ҮМІТ ҰЯЛАТАРЛЫҚ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұйғарымымен, ұсынысымен Президент лауазымын иеленген белгілі саясаткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың қала, облыс әкімдерімен жуырда өткізген кеңесі бәрімізді елең еткізді.
Елбасының ел тарихындағы өлшеусіз еңбегін ұлықтаудан бөлек, салалас министрліктерге, әкімдерге жүктеген алты тапсырмасы экономикалық дамуды, халықтың әл-ауқатын нығайтуды, елдің билікке сенімін арттыруды, жастар саясатын, қоғамдық қауіпсіздікті, ағымдағы мәселені негізге алып отыр.
Әсіресе, екінші тарауда айтылған «Құтты мекен», «Ауыл-ел бесігі» жобалары уақыт ағымын дөп басып отыр. Ауыл халқына лайықты инфрақұрылым тартылымы, тиісті заманауи тұрмыстық жағдай қарастырылымы – алдағы үш жылды алыстан болжағанның нышаны. Үшжылдық кезең ішінде игеруге триллионнан астам теңге қаржы қарастырылатыны келешектен көп үміт күттіреді. Жаңағы бағдарлама Елорданың айналасында азық-түлік белдеуін құруға, экологиялық таза, табиғи өнім даярланымына қарапайым еңбегімен үлес қосып жүрген ауылды оңалтуға сеп болатыны сөзсіз. Осы негізде әрбір елді мекендегі ірілі-ұсақты шаруалар мен шағын кәсіп иелеріне, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне өз өнімін делдалсыз, тікелей өткізуіне, жергілікті жерде шикізат ұқсататын, сақтайтын, буып-түйетін қондырғы, оңтайлы еңбек құралын алдыруға мүмкіндік берілсе деген тілегіміз және бар. Бұл табыс көзін еселеуге, кәсіп желісін, жұмыс орнын кеңейтуге негіз болатын айналым қаржысын молайтудың қайнар көзі емес пе?! Әрбір алыс ауылмен, көлемінің үлкен-кішілігіне, халқының санына қарамастан, әуелі ыңғайлы жол қатынасы, заманауи байланыс желісі қажеттігі айдан анық. Бұл мәселе талай мәрте көтеріліп келеді. Әсіресе ол Қазақстанның климаты қатаң, қысы ұзақ, жазы ыстық солтүстік өңірі үшін баса назар аударатын, келешекте шешімін күтетін мәселенің бірі. Халықты, әсіресе қолынан іс келетін жастарды да, өзінің бизнес-идеясымен ауылда тұрақтандыруға жол аша береді. Бәрі де, түптеп келгенде, өзара тығыз байланыстағы, ауылды урбанизациядан, болашағы жоқ деген атақтан құтқаратын өзекті мәселе.
Өңірлерде мемлекеттің әлеуметтік саясатын жүзеге асыруға Үкімет пен әкімдерді белсендірек қатыстыруға міндет жүктелгені шынайы қамқорлықтың лебі. Межелі тапсырманың тиісті ретімен жүзеге асырылатынына сеніміміз де жоқ емес. Ендеше Президенттің тырнақалды тың бастамасына іске сәт дейік.
Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.