ЖАҢА ҮЙ. МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛУІ ШАРТ

Ауданның қоғамдық кеңесінің өкілдері өткен аптаның соңында Зейнеп Жүсіпованың жетекшілігімен Жантай батыр көшесінің бойындағы атышулы үй алдында өз мәжілісін өткізді.
Әңгімеміз 60 пәтерлі үй жайында өрбімек. Кеңес мүшелері жоғарғы қабаттағы кейбір пәтерлерді аралап көрді. Сыз тартқан дағына, ауа тартқышының жоқтығына, орнына ауқымды ойық қалдырылғанына, есік-терезесінің сапасыз орнатылғанына, кейбірінің кәріз иісіне, үй сыртында терезе жақтауының жоқтығына назар аударды. Бұл тек біз байқаған кемшілігі ғана. Құрылыс бөлімінің басшысы Ербол Мәшкенов үй тұрғындарымен, жұртшылық өкілдерімен кездесуге келді. Ол жалпы жағдайды қысқаша сипаттап өтті. Құрылысты жүргізген «Аккорд НС» ЖШС О.А.Остапенко үй сыртының жақтауына қатысты олқылықты реттеуге, суағар орнатуға, төбе жабуын қымтауға, балконға, баспалдақ алаңына кафель жапсырып беруге тиіс екенін хабарлады. Төңіректі көріктендіруге арналған тендерді ұтып алған «Мухамет НС-2007» ЖШС үй маңайында тиісті жұмысын жүргізуге, ауланы асфальттауға, ағаш егуге, гүлзар жабдықтауға міндетті. Әрмен қарай 22 сәуірде құрылысшының шағымы бойынша сот өтетіні хабарланды. Оған кепілді ақысы төленбеген. Сондықтан үй тұрғындарынан сотқа ұсынуға арналған өзекті мәселесін жазбаша тізбектеп беруді өтінді. Тек жоғарыда аталған олқылыққа қатысты іс түзетілгеннен кейін ғана жаңағы қаржы кәсіпкерге қайтарылатын болады. Айта кететін жайт, үйге қызмет көрсетуге арналған кепілдік мерзімі 2020 жылға дейін күшін сақтайды.
Үй тұрғындары жоғарғы қабатының жылымайтынына, қыста терезе мен балконның есігіне мұз қататынына, кіреберіс жолдың жоқтығына, сыртқы төбеге төселген күлдің зардабына, тұрғындардың терезеден қоқыс қалташасын лақтыратынына наразылығын жаудырды. Кездесуде осы және өзге проблемалар әңгіме болды. Кейбір бейқам пәтер жалдаушылардың коммуналдық мекемеге берешегі де айтылды. Ашығын айтар болсақ – пәтер терезесінің тұсындағы қоқысты ешкім келіп жиып бермейді. Өйткені көршісінің тосын қылығына үнсіз қарап отырған үй иелерінің өздері кінәлі. Қоқыс жәшігі таяқ тастам жерде тұрған жоқ па?!
Кездесу нәтижесі бойынша тиісті шағымды аудан әкімдігіне, сәйкестелген бөлімге тезірек табыс етуге ұсыныс берілді. Құрылысшылар жүздесу сәтінде бірінші қабаттағы терезе жақтауын ретке келтіре бастады.
Раушан НҰРҒАЗИНОВА.
Суретті түсірген автор.