ҚАЖЫРЛЫЛЫҚ ПЕН ҚАЙСАРЛЫҚТЫҢ ҮЛГІСІ

«Тың игерілімі – ХХ ғасырдың ауқымды әлеуметтік-экономикалық жобасы, әлемдік тарихта оған теңесетін ештеңе болған жоқ».

Н.Ә. НАЗАРБАЕВ

Тың игерілімі 1954-1965 жылдары КСРО-да астық өндірісін молайтуға арналған амал болатын. Істің мәнісі Қазақстан, Еділ, Орал, Сібір, Қиыр Шығыс пен Қырым өңіріндегі аумағы ат шаптырым тың жерді айналымға енгізуге негізделді. Жалпы жаппай тың игерудің алғашқы кезеңінде (1954-1956 жылдары) республикаға 640000 адам келді. Олардың ішінде 391500 механизатор, 50000 құрылысшы, 3000-ға жуық медицина маманы, 1500-ге жуық мұғалім, 1000-нан астам сауда қызметкері болды. 1954 жылдың тамызына таман Қазақстанда 6,5 миллион гектар жер жыртылды. 1955 жылдың басында өңделген жер алаңы 8,5 миллион гектарға кеңейді, жаңадан 90 совхоз құрылды. 1954 жылдың күзінен бері 250 совхоз құрыла бастаған екен. Бұдан бөлек, туысқан республикалардың механизация училищелерінің 66700-ден астам, Қазақстан училищелерінің 19800-ден астам түлегі совхоздарда жұмыс істеді. Тың игерілімі ешқандай алғы дайындықсыз жүргізілді. Тұрғын үй мен техника жөндейтін шеберхананы айтпағанның өзінде, инфрақұрылым, жол, астық қоймасы, білікті маман жоқ еді. Елде құрастырылған трактор, комбайн тыңға жөнелтіліп жатты. Студенттер каникул уағында, механизаторлар іссапармен маусымдық жұмысқа жұмылдырылды. Тың көтерілімі жергілікті халыққа жеңіл міндет болған жоқ. Өйткені ғасырлар бойы төрт түлік малына сенген қазақтарға бұрынғы өмір салтын өзгертуге, диқаншылыққа бет бұруға тура келді… Әйтседе жаңа іске аянбай, белсене қатысуға ауыл тұрғындарының күш-жігері де, ақыл-парасаты да, молынан жетті. Қазақ халқы тарих төрінен құрметті орынды иеленді. Қазақстандағы шұрайлы жердің негізгі бөлігі адамы аз, алыс өңірде болатын. Тың шаруашылығын толықтыратын адам күші жетпей жатты. Мамандар елдің өзге өңірлерінен шақырылды. Нәтижесінде жалпы 6 миллионнан астам адам қазақ жерінде тұрақты қонысын тапты.

Тың тарихының бір парағы біздің бұрынғы «Ленинский» кеңшарында, қазіргі Күншалған ауылдық округінде жазылып жатты. Украина, Беларусь елінен өзге өңірлердің бұрынғы совхозынан біздің жаққа комсомолдық жолдамамен жастар келді. Олар отау құрды, ұрпақ өрбітті, жергілікті халықпен тату-тәтті ғұмыр кешті, туған өлке тарихын, игілігін молайтты, гүлдендірді. Қазір олардың көбі өмірден озды. Кейбіреуі тоқсаныншы жылдары қонысын ауыстырды. Қазіргі таңда округімізде тың игерген екі кейуана қалды.

