ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДЫҢ МӘН-МАҢЫЗЫ ЗОР

Өңір экономикасының маңызды саласы – ауыл шаруашылығы өндірісі жетекшілері, ауыл, ауылдық округ әкімдері, ветеринарлық қызмет, баспасөз өкілдері еңбек аптасының алғашқы күні аудан әкімі Абай Әлжановтың басшылығымен кеңеске жиылды.
Ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Абылай Иманжүсіпов ағымдағы жылдың көктемгі-дала жұмысына дайындық реті, мал шаруашылығы саласындағы индикативтік жоспардың орындалым барысы туралы кең ауқымды мәлімет ұсынды. Жазғы егіс алаңы, бидай, жемдік астық, майлы, малазықтық дақыл, картоп, көкөніс алқабының аумағы әңгімеге негіз болды.
Ірі шаруашылықтардың, шаруа қожалықтарының, соқа түсіруге жарамды жері, оған қоса жерін тиісті мақсатына пайдаланбайтын шаруа иелері талдамаға ілікті. 8 серіктестік пен 8 қожалық әлі күнге дейін тұқым тапшылығын сезініп отыр. Шаруашылықтардың кейбіреуі сұрып-тұқым жаңартылымы аясында келісім-шарт пен жоспарға қол жеткізген. «Айзет Фармс» ЖШС-нің бірінші репродукциялы Астана сұрыпты ішкішаруашылық ауысымына арналған 500 тонна тұқымы баршылық. Топырақтағы жеткілікті ылғал қоры, арамшөпті жоюдың химиялық әдісі, шаруашылықтың машина-трактор паркінің толықтырылымы, жаңартылымы туралы айтылды. Аймағымызда мал басының көбейгенін ескере келе, жемазық өндірісін дамытуға, түлік тұқымының қалыпты жаңартылымына, мал семірту алаңына өгізше тапсырылымына, скважина салғызуға назар аудару қажет.
Мал шаруашылығының дамытылымы бөлек тақырып болды. «Сыбаға» бағдарламасы аясында ауданымызға отбасылық үлгіде етті ірі қара күтетін 15, уақ мал өсіретін 4 шаруашылық құруға жоспар берілген еді. Жаңағы бағдарлама бойынша Австралия мен Ресейден, отандық асылдандыру орталықтарынан мал алдырғандар аталды. Олар: «Айзет Фармс», «Мурат», «Балжан» қожалықтары. «Бестоғай -2030» ШҚ К.Қаппасов «Сыбаға» бағдарламасы арқылы шет елдік асыл тұқымды 70 бас ірі қара алдыруға Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы несие ресімдетуде. «Ибрагим», «Рахат» шаруа қожалықтары, «Ерейментау-Агро» несие серіктестігіне үн қосушылар, «Агробизнес» бағдарламасы бойынша отандық асыл тұқымды мал әкелуді жоспарлауда. «Сыбаға» бағдарламасы негізінде шет елдік асыл тұқымды мал алдыруға қолбайлау болатын себебі аталды: бағасы қымбат, ветеринарлық қиындық, қаржы тәуекелділігі.
Егістікке атүсті қарайтындардың жерді тоздыратыны, көктемгі-дала жұмысына жанар-жағармай бөлінісі, жабық жатқан, суармалы шабындыққа су өткізілмейтін темір жолдың бойындағы шлюз мәселесі залдан сұрақ қоюға негіз болды.
Несие мекемелерінің өкілдері: «Агрокредитная Корпорация» АҚ Астана қаласындағы филиалы несиелеу бөлімінің бастығы Жанғали Әбілжанов, «Ауыл шаруашылығын қаржылай сүйемелдеу қоры» АҚ бас несие менеджері Шыңғыс Қуанышпек агрофорумның жұмысына шақырылған өкіл ретінде қатысты. Жиылған қауым «Кең дала», «Сыбаға» «Ырыс», «Агроэкспорт», «Агробизнес», «Агротехника», «Іскер» негізгі бағдарламасы арқылы несиелеу тетігі, пайыз мөлшерлемесі, кепілдік қамтылымы, нысаналы бағыты бойынша толыққанды ақпар алды.
Кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының басшысы Мерей Қасенов «Экономика простых вещей» несиелеу бағдарламасы бойынша қысқаша ақпар ұсынды.
ҚР АШМ аудандық аумақтық инспекциясы ветеринарлық бақылау қызметінің өкілі Асылбек Тоқсанбаев аудан аумағына мал әкелерде карантинді заңнаманы сақтау қажеттігін ескертті. Ол түрлі жұқпа мен мал індетінің алдын алуға арналған амал. «Мал Аман» коммуналды кәсіпорнының директоры Қазыбек Бекеев тері кінәратына қарсы міндетті екпе жүргізілімі жайында ескертті, түпкі зардабы төл алуға, өнім сапасына әсер етеді. Бруцеллез зерттеліміне, малды жайылымға шығарарда екпе жүргізетін алаң мен аран қажеттігіне, түліктің ИСЖ есебіне енгізіліміне, жылқыны чиптеуге, уақ малға бирка салғызуға назар аударылды. Қазыбек Қайыркенұлына қаңғыбас итті, әсіресе жойқын тұқымдысын атқызу, тіркелімі мәселесі бойынша сұрақ қойылды.
«Жаңа Береке» ЖШС-нің директоры Айдар Нығметов көпшіліктің назарына қызықты ақпар ұсынды. Ол жөнінде газеттің келесі нөмірінде хабарлайтын боламыз.
Жиын әңгімесін түйіндеген аудан әкімі алдағы егіс науқанында табысқа жетуге, төрт түлік малдың аман өсуіне тілектестік ниет білдірді.
Раушан НҰРҒАЗИНОВА