«Тайкеткен көлі»

«Тайкеткен көлі» зерттеу жұмысы үш тараудан тұрады. Кіріспе бөлімінде игі ісіміздің мақсат-міндеттері, өзектілігі, әдістері көрсетілген. Негізгі зерттеу бөліміне «Тайкеткен көлі» атауы жайында жинақталған аңыз, көлдің жалпы сипаттамасы, жергілікті жердің сұлбасы айкын енгізілген.
Жас зерттеуші қорытынды бөлімде барлық мәліметтерді зерделей келе өзінің арман-ұсынысын жолдай отырып, экологиялық жағдайы жылдан-жылға нашарлап, суы тартылуға айналған тоған проблемасын шешуге ауыл әкіміне, эколог-мамандарға, мектеп оқушыларына үн тастайды.
Зерттеу жұмысы
Тақырыбы: «Тайкеткен көлі»
Зерттеудің өзектілігі: Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында: Әрбір азамат туған жерінің тарихын білуге, құндылықтарын қастерлеп, дамуына өз үлесін қосу қажет деген міндет қойды, отандық тарихты дамытудың жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсетті .Осы аталған жеті қырымыз шын мәнінде қазіргі Қазақстан жерінде мекендеген біздің ата- бабаларымыздың өткен тарихын меңзейді. Ата-бабамыздан қалған тарихи аңыздарды зерделей және жинақтай отырып, біз біле бермейтін құпияларын ашып, қызықтыру арқылы туған жерге, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін ояту. Экологиялық ахуалы жыл санап әлсіреген, су қоры тартылып, жойылуға шақ қалған көлдің проблемасына баршаның назарын аударту. Жерге, табиғатқа, тарихқа, болашаққа, көпшіліктің оң көзқарасын қалыптастыру.
Мақсаты: Бүгінгі жас ұрпаққа өз елі мен жерінің тарихын, ата-баба тарихын ұғындыру және оның жақсысынан үйреніп, сабақ алуға үйрету. Қоршаған ортаға жауапсыздықпен қарауға жол бермеу. Жастардың бойында экологиялық мәдениет, зерттеу дағдысын қалыптастыру. Туған жерін сүюге, өз Отанының адал патриоты болуға тәрбиелеу. Өзін – өзі дамыту бағытындағы зерттеу қабілетін жетілдіру.
Міндеттері: Адам мен табиғат үйлесімділігі туралы түсінік беру. Табиғатқа аялы қарым- қатынастарын дамыту. Табиғатқа қамқор болуға тәрбиелеу. Табиғатты сүюге баулу.
Зерттеу орны – Тайкеткен көлі
Зерттеу әдістерін қолдану: Проблемаларды анықтау, мәселені зерттеу, талдау, ақырғы нәтижелерді жүргізу.
Маған бүгін керек емес ертегі,
Ертегіні балам өзі шертеді.
Тарих керек- іргетасы қазақтың,
Іргетассыз қаланбайды ертеңі.
( Қадыр Мырза Әлі)
Осы зерттеуімді жүргізу барысында өзіміз күні бүгінге дейін «Тайбай көлі» атанып келген көлдің атауы туралы аңызды естуім керемет жаңалық болды.
Біздің Тайбай ауылы Қанжығалы руының бір байының қыстауының орнында құрылған екен. Баттал келіні Мәрия Уәпқызының (95 жаста) айтуынша, көлдің «Тайкеткен» аталуы ХVII ғасырға негізделген. Аңыз бойынша бай өзінің 1 жасқа келген ұлына, асыл тұқымды биесінің құлынын атайды. Ерте көктемде байдың жылқышысы тайды көлге суаруға апарады. Көктемнің самал желінің лебін сезген тай жүгенін үзіп, шапқылай жөнеледі. Сол шабысымен көлдің ортасынан бір-ақ шығады. Көлдің мұзы жұқа болғандықтан, тайдың шабысына шыдамай жарылып кетеді. Тай суға кетеді. Осы оқиғадан кейін бай тайдың суға кеткенінің белгісі ретінде көлді «Тайкеткен» деп атауға бұйырған екен.
Тайкеткен көлі Тайбай ауылынан солтүстікке қарай 250 м ауыл жанында орналасқан. Көл Сілеті өзенінің құрамына кіреді. Көл тұзды көлдердің қатарына жатады. Жалпы ауданы 130 шаршы км. Су жиынтығы бір қарағанда толқынды, орталыққа иірілген. Су айнасының ауданы 1,2 шаршы км. Жағалауы біртектіленіп келе, жер бетіне баяу келіп қосылған. Тереңдігі – 1 метр саяздау келеді де, ортасына қарай 10 метрге дейін жетеді. Жағалауында өсетін өсімдіктер: борпылдақ, қамыс. Көлдің солтүстік жағынан бастап ортасына дейін қамыс өседі. Суы ащы, ішуге келмейді, мал суаруға ғана қолайлы. Көктемде көлдің суы қар суының қорынан біршама көтеріледі. Бұл мезгілде көл суының жұмсарғанын байқауға болады.