Прокопеня (Семенова) Раиса Ивановна 1939 жылы туған. 1959 жылдың 13 мамырында комсомолдық жолдамамен тыңға келген. Совхоз директоры Василий Тимофеевич Крайнев жергілікті тұрғындармен комсомолдардың кездесуін ұйымдастырған, жастарды осында қоныстандырған. Сол күннен 1965 жылға дейін елгезек әйел Елизавета Шендриктің отбасында тұрған екен. Келіншек Раиса Ивановнаға 1 жасында дүние салған өз анасындай жанашыр, қамқор болыпты. Ол кісінің балаларына да бауыр басып алдым. Он екі бойжеткенмен бірге төртінші комсомол егіс бригадасына жіберілдім. Бригадаға Игорь Степуха жетекшілік етті. 20 жастағы қыз алғашқы күннен 1965 жылға дейін аспаз болып жұмыс істеді. Өз теңін жолықтырды. 1963 жылы қызы Лилясы дүниеге келді. Асхананың кереуетіндегі сәбиге механизаторлар бас-көз болып жүрді. 1967 жылы орталық қонысқа көшті. 1967-1971 жылдары сатушылық қызмет атқарды. 1969 жылы (жаңа жылдың түнінде) ұлы Александр, 1972 жылы қызы Татьяна дүние есігін ашты. 1972-2004 жылдары қырманды басқарды. Бүгінде төрт жиені мен бір жиеншарының қызығын қызықтауда.

Шалева (Ендзик) Ольга Ильинична 1938 жылы Польшаның Лисковск ауданына қарасты Березка селосында туған. Донбасс қаласында шахтада, іле Чугуево қаласында су арнасының құрылысында еңбек еткен. 1958 жылдың маусымында комсомолдық жолдамамен тыңға келген. №4 бригадада (жетекшісі Игорь Чепуха) есепшінің көмекшісі, әрі қарай аспаз ретінде жұмыс істеген. Қыста мал шаруашылығына араласқан. №7 бригада құрылғанда аспаздыққа тағайындалған. 1980 жылдан зейнеттік демалысқа жеткен 1994 жылға дейін аға қоймашы лауазымын иеленген. Зейнеткер болса да, үйреншікті кәсібін тағы үш жыл атқарды. Қаратал ауылы Ольга Ильиничнаның екінші Отанымен тең. Отағасы Степан Петрович Шалевпен жарты ғасыр ғұмыр кешті. Үш қыз өсірді, он бір жиен көрді.

15 сәуірде мектебімізде тыңның 65 жылдығына арналған мерекелік шара ұйымдастырылды. Алғашқы тыңгерлеріміз, аға буын өкілдері, жоғарғы сынып оқушылары, мұғалімдер кездесуге шақырылды. Шара пердесі тың игеру тарихымен, дәуір шежіресінің суреті кескінделген слайд көрінісімен ашылды. Мектеп директоры совхоздың қалыптасу тарихына, аға буынның қажырлы ерен еңбегіне тоқталды. Өскелең ұрпақ тәрбиесінде үлкендердің алатын орнын жоғары бағалады. Тәрбие жұмысы бойынша орынбасар Г.А.Сағынбаева мен үйлестіруші Н.Е.Жақыпова ұйымдастырған шай дастарханында меймандарымыз ұстаздар мен шәкірттердің сұрағына жауап қайтарды. Ыстық ықыласқа толы еркін жүздесу кешімізге айрықша сән берді. Клуб меңгерушісі З.М.Альдиева басқаратын «Ивушка», Е.Е.Базыловтың жетекшілігіндегі «Әжелер» вокалды тобының әуендері, ән-күй сабағының мұғалімі М.К.Еламановтың жеке дауыстағы әні көңілімізді серпілтті, сахнамызға сән берді. Қоштасар сәтте мектеп әкімшілігінен салтанат меймандарына шағын сыйлық ұсынылды. Адалниетті еңбектеріңіз, туған жерге адалдық ниеттеріңіз үшін сіздерге көптен-көп рахмет, қадірлі тыңгерлер! Сіздердің еңбектегі ерліктеріңіз ұдайы патриотизмнің, рух беріктігінің, Қазақстанның әлеуетін нығайту, мәртебесін еселеу жолындағы кез келген қиындықты еңсеруге даярлық үлгісіне айналатын болады. Жерлестерге шын ниетпен денсаулық, бақ пен амандық тілеймін!

Ораз СЕТАЕВ,

Күншалған орта мектебінің директоры.