АТА-БАБА ДӘСТҮРІНІҢ ЖАЛҒАСЫ

Ел тарихындағы кезекті дата – Жеңіс күні жақындап келеді. Биыл Ауғанстаннан әскердің шығарылғанына 30 жыл толғанын атап өттік.
Бұл қатерлі де қастерлі кезеңнің соңғы куәгерінің көзінің тірісінде жаңағы оқиға ел жадында сақтала береді. Өз келешегін Отан қорғауға арнауды армандайтын жаңа ұрпақ өсіп келеді. Тайбай орта мектебінде әскери-патриоттық тәрбиеге арналған жоба жүзеге асырылуда. Білім ордасында алғашқы әскери дайындық сабағының оқытушысы Жамбыл Жаншуақов басқаратын «Бүркіт» клубы құрылған.

Жуырда бізге жағымды хабар жетті. Жаңағы клубтың ер балалары, №2 Жалтыр орта мектебінде өткен, интернационалист-жауынгер А.У.Құрманғалиевтың кубогына арналған әскери-қолданбалы спорт жарысына қатысты. Шаршы алаңда облыс көлемінен Старый Колутон, Қызылжар, Жалтыр, Ерейментау, Шортанды ауданы мектептерінің өкілдері бақ сынады.
Жарыс бағдарламасына пневматикалық винтовкадан оқ атуға, АК-74 қаруын бұзып-жинауға арналған тапсырма енгізілді. Тайбай орта мектебінің шәкірттері Мөлдір Елубаева, Әсел Бақытова, Омар Қасымхан, Мәрлен Сарқытұлы шаршы алаңда абыройға бөленді, екінші құрметті орынға көтерілді. Бәрі – тыңғылықты жаттығудың, сабаққа жауапкершілік ниеттің жемісі. Ақтық нәтижеде мектебіміздің командасына ұйымдастырушылар тарапынан Кубок, білім ордасына әскери-патриоттық тәрбие ісін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны, қол жеткізген табысы үшін Грамота берілді. Команданың әрбір ойыншысы аспалы медальді, естелік сыйлықты иеленді.
Үйге жеңіспен оралған ойыншыларымыз келесі бәсекеде де биіктен көрінуді мақсат етеді. Шәкірттер өздеріне қолдау көрсеткен Асқар Ералинов басқаратын мектеп әкімшілігіне, аудандық білім бөліміне, ата-аналарға алғыс лебізін арнайды.
Раушан БАРЖАҚСЫ.
Сурет мектептің архивінен алынды.