АЛҒЫ КЕЗЕҢНІҢ МІНДЕТТЕРІ БЕЛГІЛЕНДІ

Жуырда өткен жариялы тыңдау сағаты шаруашылық жүргізу құқығындағы негізгі екі коммуналды кәсіпорынның – «Теплосервис» пен «Ерейментау Су Арнасының» өз құзыретімен сәйкестелген жылу, ауыз су берілісіне, шайынды су ағызылымына қатысты қызметіне арналды.
Қаланың әкімі Төлеутай Мұхамеджанов қыстыгүні тұтынушыларды жылумен, тіршілік нәрімен іркіліссіз қамсыздандырған адалниетті қажырлы еңбегі үшін коммуналды мекемелерге алғыс айтты. Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың аманатына сәйкес, объектілердің келесі кезеңге даярлығына арналған тапсырма белгіленді.
Жылумен жабдықтайтын сала директоры Ерболат Мадияров «2018 жыл ішіндегі жылу қуатының өндірісі, берілісі, үлестірілімі, жабдықталымы» реттелмелі қызмет ұсынылымына арналған жалпы жағдайды толық сипаттады. Жылу өндірісіне, көмір алдырылымына, электр жүйесі мекемесімен есептесуге, жанар-жағармай, көмір, шикізат пен материал шығынына арналған дерек, өзге жайттар санмен өрнектелді. Заңды және жеке тұлғаларға лайықталған, есептегішпен және есептегішсіз өлшенетін, 7 және 12 айға арналған орташасалмақталған сараланған тарифтің мәнісі түсіндірілді. Тұтынушылардың дебиторлық борышы да баршылық, бүгінгі таңда 50 пайызы өндіріліп алынды. Бұл орайда түрлі деңгейдегі басшылар өз қарамағындағылармен жылу қарызының уақтылы өтеліміне лайықталған түсіндірме әңгімесін жүргізуі шарт.
Баршаны тіршілік нәрімен қамсыздандыратын аса маңызды стратегиялық сала басшысы Назымбек Қайыржановтың сөзі баршаның назарын аудартты. Инвестициялық бағдарламаның нақты орындалымы, оның жалпы сомасы, материалдық нығайтылым реті, кәріз желілерінің жөнделімі ақпарат мазмұнын толықтырды. Алдағы жоспарға сәйкес, сұралған қаржы бөлінісіне қарай, келесі жылы Шахта Социал мөлтекауданының, Ыбыраев, Қарасу көшесінің абоненттерін қамтитын жаңа су желісін іске қосуымыз қажет. Оған қоса екінші биіктік резервуарын тазартатын қаражат керек. Ол үшін қаланы ауыз су желісінен белгілі бір уақытқа ажыратуға тура келеді. Сондықтан желіде іркіліс орын алмас үшін екінші резервуар қажет болады.
Бірқатар елді мекендерде арынды су мұнарасы тозып тұр. Сол себепті келешекте су шығынын азайту үшін резарвуарға ауысуға негіз қойылады. Санитарлық нормаға сәйкес көшенің су алатын колонкасынан арылу ісі кезек күтеді. Болашақта жұмыс қалыпты жүруі үшін тағы бір катопилер талап етіледі. Игі тілек ретінде қоса айтылған жайт: көпқабатты үйлер сумен бірқалыпты жабдықталуы үшін жертөледегі салалас желіге тұрғындар тарапынан ұқыпты күтім, жанашырлық ниет қажет.
ТКШ бөлімінің басшысы Ербол Мәшкенов жұмысшылары мен инженер-мамандарының жауапкершілік көзқарасы үшін қос кәсіпорынның атына ризашылық білдірді. Қызметті тұтынушылардың сандық есебін жүргізуді өтінді. Облыстық қазынадан ескі су құбырын іске қосуға қаржы қарастырылатын болады.
Жылу берілісі жүйесінде де, «Нұрлы Жол» бағдарламасына сәйкес, тиісті орындарға өтінім түсіріледі. Мақсат-бағыты келешекте жаңа тұрғын үй аймағы мен дене шынықтыру-сауықтыру кешенін желіге жалғауға арналмақ. Инженерлік желілерді әзірлеуге облыстық мәслихат сессиясының шешімімен ауданымызға қаржы қарастырылады. Сөз түйінінде дебиторлық борыш өтеліміне, су жүретін желінің жобалық-сметалық құжаттама әзірленіміне лайықты жұмыс жүргізуге міндет қойылды.
Қаланың әкімі Төлеутай Мұхамеджанов инженерлік желілердің келер қысқа уақтылы даярлығы, жертөлесінің ретке келтірілімі бойынша көпқабатты үй иелерімен жиын өткізуге ниеттеніп отыр. Коммуналды пәтер тұрғындары да тұрғын үй қорының кондоминиум объектісінің бірлескен күтіміне саналылық, бірлік, түсіністік танытқандары абзал.

Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.