АУДАН ӘКІМІ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

9 сәуірде аудан әкімдігінің жиналыс залында облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен актив жиналысы өтті. Күн тәртібінде Ерейментау ауданының әкімін тағайындау туралы мәселе қаралды.
Ермек Боранбайұлы аудандық мәслихаттың XXXVIII кезектен тыс сессиясында депутаттардың келісімін алғаннан кейін өз өкімімен аудан әкімі лауазымына Абай Еламанұлы Әлжановтың кандидатурасын ұсынатынын айтты. Мәслихат депутаттары оны қолдады. Ізінше Абай Еламанұлының өмірбаяны жария етілді.
Абай Әлжанов жауап сөзінде атқарушы билік пен халықтың жүктеген жоғары сенімін ақтауға күш салатынын айтып сендірді. Облыс әкімі қаланы көріктендіруді, құрылыс, жер қатынастары, сумен жабдықтау мәселесін шешуді құлаққағыс етті. Алға қойылған жоспарын жүзеге асыруда табыс тіледі. Жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмек төлемі мәселесіне, аудандағы су тасқынына қарсы жағдайға, кезекті егіс науқанына дайындық ыңғайына көңіл бөлді. Сала басшылары қойылған сұрақтарға жауап қайтарды.
Тыл және еңбек ардагерлерінің аудандық кеңесінің төрағасы Төлеген Әбдин, Малтабар ауылының байырғы тұрғыны Амантай Имағамбетов аудан тұрғындарының атынан сөз сөйледі.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