Алтыншы сайланымдағы аудандық мәслихаттың XXXVII кезекті сессиясы туралы АҚПАРАТ ХАБАР

Аудандық мәслихаттың отыз жетінші сессиясында қарап, шешуге жалпы сегіз мәселе енгізілді.

Сессияның төрағасы, №1 Автобаза сайлау округі бойынша аудандық мәслихаттың депутаты Юрий Адайкин күн тәртібін жариялады да, жоспардан тыс екі мәселе қосуды ұсынды.

Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Амантай Хасенов «Ерейментау аудандық мәслихатының 2018 жылдың 24 желтоқсанындағы №6С-34/3-18 «2019-2021 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы»; «Ерейментау аудандық мәслихатының 2018 жылдың 25 желтоқсанындағы №6С-34/4-18 «Ерейментау қаласының, Еркіншілік, Тайбай, Торғай ауылдық округтерінің 2019-2021 жылдарға арналған бюджеті туралы» шешіміне өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» ақпар ұсынды. Әңгіменің мәнісі ізінше бюджеттік бағдарламаның жекелеген тармақтарына аударылатын нысаналы трансферт есебінен бюджеттің шығыс тармағын молайтуға арналды.

Аудан әкімінің орынбасары Абай Әлжановтың, аудандық мәслихаттың хатшысы Қайрат Махметовтың күн тәртібіндегі мәселелерге арналған сөзі әкімдік жанындағы лаңкестікке қарсы комиссияның жұмыс нәтижелеріне, Қоғамдық кеңестің құрамы мен Ережесін бекітуге арналды. Ветеринария бөлімінің бас маманы Қабиден Смағұлов ауыл шаруашылығы жануарларының айрықша қатерлі жұқпасына арналған комиссияның жұмысы туралы мәліметті жариялады да, бекітуге ұсынды.

***

XXXVII сессияның төрағасы Юрий Адайкин саяси партия, қоғамдық бірлестік, жергілікті баспасөз өкілдерінің қатысуымен «Ерейментау аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелерін сайлау туралы», «Ерейментау ауданының учаскелік сайлау комиссиясының мүшелерін сайлау туралы» мәселе бойынша шешім қабылдауды ұсынды.

2019 жылдың қаңтарынан сәйкестелген комиссияның құрамынан шығу туралы жеті өкілден келіп түскен өтінішке сәйкес, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйым қатарынан жаңағы бос орынға үміткер ұсынылымы басталды. №4 Школьный сайлау округі бойынша аудандық мәслихаттың депутаты Абылайхан Сырымбетов басқарған есеп комиссиясы халық қалаулыларының дауысын санауға кірісті. Сонымен төрт округ бойынша ұсынылған үміткерді жақтаған депутаттардың басым бөлігінің жеке қолы негізінде белгілі комиссияның құрамы жаңартылды. Ізінше түпкілікті шешім шығарылды.

«Ерейменнің» өз ақпараты.