімдеді. Үй шаруасына ерінбей араластық. Анамызға қолғанат болдық: киім-кешегімізді де жудық, бауырсақ та, немістің штруделиін де пісірдік, – деп еске алады Амангелді Құдабаев.
Кейіпкеріміздің әкесі Жұмабек ақсақал – Ұлы отан соғысының ардагері. Бейбіт уақытта совхозда қарапайым жұмысшы болған. Амангелді Жұмабекұлы ұрпағының қамын көздеген Зейнеп анасын ерекше ілтипат сезімімен еске алады. Ол кісі өте ақылды әйел еді. «Тек оқу-біліммен ғана көздеген мақсаттарыңа жетесіңдер», деп ұдайы айтып отыратын. Бұл ата-анамыздың бізге жүктеген негізгі аманаты. Амангелді әскерге дейін Целиноград пединститутының математика факультетінің бір курсын тәмамдаған. Әскер өмірі жас жігітті мықтап шыңдады, өз мойнына жауапкершілік алуды үйретті. Мерзімді қызметін өткерген сарбаз туған ауылы Благодатқа келді.
Бірде Қарағанды пединститутының университетке айналдырылғанын, ректорлық лауазымға химия ғылымдарының докторы Евней Букетовтың тағайындалғанын радиодан құлағы шалды. Бұл жаңалық жас жігітке жігер қосты. Көп ойланбастан Қарағандыға жол тартқан талапкер университеттің математика факультетіне бірінші курсқа қайтадан түсті. Жаңағы ғылымға әуестік бастауының бала жастан қаланғанын, оған пән мұғалімі Қызылгүл Нұрғалиқызының молынан септескенін еске түсіріп өтті. Ізденіс пен қызыққа толы студенттік өмір сәтімен жалғасып жатты. Қоғамдық жұмысқа да белсене араласты. Топ старостасы болып сайланды, ізінше қоғамдық декандыққа ұсынылды. Факультет басшысы Тасболат Сматов оған студенттік шәкіртақы үлестіретін жауапты тапсырманы жүктеді. Бұл шалғайдағы ауыл баласына зор сыйластықтың, әділдігі мен ұқыптылығын бағалаудың белгісі.
Университет қабырғасындағы кезең студенттік отряд өмірімен де есте қалды. Жылда жаз мезгілінде бүкіл Қазақстанның, осы сапта Қарағанды облысының студенттері Астрахань өңіріне қарбыз жинауға аттанатын. А. Құдабаев облысымыздың бүкіл отрядтары құрамасының командирлігіне тағайындалды. Қарағанды мемлекеттік университетіне отрядтың тиянақты жұмысына, жас оқытушылар мен құрама командирі А.Құдабаевтың ұйымдастырушылық қабілетінің мықтылығына ризашылық білдірген Алғыс хат жолданып жататын. Ауылдан білім іздеп келген жас коммунист осылайша жоғары оқу орнының ректоры Евней Букетовтың назарына ілікті. Жерлесімізді қайран қалдырған тағы бір тосын жаңалық: университетті тәмамдаған жас маманды, 1978 жылдың қыркүйегінде, ректор өз кабинетіне шақырып алды, іле әкімшілік-шаруашылық бөлімінің проректоры лауазымын ұсынды. Осылайша, 28 жастағы жігіт университеттің ең жас басшысына айналды. Бұл ешкімге жеңіл тимеген кезең еді. Жұмыс бастан асады: физика-математика факультетінің жаңа корпусы, студенттердің мәдениет сарайының ғимараты, жатақхана, өзге әлеуметтік объектілер салынып жатты. Амангелді Құдабаев Евней Арыстанұлын ұдайы жылы лебізбен, ішкі толғаныс сезімімен, зор ілтипатпен еске алады. Басшыны адамгершіліктің, қарапайымдылықтың, еңбекқорлық ниеттің үлгісіне балайды. Ұлы ғалым бойкүйездікке, шалағайлыққа, жағымпаздыққа, дөрекілікке, өркөкіректікке төзбейтін. Қазақстан ғылымының майталманы өзін жас оқытушылардың алдында ешқашан жоғары санаған емес, олармен әріптес ретінде тең сөйлесетін, ағалық ақыл-кеңесін аямайтын, ісімен өнеге көрсететін.
