ҚҰТҚАРУШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТ – ЖҮРЕК ҚАЛАУЫ

Кез келген мамандықтың адам өміріндегі мәні зор. Қазіргі таңда әрбірінің маңызы, сұранысы баршылық. Өрт сөндіруші – қиын да күрделі кәсіптің бірі, жауапкершілігі де орасан. Құтқарушылар оқиға орнына ұдайы бірінші аттанады. Бөгденің қасіретіне жүрегі сыздайтын жанның өз басын тәуекелге тігетіні заңдылық. Әдетте олар уақытпен санаспайды, күн-түн демей, ұдайы саптан табылады.

Күн сайын диспетчерге шұғыл қоңырау түсіп жатады. Топта жұмыс істей білу, бірін-бірі айтқызбай түсіну – негізгі қағида. Өйткені ұйымшылдық пен батылдық, дәлдік пен ширақтық – мәселенің оң шешімі.

Бізге жолыққан 10-ӨСБ көлік жүргізушісі, өз кәсібінің үздігі Әлмұқан Темірұлы Нөкешев қызықтырған сауалымызға тұжырымды жауап қайтарды.

-Сіздің осы кәсіпке ықылас қойған себебіңіз неде?

-Қиындыққа кезіккендерге жәрдемдесуге бала жасымнан ниет еттім. Өрт күзетіндегі жұмыс – нағыз ер адамға лайық кәсіп. Мерзімді қызметімді Қарағандыда ТЖҚ әскери бөлімінде өткердім. Үйге оралғанда, досымның кеңесімен, бірден салалас мекемеге көлік жүргізушілігіне орналастым. Міне 2012 жылдан бері тиісті міндетімді атқарып келемін. Бүгінде барынша кең танымал, ұдайы бабында ұсталатын автоцистерна көлігінін иесімін. Менің міндетім сарбаздарды, тиісті еңбек құралын оқиға орнына жеткізуге арналған. Оған қоса өрт ошағын өшіреміз, апаттан құтқару ісін жүргіземіз, керек-жарағын қолға тигіземіз.

-Жол бойындағы өзге жүргізушілердің сіздерге көзқарасы қандай? Дабыл шамының белгілі бір септігі бар ма?

-Біріншіден, бәрі көлік иесінің сана-сезіміне байланысты. Өрт сөндірушінің оқиға орнына мүмкіндігінше жылдамырақ жетуі маңызды екенін әрбір адам түсінуі тиіс. Өйткені зардап шеккен жан үшін кейбір сәтте әрбір секундтің өзі қымбат. Негізінен ауданымызда көлік иелерінің бізге ниеті адал, түсіністігі ерекше.

-Жұмыс бабында қандай аспап іске қосылады? Істің ең маңыздысы неде?

-Бәрін тізбелеп шығуға уақытым да тығыз. Көліктегі ең негізгі аспабымыз – баспалдақ. Су жіберуге баспалдақтың бойымен өртке бағытталатын жеңді қосамыз. Әрі қарай тиісті тәртіппен амалдаймыз. Маңыздысы – отты ауыздықтау, ешуақытта дүрлігудің жөні жоқ, адам өмірін құтқару, ең дұрысы – өртті өршітпей өшіру. Бұл біліктіліктің нышаны. Ешқайсымыз өзімізді батыр санамаймыз. Тек міндетімізді адал атқарамыз. Үрейлі сәтке де кезігеміз. Өйткені өртке оранған үйде адам бар ғой. Бәріне үлгеруге ұмтыламыз.

-Сіздің ойыңызша, бұл мамандық қазір жастарды қызықтыра ма? Осы саланың маманы атану үшін айрықша қасиет қажет етіле ме?

-Меніңше, тек кейбіреуі ғана бұл кәсіпке ден қояды. Жауапкершілігі де осал емес. Екінің бірінің мұндай қадамға ниеті болмайды. Қазір бәрі заңгер, бухгалтер, экономист болғысы келеді. Бұл әркімнің жүрек қалауы ғой. Ал біздің мамандық шаршауды, бұйрықтан ауытқуды төзбейді. Тәуліктің кез келген уағында саптан табылуға даярмыз. Тосын оқиғадан ешкім алдын-ала сақтанбаған, ол уақыт та, ауа райын да таңдамайды. Менің қызметімдегі қарауыл көбінесе апатқа кезіккен жандарға жиі жәрдемдеседі. Қаңқасы майысқан көліктен адамды алып шығуға тура келеді. Зардап шеккен жанның қасіретін көзбен көрудің өзі жеңіл емес. Құтқарылғандардың алғысы – біз үшін мәртебе. Күнделікті қызмет бағытымыз да осы.

Сабырлы болу, өзгені де сабырға шақыру, байбаламның алдын алу – бізге керекті қағида. Батылдық пен табандылықтың да әріптесіміз, ізбасарымыз үшін таптырмас қасиет.

-Ұжымыңыз жайында не айтасыз?

-Әріптестерімнің бәрі өз міндетін жауапкершілікпен атқарады. Олар: 10-ӨСБ бастығы Ербол Қасымов, бөлімше командирлері Марат Шәпин, Талғат Махметов, Мұрат Бикенов. Жауынгерлер: Қуат Ақылбеков, Азамат Дауылов, Дәурен Әлжанов. Жас жүргізушілер Рахит Әбілов, Ералы Көшенов, Тілек Қалиев жуырда ұжымымызға қосылды. Бәрі тәуелсіз ел әскерінде шынығып, төселген, еңбекқор жігіттер.

-Отбасыңыз сіздің бұл тәуекелді мамандығыңызға қалай қарайды? Бос уақыттағы сүйікті ісіңіз қандай?

-Олар бәріне дағдыланған, түсіністік танытады. Әрине, жұмыста жүргенімде мен үшін, бәрі үшін алаңдайтыны да рас.

Автокөлікке жаным әуес. Бос уақытымның көбі гаражда өтеді. Футболды ұнатамын. Отбасыма: зайыбым Балнұрға, бір жастан үш ай асқан Әділіме көңіл бөлемін.

-«Біздің жұмыс адамға қуаныш сыйламаса да, қасіретін жеңілдетеді. Біз еш жаңалық ашпаймыз, рекорд жасамаймыз. Негізгі міндетіміз – сақтық, құтқару, жәрдем беру», – деп әңгімесін тәмамдады жерлесіміз.

Людмила МАРКОВА. Суретті түсірген автор.