Алтыншы сайланымдағы аудандық мәслихаттың кезекті XXXVII сессиясы туралы АҚПАРАТ ХАБАР

Аудандық мәслихаттың отыз жетінші сессиясында қарауға, шешуге сегіз мәселе ұсынылды.

Сессияның төрағасы, №1 Автобаза сайлау округі бойынша аудандық мәслихаттың депутаты Юрий Адайкин, жоспарланғаннан бөлек, екі мәселе қосқызуды ұсынған күн тәртібін жария етті.

Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Амантай Хасенов «Ерейментау аудандық мәслихатының 2018 жылдың 24 желтоқсанындағы №6С-34/3-18 «2019-2021 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы»; «Ерейментау аудандық мәслихатының 2018 жылдың 25 желтоқсанындағы №6С-34/4-18 «Ерейментау қаласының, Еркіншілік, Тайбай, Торғай ауылдық округтерінің 2019-2021 жылдарға арналған бюджеті туралы шешіміне өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» баяндады. Әңгіменің мәнісі бюджеттің шығыс тармағын нысаналы трансферт есебінен молайтуға негізделді, ізінше бюджеттік бағдарламаның жекелеген тармақтары тізбектелді.

Аудан әкімінің орынбасары Абай Әлжановтың, аудандық мәслихаттың хатшысы Қайрат Махметовтың күн тәртібіндегі мәселеге қатысты сөйлеген сөзі әкімдіктің жанындағы лаңкестікке қарсы комиссияның жұмыс нәтижесіне, Қоғамдық кеңестің құрамы мен оның ережесінің бекітіліміне арналды. Ветеринария бөлімінің бас маманы Қабиден Смағұлов ауыл шаруашылығы жануарларының айрықша қатерлі жұқпасына қатысты арнаулы комиссияның жұмысы туралы мәлімет келтірді де, бекітуге ұсынды.

***

XXXVII сессияның төрағасы Юрий Адайкин саяси партия, қоғамдық бірлестік, жергілікті баспасөз өкілдерінің қатысуымен келесідей екі мәселе бойынша шешім қабылдауды ұсынды: «Ерейментау аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелерін сайлау туралы»; «Ерейментау ауданының учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау туралы».

Сәйкестелген комиссиялардың құрамынан шығу туралы жеті өкілден келіп түскен өтінішке сәйкес, 2019 жылдың қаңтар айынан саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйым қатарынан шығып кеткендердің орнына үміткер ұсыныла бастады. №4 Школьный сайлау округі бойынша аудандық мәслихаттың депутаты Абылайхан Сырымбетов басқарған есептеу комиссиясы халық қалаулыларының дауысын санауға кірісті. Сонымен, төрт округ бойынша ұсынылған үміткерді жақтаған депутаттардың басым бөлігінің қойылған қолы негізінде белгіленген комиссияның құрамы жаңартылды. Ізінше түпкілікті шешім шығарылды.

«Ерейменнің» өз ақпараты.