Ректордың қызметтен аластатылған сәті университеттің бүкіл зиялы қауымын, барша қарағандылықтарды дүр сілкінтті. Дегенмен өмір бір орында тұрмайды. Букетовты ғылым докторы, профессор, академик Зейнолла Молдахметов алмастырды. Ол кісі Евней Арыстанұлын өзінің шынайы тәлімгері ретінде санады. Жаңа басшы талап қойғыштығымен дараланды. Адамдарды жақсы танитын, жан-жақты жетілген, көзі ашық, алдағыны тереңнен болжайтын, парасатты жан болды. Осындай қасиеттеріне қоса ғылым саласындағы толымды жетістіктерімен жоғары оқу орнын сапалық жаңа деңгейге көтере білді. А.Құдабаев 1981 жылы Қарағанды мемлекеттік университеті оқытушылары мен қызметкерлері кәсіподағының төрағалығына сайланды. Жаңағы мәртебелі лауазымды тұтас есепті үш кезең бойы – табан аудармастан тоғыз жыл мінсіз атқарды. Осы уақытта Алматыда «Кәсіподақтар халық шаруашылығын дамыту жолындағы күресте» тақырыбы бойынша кандидаттық диссертациясын сәтімен қорғады. Ол жылдары кәсіподақ дегеніңіз назарға өте сирек ілінген ғылыми зерттеу жұмысы болатын. Міне автор сонымен тарих ғылымының кандидаты атанды. Бұл сәт Амангелді Жұмабекұлы үшін кәсіподақ қызметі мен әкімшілік жолмен абыройлы өсуіне де негіз қалағандай болды. 1992 жылы Қарағанды қаласындағы Ленин, кейін Совет ауданы, бертін Қазыбек би атындағы аудан, әкімшілігі басшысының (әкімінің) орынбасары лауазымына тағайындалды. Сол бір осыншама ауыр кезеңде еліміз нарықтық қатынас бағытын ұстанумен қатар өздігінен тәуелсіздік жолына қадам басқан еді. Мемлекеттік қызметтегі жұмыс тәжірибесі Амангелді Құдабаевқа жаңа даңғыл жол салғандай болды. 2002 жылдың мамырында Алматы экономика және статистика академиясы Қарағанды институтының (қазір өкілдігі) ректорлығына ұсынылды. Білім ордасында экономист-маман, қаржыгер, бухгалтер, аудитор, басқарушы-менеджер даярланды. А.Құдабаев ректорлық қызмет атқарған жылдар ішінде оқу орнынан мыңдаған жоғары білікті түлек өмірге жолдама алып шықты. Қазір ол – Алматы экономика және статистика академиясы өкілеттігінің директоры, экономика және статистика колледжінің құрылтайшысы.
Амангелді Жұмабекұлы өнегелі отағасы, ұлағатты әке. Зайыбы Нақия Кәкімқызы 30 жылдан астам уақыт кеншілер медициналық емдеу мекемесінің кардиологиялық бөлімшесінде қызмет атқарды, жоғары білікті дәрігер. Тұңғышы Рүстемнің мамандығы заңгер, полковник, ҚР Бас прокуратурасы кадрлар басқармасының басшысы, қызы Жұлдыз да заңгер, әскери шені майор, ҚР ІІМ Академиясының магистратурасын тәмамдап қалды. Кенжесі Дастан – экономист, еңбек басқармасы бастығының орынбасары қызметінде.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Құдабаевтың республиканы гүлдендіруге еңбегімен үлес қосқанын мақтан тұтуға толық құқығы бар. Амангелді Жұмабекұлының негізгі кәсіби қызметі көршілес Қарағанды облысында өтсе де, өз ауданының, ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуына ұдайы ет тірілігімен назар аударып жүрді. Бөгенбай батырға ескерткіш орнатқызуға демеуші ретінде белсене үн қосты. Аудандық тарихи-өлкетану музейіне де біржолғы көмек қолын созды. Ордалы Құдабаевтар әулетінің аға буын өкілдері әлі күнге дейін туған жерін атақонысқа айналдырып келеді, олар өз еңбегімен, білімімен ата-ана үмітін толық ақтап шықты.