ТИІМДІ ЖҰМЫС ТАЛАП ЕТІЛЕДІ

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Әнуарбек Айтпаевтың төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісі Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының төрағасы Серікпай Көшкінбаевты құрметті демалысқа шығарып салумен орайласқан жағымды жаңалықпен басталды. Жерлесіміз экономика мен әлеуметтік салада қырық жыл қызмет атқарған уақыт ішінде қажырлы еңбегімен, тиісті міндетіне жауапкершілік ниетімен көпшіліктің ілтипат-ізетін иеленді. Білікті маманға Алғыс хат пен бағалы сыйлық ұсынылды. Салалас мекеменің аудандық филиалының атынан Серікпай Қабылдаұлына жылы лебізбен бірге естелік сый берілді. Жауап сөзінде өз ұжымына, барша қауымға ризашылық ниетпен алғыс жолдады.
Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Абылай Иманжүсіпов көктемгі-дала жұмысына дайындық жайында ақпар ұсынды. Баяндамашы егістік алаңы, себілетін дақыл, машина-трактор паркінің жаңартылымы, тұқымдық астық, жанар-жағармай алдырылымы, минералдық тыңайтқыш қолданысы жайында мәлімет берді.
Айта кететін жайт, шаршы топқа шақырылған ірі серіктестік, қожалық жетекшілері өзекті мәселені қозғады. Ауданның тәуекелді егіншілік аймағына қоныстанғаны баршаға ежелден белгілі. Өңірімізде жердің құнарлылық деңгейі әркелкі. Ерейментаудың мал шаруашылығына бейімділігін ескерген фермерлер Сағидолла Биекенов, Бекім Әкімов, Мұрат Шәмшинұров, Ержан Биекенов ауыл шаруашылығы өндірісі саласының өміріне, әсіресе мал азығы өндірісіне, тұқымның қымбатшылығына, егістік жердің тиімді пайдаланылымына қатысты маңызды мәселеге тоқталды. Жер инспекторының қызметіне қатысты мәселе маңызын жойған жоқ. Суармалы алаң белгілеуге, ылғал жинайтын бөгет салғызуға, электр берілісі желісін тартуға арналған проблема да қоса қамтылды. Жергілікті өнім дайындаушылардың өзекті мәселесін шешетін логистикалық көмек қажеттігі ойға алынды. Жергілікті өзен-көл сақталуы үшін жайылымды мелиорациялайтын, суландыратын орталық құруға, ветеринария қызметінің мамандарын түпкілікті біріктіруге қатысты ұсыныс енгізілді. Рұқсат етілмеген қоқыс алаңы, жергілікті табиғат пен су көздерінің туристік тартымдылығы әңгімеге негіз болды. Осы және өзге сауалдар сала жетекшілерінен жауапкершілікті, мәселені заңды негізде шешуге арналған тың бастама көтеруді талап етеді. Жиын әңгімесін түйіндеген Әнуарбек Айтпаев ауыл халқының қалыпты өмірін қамтамасыз ететін шаруашылық құрылымы толық сақталуы үшін мемлекеттік қызметкерлерден жауапкершілік ниет, түпкілікті нәтиже талап етілетінін еске салды.

Раушан НҰРҒАЗИНОВА.