Қос жүйріктің тағдыры. (Деректі поэма)

1. Жүйріктің тарихы.
Қос жүйрік шынардай жарқылдаған,
Қамалда қалмай барад алынбаған.
Кішісі бесті ат деп аталады Қос,
Үлкені он бір жасты алқымдаған.
Тиекті, Қолбаң, Салбаң ұштасады,
Малдары жаз айында тау асады.
Самал төс, шөбі шүйгін тау етегі,
Шұрайлы мұндай жерден кім қашады.
Сұмын бар аймақтағы бәйгелерде,
Сан мәрте бас жүлдені алды міне.
Ат бабы келіспеген аңғал жандар,
Көреміз деп қайтады ендігі де.
Біреуі туа біткен меншік малы,
Төгілген күлтеленіп құйрық жалы.
Бес жасқа биыл толды үміті көп,
Тор төбел маңдайында болған қалы.
Енесі дәл өзіндей бие еді,
Мойнына жүген құрық тимеп еді.
Тайынан, құнан, дөнен бәйге алып,
Осы жыл аламанға қоспап еді.
Біреуі күні кетіп арба тартқан,
Үстіне неше түрлі жүктер артқан.
Жануар арқа жоны тесілген соң,
Амалсыз ақшасына бұған сатқан.
Алған соң жем мен шөбін үзбей берген,
Жазылып арқа жоны күйге енген.
Арбадан құтылған соң бабы келіп,
Болар деп өрен жүйрік атқа сенген.
Иесі жүйріктің Әуітханы,
Мал баптап шуылдаған ауыл маңы.
Бүркітші, шебер, ұста өнері бар,
Оғынан құтылмаған атқан аңы.
Жылқысы жаз айында жайлау кетер,
Дәрумен неше түрлі шөбі жетер.
Жүйрігін бәйгеден соң сонда қосқан,
Ойында қауібі жоқ кірбің етер.
Жесең ас, ішсең сусын, сатсаң ақшаң,
Жануар иесінің бағын ашқан.
Әндетіп биік жонға айдағанда,
Алдынан қайтар жолда түлкі қашқан.
2. Шаншу сөздер.
Болжамның бірі дұрыс, бірі теріс,
Басталар сондай сөзден ұрыс-керіс.
Біреулер көңіліне кек сақтаса,
Жүрекке мұз байланып, болар беріш.
Жер дауын, жесір дауын сылтау қылып,
Іздейді ел ішінен түрлі былық.
Көрсе де, көрмесе де көсемситін,
Үзілмей келе жатыр жаман қылық.
Іштегі ірің солай жарылыпты,
Шоқ тастап үрлейтіндер табылыпты.
Қолтыққа су бүркетін жантықтар көп,
Жүгіріп екі топқа сабылыпты.
Сылтауы жүйрік ат жайлы десіп,
Қоятын ара-тұра егестіріп.
Шамына тиетіндей сөздер айтып,
Біреуін біреуіне теңестіріп.
Жүйрік ат ұшқан құспен теңеседі,
Осылай мақтағандар кеңеседі.
Көпшілік жиналған жер күлкі керек,
Аузынан жылы-суық жел еседі.
Жігітсің қай жерің кем ана шалдан,
Қайырын көрген жоқсың жиған малдан.
Әуітханның аттары қандай жүйрік,
Оданша мінсең дұрыс таяқ талдан.
Қарашы сенің атың есек екен,
Бәйгеден жүлде күту бекер екен.
Ат мынау Әуекеңнің тұлпарлары,
Тер шығып құс боп ұшып кетед екен.
Осы сөз Садақбайға қатты батты,
Ұйқысыз қиналумен таңы атты.
Егерде оның аты жоқ боп кетсе,
Жүлдені өзі алар жолын тапты.
Садақбай Сұңғылға кеп ақыл қосты,
Шаруасыз үйде жатқан қолы босты.
Кешегі жарыстағы естіген сөз,
Шынында қинап еді екі досты.
Әңгіме үлкен тойда жарыс болған,
Кермеге неше түрлі аттар толған.
Бәйгеде мұның аты кейін қалып,
Тағы да Әуітханның жолы болған.
3. Қиылған тағдыр.
Жаз өтті, күзде келді, қырбақ түсті,
Баяғы айтылған сөз еске түсті.
Жоқ қылмақ екі атты ойға келіп,
Ишара ым қағысты аттың үсті.
Ауылдан бірге шығып бөлек жүрді,
Тұсынан бірлестіктің иттер үрді.
Күзетші байқап қалды не істейді,
Көрмейді ондай жайды шыбын ғұрлы.
Ішінде қызғаныштың иті үріп,
Келеді асығыстау желе жортып.
Жүрегі әлде неден шымыр етті,
Жүргендей бөгде біреу мұны торып.
