БІЗ ЖЕТІЛЕМІЗ, ДЕМ АЛАМЫЗ, ОҚИМЫЗ!

Бүкіл республика көлемінде Жастар жылы шеңберінде рухани, өнегелілік, патриоттық бағыттағы, дене тәрбиесіне негізделген шара ұйымдастырылуда. Ол шынығып-төселген, креативті ой-пайымы бар, бәсекеге қабілетті жас тәрбиелеуді көздейді.
Біз күні кеше аудандық білім бөлімінің әдіскері Мұрат Уажановтан жағымды ақпар алдық. Өңіріміздің оқушылар құрамасы Есілде өткен, жалпы 8 команда қатысқан «Жастар-2019» мәрелік жарысына қатысқан. Екі шағын топтағы ойын нәтижесінде 4 команда мәреге жетіпті. Жартылай мәреде Бұланды ауданының құрамасын ұтып шыққан жерлестеріміз бурабайлықтармен мәрелік ойында жүздескен. Сонымен жеңіске жеткен ереймендіктер волейболдан 2002 жылғы және бұдан кіші жастағы ойыншылардың арасында чемпион атанды. Команданың құрамына №3, №1 орта мектептен Еркіншілік, Тайбай, Бозтал орта мектептерінен Е.Шарепин, Д.Мұратов, А. Белицкий; Б.Бекпаулы, Н.Воронько, Ж.Мақсат, А.Елтаев; А.Сәбитов, Е.Амангелді, Д.Иманов қосылды. Құрама топты Төлеу Шаханов атындағы №3 орта мектептің дене тәрбиесі мұғалімі С.С.Тресцов жаттықтырды.
Мектептердің әкімшілігін, ата-аналарды спортшылардың облыстың жарыс алаңындағы жеңісімен құттықтаймыз.
****
6 сәуірде Екібастұз қаласында КТК командаларының арасында 1/8 мәрелік лиганың республикалық мәрелік ойыны өткені жайында әлеуметтік желіде бірнеше күннен бері жаңалық тарап жүр.
Ауданымыздағы жастардың ресурстық орталығының әлеуметтік желідегі жастармен жұмыс бойынша маманы Аманбек Арғын ол жөнінде бізге ақпар ұсынды. Жастар маусымына Степногорск, Нұр-Сұлтан, Қостанай, Қарағанды, Петропавл, Павлодар, Арқалық қалаларының ойыншылары қатысты. «Ерйментау жастары» құрамасы да он алты топтың ішінен өзінің лайықты орнын алды.
КТК ойыны фестиваль үлгісінде өтті. Барлық командалар өткір юмор көрсетті. Берілген 5 минөт уақыттың ішінде көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Фестиваль қорытындысында «Ерейментау жастары» ерекше дараланды, 1/4 мәреге жолдама алды. Командамыздың ойыншылары: Аманбек Арғын, Гүлдана Боранова, Арлан Шарықпаев, Балнұр Ермаханова (дыбыс режиссері). Жерлестеріміз қолдау білдірген жастардың ресурстық орталығының директоры Зарина Хабибулинаға, Торғай ауылының тұрғыны Талғат Тимурге рахмет айтады.
Топ ойыншылары ойын барысында жақсы тәжірибе жинақтады.
Дайындаған Раушан БАРЖАҚСЫ.