ӨРШІЛ РУХТЫ ӨРЕНДЕРІМ АЛАҢДА

«Бәрін айт та бірін айт, Қанжығалы Бөгенбайды айт, ақылдың жатқан үйін табушы еді!».
(Абылай хан)
Өткен демалыс күндері ауданымызда қазақ күресінен ашық облыстық турнир ұйымдастырылды. Атаулы шара әйгілі қолбасшы, аты аңызға айналған Бөгенбай батырды еске түсіруге арналды.
2006-2007 жылғы бозбалалар жалпы он түрлі салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаз атануға, ұйымдастыру алқасы тағайындаған жүлделі үш орынды иеленуге арналған бәсекеге кірісті.
Алаң иелеріне қоса түрлі қала мен өңірден келіп жеткен інілеріміз боз кілемдегі екікүндік іріктелім және мәрелік жекпе-жекте төзімі мен шеберлігін, әдісі мен тәжірибесін, білек күші мен біліктілік деңгейін танытты. Жаңағыдай қасиетімен жеңіс тұғырына көтерілуге тырысты.
Біз спортшылардың бәсекесін қызыға тамашаладық. Епті де мықты, дарынды да шымыр жасөспірімдердің оңтайлы сәтті дөп басқанына қайран қалдық. Дәл жаңағы талап денгейі оларға қарсыласын әп-сәтте шаң қаптыруға әлде ұзақ бәсекемен ұтып шығуға мүмкіндік беріп жатты. Қапталдағы төрешілер өз шәкіртінің әрбір қимылын жіті назарда ұстады. Толымды нәтижеге жетелейтін кез келген сәтін әділ адал бағалады. Жанкүйерлер, көрермендер, қонақтар, ата-аналар өз өкіліне жылы сөзбен барынша жігер қосты, болашақ жеңімпаздың табысына бірге қуанды, ұтылғандармен бірге қобалжыды. Біреу жеңеді, біреу жеңіледі – ол өмір заңдылығы. Бәрібір жаңағыдай жекпе-жекте ептісі ұтып шығады, ол кез келген спорттық ойында кезігетін жағдай..Жексенбіде, таңертеңнен, екікүндік бәсекенің мәрелік кезеңі басталды. Жақсылап тыныққан, бойы сергек жастарымыз көтеріңкі көңілмен, облыстық атаулы турнир чемпиондығына үміткерлік ниетпен алаңға шақырылған қарсыласымен жекпе-жекке кірісіп жатты.
Бапкерлер де өз шәкіртінің алдағы жеңісіне сенімділік ниетімен іске кірісті, оларға құнды кеңес берді, күреске түсудің оңтайлы әдіс-тәсілін үйретті. Міне тәлімгерлердің бабы сәтті келіскен шәкірттері келесідей нәттиже байқатты. Енді әрбіреуін жеке-жеке атап шығайық. 29 келі: Қ.Абдуакпар (Новомарковка ауылы), Б.Дүйсенов (Өлеңті ауылы), Н.Абдуалиев, А.Әлмағамбетов (Ерейментау қаласы). 32 келі: А.Абдусамат (Қорғалжын ауданы), К.Ысқақов (Новомарковка ауылы), Т.Әлмағамбетов (Ерейментау қаласы), Ф.Рахметов (Щучье қаласы). 35 келі: А.Қарамолдин (Қарағанды қаласы), Б.Сәбит (Новомарковка ауылы), А.Төкенов (Қарағанды қаласы), С.Мақсұт (Екібастұз қаласы). 38 келі: Р.Сидаға (Қарағанды қаласы), Т.Жамбылов (Ерейментау қаласы), Н.Бейсенбаев (Екібастұз қаласы), Е.Райымбек (Ерейментау қаласы). 42 келі: Н.Жақсылықов (Олжабай батыр ауылы), Г.Капсил (Қарағанды қаласы), А.Сәрсенов (Ерейментау қаласы), Д.Кеңеспаев (Қарағанды қаласы). 46 келі: О.Қапезов (Баянауыл ауданы), М.Айдарханов (Ерейментау қаласы), Ж.Нұрғали, Е.Қайыркенов (екеуі де Екібастұз қаласынан). 50 келі: Ж.Айдарханов (Ерейментау қаласы), Д.Сапарғали (СҚО), А.Нұрланов (Ерейментау қаласы), Р.Малгелдинов (Екібастұз қаласы). 55 келі: Б.Қуаныш, М.Аманбаев (екеуі де Ерейментау қаласынан), Н.Әлібай (Екібастұз қаласы), Н.Жақсылық (Төңкеріс ауылы). +55 келі – абсолюттік салмақ дәрежесі: А.Ақжол (Тайбай ауылы), Ф.Бектас (Баянауыл ауданы), Н.Сәниев (Щучье қаласы), Т.Қинаятов (Қарағанды қаласы).
ІІ-ІІІ орын иегерлерінің бәрі дәстүрлі аспалы медальмен, тиісті дәрежелі Грамотамен көтермеленді. 1 орын иегерлеріне медальдан бөлек, әрбір салмақ дәрежесі бойынша ұйымдастыру алқасының ақшалай жүлдесі тапсырылды. Келесідей палуандар: Екібастұз қаласынан Ш.Нұрсейіл «Жеңіске деген ынтасы үшін»; қарағандылық С.Рақымбек, щучьелік Е.Шукманов, ереймендік Ж.Шаяхметов «Ең таза әдіс көрсеткені үшін»; Солтүстік Қазақстан облысынан Е.Бәшенов, бұландылық Н.Нұрланұлы, Д.Нұрсұлтан, қарағандылық М.Батырхан «Ең қысқа уақытта жеңіске жеткен палуан» аталымында ілтипатқа ілікті. БЖСМ директоры Сәрсенбек Өтепов барлығын қол жеткізген жеңісімен тағы бір мәрте құттықтады. Турнирге қосылу мақсатымен алыстан келіп жеткен қонақтарға алғыс айтты.
Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген бапкер Қайыркен Жақып, әріптестер-турнир меймандары, спорт мектебінің директоры Сәрсенбек Өтепов бастаған оқытушылар, төреші Мереке Төлейбергенов, бас төреші Самат Тлеубергенов жеңімпаздарға марапат тапсыру рәсімін жүргізді. Ойыншылардың бәріне алғы бетінде Бөгенбай батырдың ескерткіші кескінделген, өмірбаян дерегі, жауынгерлік жорық жолы қоса сипатталған, Абалайханның лебізі, ақын-журналист Сайлау Байбосынның арнау шумағы енгізілген буклет табысталды. Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық құжаты шеңберінде айтулы тұлғаны құрмет сезімімен еске түсірудің, өскелең ұрпаққа батыр баба рухында патриоттық тәрбие берудің жарқын үлгісі. Мәртебелі спорттық шараға Бөгенбай ұрпақтары демеушілік жәрдем көрсетті.
Дәрігерлік мекеменің оташысы Бисембай Айдос бүкіл турнир бойы палуандардың спорт алаңындағы денсаулық жағдайын жіті назарында ұстады.
Ереймен жеріндегі кездесуге көңілі толған, қонақжайлық пейілге, толымды табысына, әділ төрелікке қанағаттанған спортшылар біртіндеп үйлеріне тарап жатты.
Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.
Суретті түсірген автор