ҰСТАЗ – ҰЛЫ ТҰЛҒА

«Адамның адамшылдығы…жақсы ұстаздан болады», – деген Абай атамыз. Бұл – парасатты ұғым. Оқушыға білім нәрін себетін осы сала маманы. Өмірде қандайда бір үлкен белесті бағындырып, жетістікке жетіп жатсаң – бәрі-бәрі тәлімгеріңнің арқасы. Мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап шәкірттің қолбасшысы –мұғалима апайы. «Талантты ұстаздың шәкірті талапты болады»,- дейді. Бұл нақыл сөздің де мағынасы терең. Мен бала күнімде алғашқы ұстазым Ержанова Роза Кәрімбекқызынан көп нәрсе үйрендім. Ол кісі маған әріп танытты, жазуды, оқуды үйретті. «Ұстаз – ұрпақ мақтанышы» дегендей, мен де келешегіме білім көзін ашып берген, биік шыңға жетелеген адамды мақтан етемін. Білікті маманның бізге берген тәрбиесінің бәрін мектеп табалдырығын аттағаннан бастап бойымызға сіңіріп өсеміз. Роза апайымыз еңбекке араласқан ұзақ жылдың ішінде қолынан талай шәкірт ұшқан. Қазір ол кісі зейнеткерлік демалыста, немерелерінің ортасында шаттық өмір сүруде. Шәкірттің келешегіне даңғыл жол салатын, жүрегіне білім дәнін егетін, екінші анаң да болатын, жылылық шуағын төгетін мейірім иесін сыйлаумен қатар еселі еңбегін де бағалай білуіміз парыз. Алғашқы ұстаз кез келген ұл-қыз үшін әрдайым қымбат. Енді қазір өз жетекшімнің жолын қуған мен де 30 жыл ағарту саласында қызметтемін. Бұл менің бала кездегі арманым болатын. Менің ойымша, өз ұстазына еліктеп өскен, әрбір ізгі қасиетін санасына мықтап сіңірген әр қыз бала: «мен мұғалім боламын, – дейді. Сол секілді, мен де Роза Ержанованың бойындағы жан сүйінерлік барлық бағалы қасиетін, ар-намысты ардақтайтын ақыл иесін тани келе, осы қадамға бардым деп ойлаймын. Мектептің негізгі құндылығы оқушы десек, оған жеке тұлға ретінде қарау – мұғалімдердің міндеті. Менің көзімді ашып, алғаш шыңға жетелеген – мақаламның кейіпкері. Мен өзімнің «Әліппе» ұстатқан абзал жаныма шексіз алғысымды айтамын. Деніне саулық, амандық, отбасына береке-бірлік, зейнеткерлік демалысы шаттыққа толы болсын дегім келеді. Ұстамы жақсы шәкірті бар ұстаз бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі.
Айнагүл БОҚАНОВА,
Жаңатұрмыс бастауыш мектебінің директоры.