БИЗНЕС НЕГІЗІ ТҮСІНДІРІЛДІ

Сағымбай Ботпаевтың есімі жеке дауыстағы әншілік дарынымен баршаға әйгіленді. Бірегей өнерімен аудандық мәндегі конкурста жүлдеге ілікті, облыстық өнер бәсекесінде лауреат атанды.
«БЦ-Ривер» серіктестігінде бет жасаушы-көркемдеуші қызметін бес жыл атқарған кезең ішінде жерлесіміз әріптестеріне сыйлы, баршаға беделді маман болды. Көркемдеуші-бағдарламашы мамандығын меңгерді. Уақыт өте келе тәжірибесі де шыңдалды, жаңа кәсіпке түпкілікті төселді. Зерделілік, қалыпты ізденіс, компьютер мен ұялы телефонның құрылысына қызығушылық ниет бара-бара білімін өздігінен жетілдіруге септесті. Осылайша сандық технология дәуірінің алғашқы қарлығашына айналды.
Талапты жас өткен жылы қаламыздың «Камила» сауда үйінен ұялы телефон жөндейтін жеке шеберханасын ашты. Қазіргі таңда халыққа оргтехниканың түр-түрін, жаңа үлгідегі теледидар жөндеу қызметін ұсынып отыр.
Жуырда «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының кеңсесінде іскер жігіттің №8 АТК үшінші курс студенттерімен кездесуі әсерлі өтті. Елбасы жария еткен Жастар жылы шеңберіндегі шара өткізіліміне бірлесе бастама көтергендер: Кәсіпкерлер палатасының филиалы, Жастардың ресурстық орталығы, «Жас Отан» жастар қанаты. Әңгімеге кіріскен Сағымбай Ботпаев бозбала-бойжеткендерге өз жұмысы, кәсібінің кеңейтілім-дамытылым болашағы жайында сыр шертті.
Көшбасшы партия аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Медеу Әбжіков бүгінгі әңгіменің республикалық желілік кестемен, «Кедергісіз келешек» партиялық жобасымен үйлестірілгенін айтып өтті. Қатардағы азаматтарға қоса мүмкіндігі шектеулілерге де қазіргі қоғамда, нарықтық экономика кезеңінде өмірден өз орнын табуға мүмкіндік берілетінін түсіндірді. Шаршы топтағы құзыретті мекеме мамандары болашақ маман жастарға несие ресімдеу, алғашқы грантты иелену, бизнес-жоспар құру тәртібін жан-жақты түсіндіріп берді.
Кәсібі өрістеген шебермен әңгімеміз колледж студенттерінің келешегіне берік негіз қалады деген ойдамыз. Мемлекет тарапынан жастардың кәсіпкерлігін дамытуға лайықты қамқорлық та қарастырылуда. Бәлкім, бүгінгі кездесуіміз колледж дипломын иеленетін қала жастарының түрлі қызмет көрсетілім саласында, бәсекеге қабілетті отандық өнім шығарылымында туған жер игілігін көздеуге, нақты пайдасын тигізуге молынан септесер.

Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.
Суретті түсірген Зухра ТАСБОЛАТОВА.