«ӘМИНАНЫҢ» КЕЛЕШЕГІ НЫҚ

Наурыз – жыл басы. Күн жылынып, мал төлдеп, ақтың молаятын мезгілі де – осы ай. Әр аймақта осы көктем мерекесіне орай өтетін іс-шаралардың біріне тоқталмақпын.
«Жас келсе – іске» демекші, кәсіпкер Мизанбай Ерғанат биылғы Жастар жылына орай ауылымызда бүлдіршіндерге «Әмина» балабақшасын ашып берген болатын.
Міне, бүгін біз осы білім ордасындағы тәрбие жұмысының куәгері болып отырмыз. Мекемеде қазіргі уақытта үш топ жұмыс істейді, қыста үй жылы болды, оқу-тәрбие жұмысына лайықты барлық жағдай ойластырылды.
Әз Наурыз күні ғимараттың кіреберіс бөлмесіне жайылған дөңгелек үстел ұлттық тағамға лық толып тұр. Ұжым өкілдері ұл-қызын ертіп келген ата-аналарға қонақжайлық пейілмен, көтеріңкі көңілмен наурыз көжеден дәм татыруда. Ұлттық киімдегі тәрбиешілердің де көңіл-күйі көтеріңкі. Баршасымен төс түйістіре, жылы амандасып, ізгі лебізін жолдап жатыр. Әсіресе, біз, үлкендер, немерелердің тырнақалды өнеріне, мәнерлеп өлең оқу шеберлігіне, әншілік-бишілік дарынына мәз болдық. Тәрбиелік мәні терең ұлттық ойын, түрлі көрініс шағын сахнаға ерекше сән берді, бағдарлама мазмұнын барынша тереңдетті. Бәріміз оны қуана қолпаштадық.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, келешек ұрпақ, ауыл баласының қамын көздеген, оларға ұлттық нақышта тәлім-тәрбие беруді қолға алған ұжым басшылығына, тәрбиеші мамандарға, немерелеріміздің мейірімді, қамқор пейілді бүкіл апайларына, қызмет көрсетуші өкілдеріне алғысымыз шексіз.
Төл мерекеміз құт дарытсын, дастарқандары молшылықта, жүректеріне имандылық ұяласын, әр шаңырақтан сәбидің шат күлкісі кетпесін!

Ата-аналар атынан Күлпән СӘКЕНБАЕВА,
зейнеткер-ұстаз.