«ЖЫЛЫ ЖҮРЕК – ЖОМАРТ ҚОЛ»

«Адам баласынан мейірім қашса, жер бетінен жақсылық қашады», – деген екен данышпан халқымыз.
Қазіргі жастар тәрбиесінде жүректі нұрландыру арқылы адам жанына әсер ету үрдісі кең қолданылып келеді.Кезінде Абай атамыз да өзінің қара сөздерінде: «Тірі адамның жүректен аяулы жері жоқ», – деген.
Адамшылық, мейірбандық қасиетті бойына мол сіңірген жан айналасындағы әрбір адам баласын «өз бауырым» деп ойлауы керек. Мейірімділік дегеніміз – басқалардың игілігі үшін қамқор болудың нышаны.
Адам өміріндегі ең игі істің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Адамдар бір-біріне қайырымдылық, мейірімділік таныту арқылы жақсылық жасайды. Қамқорлық қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам бастайды. Осы орайда, аудандық білім бөлімінің басшысы Совет Нұрғазиннің ықыласымен «Мейірімділік жәшігі» жобасы өңіріміздің барлық оқу орындарында іске асырылып жатыр. Біздің Еркіншілік орта мектебі де игі істен шет қалған жоқ. Ұжымдағы әріптестеріміз, оқушылар қауымы «Мейірімділік жәшігіне» киім-кешек, ойыншық, оқулық қосты. Ал сынып жетекшілері мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары жаңағы бұйымды мұқтаж жандарға таратуда.
Аталмыш жоба арқылы әрбір адамның бойында рухани-адамгершілік қасиет ұялайды, жақсы-жаманды ажырата білуге, ең негізгі асыл қасиеттерді қалыптастыруға жол ашады.
Қорыта келгенде айтарымыз: қазақ халқы қайырымдылықты қастерлі ұғым санаған. Әрдайым баршаны өзара жақсылыққа, адалдыққа үндеген бабаларымыз ізгілік жолына, адамзат санасында жанашырлық, кеңпейілділік сезімінің берік орнығуына ерекше назар аударған. Сондай-ақ, жомарт ниетті жан ешқашан кедейленіп қалмайды. «Қолы ашықтың – жолы ашық», – деп атам қазақ бекер айтпаса керек. Сондықтан да Алланың берген ризығынан аз да болса бір бөлігін Хақ Тағаланың разылығы үшін қайырлы істерге жұмсасақ, қоғамға тиер пайдасы мол болатыны сөзсіз.
Әйгерім САЛҚЫНБАЕВА,
Еркіншілік орта мектебі
директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары