МӘСЕЛЕ БӘРІНЕ ОРТАҚ

Аудан әкімі Абай Әлжановтың төрағалығымен кеңес өтті.
Бұл жолы аудан активіне жол-пайдалану учаскесінің бастығы лауазымына тағайындалған Жаңбырбай Молдасүгірұлы Әбдин таныстырылды, қызмет жолын тізбектеген өңір басшысы республикалық мәндегі автобаннан бекітілген учаске күтімінде табыс тіледі.
8 сәуірден бастап бүкіл жерде төңіректі тазартуға, көріктендіруге, көгалдандыруға арналған айлық жарияланды. ТКШ бөлімінің бастығы Ербол Мәшкенов ауылдық аймақтарды өткен тазалық бейсенбісінің нәтижесін, ортақ іске үлес қосқан адам санын жария етті. Мердігерлік мекеме – «Жезсвязьстрой» ЖШС-мен бекітілген келісім-шарт негізінде салынатын дене тәрбиесі-сауықтыру кешенінің құрылыс барысы қамтылды. Ғимарат уақтылы іске қосылуы үшін кестеде межеленген мерзімнен қалыспау қажеттігі барынша маңызды.
Қаланың әкімі Төлеутай Мұхамеджановтың ақпарына сәйкес аталмыш айлық аясында белгілі жұмыс жүргізілді. Білім ордалары, коммуналды кәсіпорындар, қалалықтар бас көше мен жақын төңіректің ағашын әктеуге, қоқысын шығаруға белсене үн қосты. Көгалдандыру мақсатында Ағаш егу күні жарияланбақ. Бұл сәтте ағаш пен гүл көшеті жеткізіледі. Көше жолының асфальт жөнделімі жалғасатын болады. Коммуналшыларға құбыр төсеуге қазылған ұра орнын тегістеуге, сақшыларға бейқам үй иелеріне, тазалық ережесін бұзғандарға айып салуға тапсырма берілмек.
Көпбалалы отбасыларға тиесілі атаулы әлеуметтік көмек тағайындалымына, төлеміне арналған мәселе баршаның назарын аудартты. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Марина Сердцева үміткер саны мен тиесілі қаржы қосындысымен қатар құжат қабылданым тәртібін егжей-тегжейлі түсіндірді. Ауылдың әкімдері ақпараттық дерекқор мәселесін шешулері шарт. Жәрдемақы төлем ретін тұжырымдап түсіндірумен қатар акт жазбаларын цифрландыруға, ауданнан тыс жерде жұмыс істейтіндердің жалақы шамасын нақтылауға лайықталған іс күтіп тұр. РАКС маманының тағайындалымы, ауыл әкімдерінің тақырыптық семинар өткізілімі – кезек күттірмейтін мәселенің бірі.
Дала, орман өртінің алдын алу – қоршаған орта амандығының кепілі. Жекеменшік жүйеге де бұл істің қатысы баршылық. Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Ерлан Айдрахманов өткен жылғы оқиғаларды сараптаумен қатар округ әкімдеріне өрт сөндіруге жәрдемдесу, халықтың мүлкін сақтау негізінде аграрлық сала басшыларымен меморандум бекітуге тапсырма жүктеді.
Жұмыс тәртібімен сумен жабдықтауға, жылу берілісіне, өрт гидрантының, автокөлік жолының жағдайына қатысты әңгіме өрбіді. Бюджет толықтырылымы, алдағы Жеңіс күніне орай біржолғы демеушілік жәрдем көрсетілімі, кезекті баспасөзге жазылу науқаны, Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының орындалым реті мәселе көтеруге негіз болды.
Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.