Біреуі Асқыртымен асып кетпек,
Келесі Түмтіменен жүріп жетпек.
Алдымен барған адам жылқы көздеп,
Досына артындағы дайын етпек.
Сары жон жатқан жылқы не біледі,
Түс ауа жусауынан тебіндеді.
Келген соң тәуекел деп осы іске,
Қалайша қорқақтанып шегінеді.
Үлкен жол ирелеңдеп тау асады,
Тіршілік көз жұмғанша жалғасады.
Кең жайлау, ел күзеуге көшіп кеткен,
Ісіңе кімдер келіп таласады.
Ұстады қос жүйрікті тасқа қамап,
Түсірмей басқан ізді қадағалап.
Тас-тастың үстіменен әрең жүрді,
Алмайын деп ісімді жарнамалап.
Мақсаты қос жүйріктің көзін жоймақ,
Жемтігін терең құзға тығып қоймақ.
Екеулеп атты алып тасқа шықты,
Осымен бұл оқиға тәмам болмақ.
Айласы табиғатқа жаппақ жала,
Ойлаған осы жайды алдын-ала.
Өлтіріп биік құздан құлатыпты,
Куәсі тауы-тасы, иен дала.
Әуелде бастан ұрды, сонсоң атты,
Жануар қаскүнемге қарап жатты.
Келтірмей ауыр соққы қимылдауға,
Обалым, жіберме деп ақымақты.
Қоштасты тауы-тасы жазығымен,
Су ішкен, дәруменді азығымен.
Қимастан баршасына қарап жатты,
Жаратып, арқандалған қазығымен.
Шешілген күдік.
Емес ед тауға шығар бұғы, киік,
Болмап ед ешбір жанға көзге күйік.
Үстінен қара жердің табылмады,
Жоғалды Әуітханнан екі жүйрік.
Жолдасы Әуітханның Әметбайды,
Құдайым бекер жанды жаратпайды.
Тәуекел іздемекке белді буды,
Адалды арамдыққа талатпайды.
Беретін ажыратып ара жікті,
Бүркітші, аңкөс адам, ізге мықты.
Көп жүрді тау мен қырды аралады,
Ақыры орқаш-орқаш тасқа шықты.
Адамның адам жаннан айырмасы,
Япыр-ай неткен қатал қарсыласы.
Кей тасқа жал-құйрықтан белгі қалса,
Табылды көмескілеу із таңбасы.
Ойлады бұлар қалай жоғалады,
Дұрыс боп іздеп келген жорамалы.
Көргенде қос жүйріктің жемтіктерін,
Еріксіз көздің жасы домалады.
Бұлдырап сөнген екен көзден жарық,
Осылай топшылайды көрген халық.
Тас тілген табанында, шашасында,
Құрбаны қастандықтың болған анық.
Ойына туындады түрлі елес,
Қорымға жылқы малы бармақ емес.
Күдікті сұрақтарға жауап іздеп,
Шақырып заң орнынан алды кеңес.
Фотоға жан-жағынан түсіреді,
Көзіне жануардың үңіледі.
Әртүрлі сараптама жасап көріп,
Қастандық жасалды деп түйіндеді.
Қастандық иелерін табу керек,
Жинады қауым жұрттан түрлі дерек.
Күзетші көрген жайды баян етті,
Қырағы адам екен өзі зерек.
Күзеттен кеш қайтатын, ерте келіп,
Бәріне көз тастайды жекелетіп.
Мойнында мылтығы бар, таң атпастан,
Бір адам өте шыққан ертелетіп.
Із кесіп тергеушілер терін төгіп,
Күдіктің тауып берді қылын сөгіп.
Қылмысты мойындады екі адам,
Жатыпты дұшпандықтың кегі бөгіп.
Соңғы түйін.
Адам бар топ ішінде ардан безген,
Оянған өшпенділік сол бір кезден.
Мақсатын құпиялап асырған соң,
Тірі жан болған емес мұны сезген.
Хайуан жылқы малдың айыбы жоқ,
Сұңғыл мен Садақбайлар кінәлі боп.
Заң әділ үкім кесті екеуіне,
Шешімді дұрыс деді жиналған топ.
Кек сақтау, өшпенділік дұрыс болмас,
Қайғыға соқтырады орны толмас.
Киесі жануардың жібермейді,
Басына ондай жанның бақыт қонбас.
Оқиға өткен ғасыр орта тұсы,
Соққының тиген жері қарақұсы.
Іздеген, көрген-білген адамдар бар,
Куәсі тауы-тасы, аңы-құсы.
Тағдырын қос жүйріктің баян еткен,
Қатыгез жандар еді олар неткен.
Кейіпкер азын-аулақ өзгертілді,
Оқырман қауым мұны айып етпен.

Әдебиет БАЙДОЛДАҰЛЫ
Новомарковка ауылы.