ЖЕТІ АДАМ МӘРЕГЕ ЖЕТТІ

30 наурызда Еркіншілік ауылының мәдениет үйінде «Еркіншілік дауысы» вокалды интернет-конкурсының гала-концерті өтті.
Ұйымдастырушы – «МОСТ» шығармашылық тобы. Өнер жарысы 1 наурыздан басталды да, интернетті қолданушылар бір айдың ішінде өздеріне ұнаған өнерпазды жақтап, әлеуметтік желіде дауыс беруге мүмкіндік алды. «Инстграм» желісіне конкурсанттардың өнері енгізілген бейнежазба ұсынылды. Бұл жолы шаршы алаңда жалпы 14 үміткер бақ сынады. Берілген дауыс нәтижесінде 7 адам мәреге жетті. Концерттің соңында дауыс беру тәмамдалғанда жаңағы жеті жерлесіміз өз әнін орындады. Дауыс қорытындысы шығарылғанда Р.Часина, О.Гаус, А.Жаба белсенділігі үшін көтермеленді. Б.Қуанышбекқызы үшінші, Н.Сетерхан екінші, Ж.Қанат бірінші орын алды. Бас жүлде иегері Жолдымұрат Алтынжанға естелік диплом мен 5000 теңгелік сертификат табыс етілді. Аталмыш бәсекеміз үшінші жыл өткізіліп келеді. Жалпы бұқаралық сипат алғанына да сеніміміз кәміл. Бақ сынаған барлық өнер иелеріне, көңіліне көбірек ұнаған әртістерді қолдап дауыс берген жанкүйерлерге ризашылық алғысымыз шексіз.
Александра БЛОХИНА,
Еркіншілік мәдениет үйінің директоры.