«ЕРЕЙМЕНТАУ АРУЫ» ЕҢ ҮЗДІГІН ТАНЫТТЫ

Қазекем қызын ежелден ерекше қастерлеген. Талбесіктен бой жеткен шағына дейін бірінші байлығы – денінің саулығынан бөлек, тәрбиелі де инабатты, түрлі өнерге, ілім-білімге ықыласты болып өсуіне мән берген. Үй тірлігіне араласуға да ерте бастан бейімдеген. Келешекте екі елді ақылымен біріктіретін адал жар, бір қолымен қасиетті бесікті, бір қолымен әлемді тербететін ана болатынын ертерек ойластырған.
Жастардың ресурстық орталығының бастамасымен ұйымдастырылған «Ерейментау аруы -2019» аудандық байқауы барша қауымның көңілінен шықты. Түпкілікті мақсат-бағыты бойжеткендердің дарын-қабілетін анықтауға негізделді.
Ақылына көркі сай, сырт бейнесі мен өнерге ынтасы сәтті жымдасқан жеті қарындасымыз сахнаға көтерілді. Олар: өлеңтілік Аминат Умарова, ақсуаттық Айдана Темірханова, Новомарковкадан Арина Қайырбекова, №8 АТК студенті Гүлдана Боранова, Бөгенбай мектебінен Жадыра Ерғазы, №4 орта мектептен Жұлдыз Бәкірова, №1 орта мектептен Жанел Асқарова.
Таныстыру кезеңінде сайыскерлер өз ойын төрт жол шумақпен өрнектеді. Енді бірі төл шығармасын домбыраның сүйемелдеуімен әнге қосты. Дайындық деңгейіне қарай төрешілерден он баллдық шеңберде баға алды. Ісмерлік өнер кезеңіне ұсынған қыздың бөркі, оюлы бөстек, сіріңке шиінен салынған үй, панно, сүт коктейлі, бисерлі бұйым, тәж – бәрі-бәрі кез келген қонаққа ұялмай ұсынуға әбден болатын, көз тартарлық дүниелер. Сахналық көрініс ғашықтық сезім бағытын қамтыды. Біз, үлкендер, бір сәт жастық кезеңімізге аз уақыт қайта оралғандай болдық. Бәлкім, әділ қазылар да дәл осындай әсерге берілген болар. Әдеттегі ғашықтар монологынан бөлек, Тристан мен Изольда образына енген, әскердегі сарбазға нәзік сезімге толы сағынышын хатқа түсірген кейіпкерлеріміз сөз шешендігімен, прозалық шығарма дарынымен бәрін риза етті.
Емтихан билеті үлгісінде мақал-мәтелді жалғастырған, түпкі мән-мағынасын түсіндірген сәтте сәл-пәл мүдіргендер де байқалды. Мүмкін шаршы топта қысылған да болар. Сын сағатта бәрі бірдей ойға түсе бермейді ғой. Дегенмен тұйықтан жол тауып шыға білді.
Ән мен би бәсекесінде қазақтың барлық қызының белгілі бір өнерге талпынысын, ықыласын таныдық. Әуезді ән мен ұлттық би сахнаға сән берді. Гүлдана Боранова мәнерлі әнімен таңдандырды. Ерғазы Жадыра қарындасымыз сомдаған, заман ағымын дөп басқан көрінісі, алыс елден жұмақ іздеген, аңдаусызда Сириядан бір-ақ шыққан қыз бейнесі жан баласын тебірентті. Қос құрбы бірауыздан жоғары баға алды.
Түрлі сипаттағы заманауи селфи, дефиле-шоу кезеңі, сұлулық келбет, киім киісі, шаш қою үлгісі қыздардың жүйрік ой-қиялын, тапқырлық қабілетін паш етті, залдағы жанкүйер жастарды бір серпілтті.
Әділ қазыларға түпкілікті шешім шығаратын уақыт келді. Шаршы топтағы барлық бозбала-бойжеткен, көрермен оны асыға күтті. Жұлдыз Бәкірова, Гүлдана Боранова, Айдана Темірханова ұйымдастыру алқасының дипломымен көтермеленді. Аминат Омарова «Стильді ару», Арина Қайырбекова «Экстравагантты ару», Ерғазы Жадыра «Әсерлі ару» лентасын иеленді. Бас жүлдегер дипломы мен «Ереймен аруы» лентасы көпшіліктің қуаныш-қошеметімен Жанел Асқароваға ұсынылды. Бәріне бағалы-көтерме сыйлық табысталды. Жүргізушілер Аманбек Арғын мен Қазыбек Әлібек ұтқыр ойымен, тартымды пікірімен, құнды лебізімен баршаны өзіне тарта білді.
Тағы бір мәртебелі жарыс сәтімен өтті, өз мәресіне жетті. Шаршы топта, аздаған уақыттың ішінде кешегі Жібек пен Баянның, Домалақ ана атымен есімі аңыз болған Бүбіжар әженің, Қарашаш пен Құртқаның ізбасар сіңлілерімен жүздескендей әсерге, ерекше сүйсініс сезіміне бой алдырдық. Шындап келсек, жеңілген сайыскер жоқ. Бәрі де зерделі, шешен, ісмер, тапқыр, әнші, актер, ұқыпты, білікті. Нақтысын айтар болсақ – сегіз қырлы, бір сырлы, ата-ананың үкілеген гүлі. Лайым осы гүлдерімізге көз алдымызда мәңгі жайнап өсуді, тіл-көзден аман болып, оқу мен қызметте табысқа, ойлаған мақсатына жетуді, Абай бабамыз өсиет еткендей, тәуелсіз елінің бір кірпіші болып қалануын Тәңірім нәсіп етсін.

Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.
Суретті түсірген автор.