ЖҮЗДЕСТІК БІЗ, ТҮЛЕКТЕР, САҒЫНЫСЫП…

1979 жылы біз, бір топ қыз-жігіт, Ерейментау қаласының сол кездегі №2 орта мектебін, қазіргі Бөгенбай батыр атындағы қазақ орта мектебі, тәмамдап едік. Сынып жетекшіміз қазақ тілі-әдебиеті пәнінің білікті маманы, бозталдық жерлес апайымыз, көпті көрген ұстаз, ұлағатты ана Майдаш Айтасқызы Айтасова болды.
Кәмелеттік аттестатымызды мектеп директоры, бүгінде марқұм Шортанбай Хамзин табыс етті. Көз ілеспейтін жүрдек уақыт-ай десеңізші. Оған да қырық жыл өте шығыпты. Бүгінде әрқайсымыз Ереймен, Астана, Екібастұз аумағында көңіліміз қалаған кәсібімізді атқарып, білім-білігімізді, күш-әлеуетімізді қоғам игілігіне арнап келеміз. Бәріміз де өмірден өз орнымызды таптық. Үйлі-баранды болдық. Ұрпақ өрбіттік. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырдық. Ұлағатты ата, өнегелі әже атандық. Елудің бел ортасынан еркін асып, ақсақал жас – алпыстың асуына де бет алыппыз ғой.
Замандастарымыздың ішінде уақыт ағымын дөп басқан кәсіпкер де, шәкірт тәрбиелеген мұғалім де, саламатты өмір салтын ту еткен бапкер-спортшы да, медбике де, теміржолшы да, тіпті қаланың әкімі де баршылық. Бұл жолғы жүздесуіміз осыдан оншақты күн бұрын Елорданың «Хан Керей» тойханасында өтті. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз тойында сағыныса төс түйістірдік. Отбасылық қуанышымыз, өткен 40 жыл ішінде қол жеткізген биігіміз жайында кеңінен сыр ақтардық, бір-бірімізге есеп бергендей әсерге бөлендік.
Мектеп өмірін, сабақ уақытындағы алаңсыз қызықты шақтарымызды, мемлекеттік мерекелерімізді, пән мұғалімдерін еске түсірдік. Екінші анамыздай еркелеткен, бауырына басқан, жан досындай сырласқан, құнды ақыл қосқан, реті келгенде тиісті шеңберде қысқа уақыт қаталдық та танытқан, әйтседе қолма-қол жүзінен жылылық мейірімі төгілген Майдаш апайымызға ілтипат-ізетіміз ерекше
Дәм дастарханындағы көңіл-күйімізді, ыстық ықыласты пейілімізді айтуға сөз, суреттеуге тіл жетпейді. Иә, жастықтың қызығын бірге көрген, білім дәнін бірге терген сыныптасың бара-бара жақын туысыңдай болатынын әркім анық біледі. Сүрінгенде сүйейтін, қуанғанда құптайтын, қиналғанда демейтін, адалдықты сақтаған, адамдықты жақтаған жанашыр дос екені – бұлжымас қағида.
Тағдырдың жазмышымен дүние салған теңдестерімізді де ойша көз алдымызға елестеттік. Дәл осы сәтте қимастықтан жанарымызға жас үйірілгені де рас. Иә, бұл да қатал тағдырдың адам баласының пешенесіне бұйырғаны, қатарымыздың сирегені өкінішті болса да, жазмыштан озмыштың жоқтығы айдан анық. Сонымен барлық қыз-жігіттер өзара ақылдаса келе, Алла бұйыртса, дүние салған өз сыныптастарымызды қасиетті Рамазан айымен орайласатын 25 мамыр, соңғы қоңырау күні, арнайы еске түсіруге, мәңгілік қонысына зиярат етуге, келесі маусым айының 25 жұлдызында Ерейментауда, мектебімізде жиналуға тоқтам жасадық. «Өлі разы болмай – тірі байымас» дегендей, бұл да бір сауапты қадам, әсерлі естелік болмақ. Лайым баршаңызды қуанышты күндерде, амандық-саулықта жүздестіруді нәсіп етсін, құрбы-замандастар!

Райхан САҚТАҒАНОВА,
Бозтал орта мектебінің мұғалімі,
1978-1979 оқу жылының түлегі.