АТАП ӨТТІК МЕРЕКЕНІ СӘТІМЕН

Биыл Өлеңті орта мектебінде дәстүрлі «Наурыз – жыл басы» мейрамы ерекше тойланды.
Жоспарлы іс-шараның бәрі «Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі құтты болсын!» тақырыбына негізделді. Білім ордасының фойесінде сынып оқушыларының бірлік-күшімен ұлттық нақышта көркемделген «Береке», «Шаттық», «Достық», «Тойбастар», «Ынтымақ» ауылдары есігін айқара ашты, осылайша төл дәстүрімізді дәріптеуге ден қойылды.
Айналамызда ән-күй әуеледі. Мектеп директоры Г.Жәниева әріптестерге, шәкірттерге, қонақтарға жүрекжарды лебізін арнады. Биылғы оқу жылының түлектеріне алдағы сынақта сәттілік тіледі.
1-6 сынып оқушылары мерекелік сазды сәлемін ұсынды. Музыка пәнінің мұғалімі Батай Амандық, 2 сынып оқушылары Малика Нағиманова, Милана Мұқашева ән шашуын арнады. Ардагер ұстазымыз Б.Т. Бейсенбекова бата-тілегін жеткізді.
Той-думан әр ауылда сәтімен жалғасты. Бір-бірін Наурыз мейрамымен құттықтаған ер балалар қос қолдасып, төс қағыстырды. Қыздар құшақ айқастырып, игі тілегін айтты. Ата-аналардың көмегімен жайылған дастарханнан дәм алысты, Наурыз көже ішілді.
Дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері Нұрбек Әріпжан, Самиғат Бақберген спорт залында қазақтың ұлттық ойынын ойнатты. Бақдәулет Баетов, Дәулетбай Рахман, Расул Узденов қол күресінен әртүрлі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды. Асық ату ойынынан 9 «А», 8 «А», 11 «А» сыныбы сәйкес негізде 1-2-3 орынды олжалады. Мұғалімдер мен оқушылар командалары волейбол алаңында бәсекеге түсті. Нәтижесінде ұстаздар қауымы жеңіске жетті.
Мектеп кітапханашысы А. Нағиманова безендірген «Наурыз айы туғанда» әдеби кітап, «Жыл басы – Наурыз» сурет өнері, «Алтын бауырсақтар» ұн тағамдары көрмесі көпшіліктің көңілінен шықты.
Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ж. Әбілдинова Ұлыс күнінің ерекшелігін, келешек ұрпаққа беретін тәрбиелік мән-маңызын атап өтті. Мақсатты іске үн қосқан ата-аналарға ерекше алғысын білдірді.
Әз Наурыз барша қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Аяулым СЕКЕНОВА,
11 сынып оқушысы