БАЛА ҮНІ АСА ҚҰНДЫ

Өткен аптада Балалар шығармашылық үйінде «Рухани жаңғыру – бала игілігі» тақырыбы қамтылған кездесу өтті. Шаршы топқа орта мектептердің үйлестірушілері, ұйымдастырушылары, директорлары жиналды.
Аталмыш шараға елге еңбегі сіңген педагог, Қазақстанның білім беру саласының құрметті қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері, республикалық «Жұлдыз» балалар қоғамдық ұйымы одағының тұрақты президенті Елена Александровна Дмитриенко қатысты. Қонағымыз Елбасының өзі бастама көтерген «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» танымал жобасының жеңімпазы.
Кейіпкеріміздің жалпы еңбек өтілі -50 жыл, қызметінің 35 жылын балалар қозғалысына арнаған. Орыс, қазақ, ағылшын, неміс, француз тілін меңгерген білікті полиглот.
Республикалық «Жұлдыз» балалар қоғамдық ұйымы одағы бүгінгі таңда Қазақстаннан тыс өңірлермен де қызметтес болып келеді. Биыл бұл ұйымға 28 жыл толып отыр. Қазақстандағы балалар қозғалысының алғашқы қарлығашы, феномен зерттеушісі ретінде Елена Александровна ұлттық нақышымен ерекшеленетін өз бағдарламасын жобалаған. «Жұлдыз» атты бағдарламаның негізі – жеті бұрышты жұлдыз. Ол баланың табыс биігіне шыққанын, яғни өзінің жұлдызды жолының жарқырай жанғанын сипаттайды.
Бала үшін басты құндылық – отбасы. Әрмен қарай оны сүйемелдейтін дос керек. Ал бәрінен биік шыңы – Отаны. Туған жер мен Отаннан құнды ештеңе жоқ. Оған қоса білім, білік, қабілет қажет. Әрмен қарай қол созым жерде әуестік күтіп тұр. Бала өзіне ненің көбірек ұнайтынын таңдауға құқылы. Өскелең ұрпақ әлемі жете бағаланбайтыны ақиқат. Өз өміріне өзі иелік етер тұлға болған шақта жолына тыйым салудың қажеті жоқ. Ол өйткені сынама мен жаңсақтық әдісімен келесі «Мұрагер» белесіне өзі де шығады. Өз өміріне жауапкершілік сезімін түрлі жобалар мен өмірлік жағдаяттар арқылы біртіндеп сіңіруіміз қажет, бір сөзбен айтқанда, еркін бағыт берілгені дұрыс, – деген ой қосты баяндамашы.
Е.А.Дмитриенко қазіргі таңда «Рухани жаңғыру» президенттік бағдарламасының жобалары басқармасы бас кеңсесі балалар жобасының үйлестірушісі және Қазақстанның балалар қозғалысын дамытуды үйлестіру кеңесіне басшылық етеді.
Осы сипатты қызметте баланың табысқа апарар жолында дамып-жетілуіне септесетін басты бағыт ескерілді. Баланың бос уақытының ұйымдастырылымына ұшы-қиырсыз флеш-моб пен өзге бұқаралық шара үлгісіндегі жаттандылықтан ада болудың, дәлірек айтқанда тұлға ретінде дамуы, ой-арманына қол жеткізуіне жәрдемдесу тұрғысында қараудың мәні зор. Бұл жерде теорияға қоса тәжірибелік бейім де қажет.
Өкінішке қарай, елде дипломды вожатый жоқтың қасы. Бәрі педагогтардың білігіне көңіл қояды, ал баламен бейкәсіп иелерінің жұмыс жүргізетініне алаңдап жатқандар шамалы. Бұл тек жалғыз Қазақстанның ғана бүгінгі күнгі олқылығы емес.
Осы орайда, «Рухани жаңғыру: Айшықты Қазақстан – жастарды әлеуметтендірудің өзекті мәселелері: Қазақстан мен Германияның тәжірибесі» тақырыбында азаматтық қоғам жас көшбасшыларының халықаралық саммитінің өткізілімі маңызды оқиғаға айналды. Осы алаңда ертеректе мектепте жұмыс істеген, лауазымдық өсім мүмкіндігі мен баспалдақ жолын иеленбеген вожатыйлардың кәсіптік оқытылым, кәсіби біліктілігінің арттырылым мәселесі талқыланды.
Елена Дмитриенко да балалар қозғалысын үйлестірушілерді әріптестікке, оқуға шақыруды көздеді. Қонағымыз жүздесу соңында аудандық білім бөлімінің басшысы Совет Нұрғазинге ҚР Білім және ғылым министрлігі бала құқығын қорғау комитетінен Алғыс хат ұсынды да, Қазақстан балаларының рухани-өнегелілік тәрбиесіне сүбелі үлес қосқаны үшін рахмет айтты.
Балалардың қоғамдық қозғалысын дамытуға, ел игілігіне, Қайырымдылық пен Әділдікке арналған әлеуметтік бастамасын сүйемелдеуге қосқан үлесі үшін БШҮ директоры Наталья Курникова, «Лидер» ансамблінің жетекшісі Ирина Добровольская, №8 АТК директоры Руслан Хамзин, №8 АТК бұрынғы директоры (бүгінде құрметті демалыста) Бақтыбай Ыбыраев «Рухани жаңғыру» төсбелгісін иеленді.

Людмила МАРКОВА.
Суретті түсірген автор.