Судың температурасы сәуір айынан бастап, қазан айының соңына дейін бір қалыпты болып тұрады. Мамырда көл суының температурасы+11◦,+13◦дейін жетсе, жаз айларында +14◦,+17◦дейін жоғары көтеріледі.
Көлдегі мұз қатуының күштілігі қыс айларының қаттылығына қарай 1,2 метрге жетсе, қыс жылы болған жағдайында, 0,5-0,7метрге дейін қатады. Тайкеткен көлі енді, жалпақ болып келеді.
Көлдің жағалауы жақсы жетілген, шөппен, өскіндермен көмкерілген. Көлде балық бар,ең көп тарағаны – карась. Көлден жазда мал суарылады, балық ауланады.
Көл суының молығатын су көздері: еріген қар суы, жаңбыр, жер асты суы, мұздық.
Көктемде көлге жыл құстары аққу, тырна, қаз, үйрек ұя салып, балапан басады. Күз айларында құс ату маусымы ашылады.
Көл суының ауданы жыл ішінде өзгеріп отырады. Жаңбырлы, қар көп түскен жылдары 2 есеге дейін ұлғаяды, ал құрғақшылық жылдары суы тартылып, батпақтанады. Жағалауы тұз қабыршақтарымен жабылатыны белгілі болды.
Табиғат кешенін құрайтын жеке компоненттер бір-бірімен тығыз байланысты. Олардың біреуінің өзгерісі міндетті түрде басқаларының өзгерісін туғызады.
Менің пікірімше, адам үшін өзі өмір сүретін табиғи ортасының жай-күйі, яғни ауа мен суының тазалығы, климат жағдайының қолайлы болуы аса маңызды. Тайкеткен көлі туралы зерттей келе ластанған көл суының тигізетін зиянын атап өтсем:
-Көптеген жұқпалы індет таратушы микробтар, жәндіктер және кемірушілердің таралуы – адам ағзасының улануына және судың ластануына
-Көл суының ластануы көктемгі жыл құстары қатарының сиреуіне
-Балықтың жойылуына
-Су деңгейінің, көлемінің жылдан-жылға азаюына әкеліп соғады.
Барлық деректерді зерделей келе, қоршаған ортаны, табиғатты қорғау, қалпына келтіру және табиғат байлығын мүмкіндігінше сақтау кезек күттірмейтін мәселе екеніне көзіміз жетті. Осы мәселені шешу мақсатында мектепте 6-11 сыныптар арасында «Тайкеткен көлінің суын қалай ұтымды пайдалануға болады?» тақырыбында сауалнама жүргіздік. Сауалнама нәтижелерін сараптай отырып, төмендегі негізгі ұсыныстарға тоқталғым келеді: 1.Көл суын тұщыландыру. 2. Балық өсіру. 3.Көлдің маңайына ағаш отырғызу. 4.Көл суын тереңдету
Зерттеуімді қорытындылай келе қосар ұсынысым: саябақ өсіру, гүл отырғызу, суды тұщыландыру, көлде балық өсіру, маңайына жеміс ағаштарын отырғызу.
Құрметті достар, ұстаздар! Біздің өмірімізге нәр беріп отырған Жер-Ананы құрметтеу, оның әрбір сүйем жерін, ондағы табиғат байлығын қорғау – әрбір адам үшін басты борыш пен міндетке айналуы тиіс екенін әрдайым жадымызда ұстайық!
Осының дәлелі ретінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтқанындай, біздің ата-бабаларымыз қоршаған ортамен етене өмір сүріп, өздерін табиғаттың ажырамас бөлшегі санаған. Еліміздің ұлттық дәстүріне, тарихы мен мәдениетіне құрметпен қарау кез келген тәрбие негізі болып табылады және ең зор ұлттық құндылықтарды көрсетеді.
Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі деп ойлаймын.
Алға қойылған жоспарымыз.
Тайкеткен көлінің жағалауын тазалау, құстарды қамкорлыққа алу, суды тазарту, балық қорын көбейту, қорғау, құс атуға, балық аулауға тыйым салу.
Жоспарды іске асыруда жүргізілетін жұмыстар
Ауыл әкіміне жолығу – көлдің проблемасы туралы сөйлесу, ұсыныс-жобаны талқылау; Экологиялық сенбілік ұйымдастыру; Аудандық эколог- мамандарымен кездесу, түрлі шаралар өткізу; Қалталы азаматтардан көмек сұрау.
Пәк табиғат тозып жатыр жыл сайын,
Өзімізді асыраушы табиғаттай Ананы
Азаматтық арыңменен аяулауға тұр дайын! -деген үндеу арнаймын.

Аяулым ӘЛИАСҚАР,
Тайбай орта мектебінің 9 сынып оқушысы.

Қазіргі уақытта қол жеткен нәтиже:
Ауыл әкімімен жобаны талқыладық.
Тоған бүгінде аудандық «мүгедектер қоғамына» жалға берілген. Жауапты: Кирсаков Л
Көлдің мұзы ойылып, балықтарға жағдай жасалды. Эколог маманмен кездестік. Суға карп, карась, линь балықтары жіберілді. Көлдің жағалауының 5 гектар қамысы шабылды